«Әйел өмірі бір статуспен өлшенбейді»: Күләш Ахметова

Oinet.kz 07-03-2024 949

Қазақ поэзиясында өзіндік назды, нәзік өлеңдерімен оқырман көңілінен терең орын алған ақын - Күләш Ахметова. Күләш апаның шығармашылығы жайлы Дулат Исабеков "…Күләш – қарындас ақын. Қазақтай қарға тамырлы халықтың өз тонның ішкі бауындай ерекше қастерлейтін бөлекше қимас жақыны қарындаста ғана болатын асыл қасиеттердің бәріне ие абзал жыр. Бақырмай сөйлеп, бажылдамай жылап, бажайламай базына айтатын бауырмал жыр. Оны оқығанда Қазанды алып, шаршысына толып келе жатқанда, қара орманнан айырылып, қанатынан қайырылып, қамауға түскен халқын көріп, еңіреген елін, есіреген жауын көріп, қанына қарайған, қаһарына мінген Қобыландының қарындасы Қарлығаштың назын тыңдағанындағысындай тал бойың еріп, тас жүрегің жібіп қоя береді",- дейді. Міне, осындай айтарын айқайламай жеткізетін, биязы, көркем мінезді Күләш апамызбен әйелдер мерекесінің қарсаңында әңгімелескен едік.

Screenshot_1.jpg

– Күләш апа, алда Халықаралық әйелдер мерекесі келе жатыр. Сізді осы көктем мерекесмен құттықтаймыз! Күллі ізгілік атаулысын тілейміз! Әңгіме әлқиссасын өзіңізді сағынған оқырмандар үшін хал-жайыңыздан бастасақ. Жағдайыңыз қалай? Көңіл күйіңіз қалай? Шығармашылық процесс қалай болып жатыр?

– Аллаға шүкір жағдайым жақсы. Аллаға шүкір етеміз, үміт күтеміз. Бүгінде Тараз қаласында, бұрынғы Әулиеатада тұрып жатырмыз. Алматыдан көшіп келгенімізге 10 жылдай болып қалыпты. Бұл менің төркін жұртым. Сол «елім, жерім» деп келдім. Өзімнің туған жерім Жамбыл облысы, Талас ауданы, Үшарал ауылы. Бұл жердегі туған-туыстың, алыс-жақынның, көзкөргендердің маған деген арақатынасы, көзқарасы, ілтипаттары жақсы. Сондықтан да болар, осы өлкеде мен тыныш, жайлы, жаймашуақ күндерімді сүріп жатырмын. Жарым Қайырбек Асанов пен ұлым Жарқын жанымда. Ал, қызым Жазира шетелде. Бәрі ойдағыдай. Жасым ендігі 80-ге келіп қалды. Дегенмен, қолға қалам ұстаған соң, жас санап, қол қусырып отырмаймын. Ендігі Алланың берген бүкіл нығметіне, ізгілік, игіліктеріне шүкіршілік етіп отырмын.

– Жақында 3 кітабыңыз жарыққа шыққанын айтып қалдыңыз. Сол еңбектер жайлы бірауыз айтып өтсеңіз...

– Иә, биыл «Отан», «Шын жүректен», «Қасиетті мекен» деп аталатын үш кітабым жарыққа шығып отыр. Оның екеуі Абай баспасында, үшіншісі Дәуір баспасында басылды. «Отан», «Қасиетті мекен» деген кітаптарымда аты айтып тұрғандай, елге-жерге деген махаббатымнан, азаматтық көзқарастарымнан туған өлеңдерім топтастырылған. Ал «Шын жүректен» деген кітабымда тарихи тұлғаларға, дос-жаранға, жақындарыма арналған өлеңдер арналған арнау өлеңдер бар. 

– «Жазушылық – бас тарта алмайтын қасиет, айналып өте алмайтын қасірет» дейді ғой Маркес. Сол қасиет пен қасіреттер қолды бір сілтеп, ақын боп туғаныңыз үшін жапа шектірген кездері болды ма?

– Менің олай жапа шеккен, өлеңге өкпе артқан кездерім болған жоқ. Алла не тағдыр берді, сол тағдыр біздің серігіміз болады. Әрине, өлең жазбай қойсаң да ешкім өкпелемейді ғой. Сенің шығармашылығыңда ешкімнің шаруасы жоқ. Ол деген жеке шаруа. Сол үшін де, құдайға шүкір ондай бір өлеңнен баз кешіп кеткен емеспін. Жазғым келген сәтте жазамын. Ал жаза алмаған сәттерде әйел адамның өлеңсіз де тірлігі жетіп артылады. Қызметі тағы бар. Әйел адамның өмірдегі орны – бір статуспен өлшенбейді ғой. Ана боламыз, әже боламыз. Оның үстіне халықтың қызы болған соң, иығыңа артылған жүк тағы да ауырлай түседі. 

Screenshot_2.jpg

– Сіздің ақиық ақын Мұқағали Мақатаев туралы біршама естеліктеріңіз барын білеміз. Оны жазып та жүрсіз. Ол кісімен алғаш кездескеніңізді айтып беріңізші. 

– Ол кісі – құйылып тұрған өлеңдей еді ғой. Сөйлегенде де сондай бір пафоспен сөйлейтін. Өлең деген – ол кісі үшін өте үлкен дүние болатын. Ол өлең жазғанда бәзбіреулер секілді ойланып-толғанып, қиналып отырмайтын. Өлең өзі түсетін секілді еді. Оның поэзиясы бүгінде қандай бағалы болса, келешекте де сол бағасын жоғалтпайтынына сенімдімін. Себебі, ол кісі – шынайы ақын.

Жазушылар съезіне деп барып, Алматыны алғаш көріп, аузым ашылып Алатауға қарап тұрсам, қонақ үйдің алдында Мұқағали ағай келе жатыр екен. Жанында фотограф бар. Сол жерде  бірер ауыз тілдестік. Ол кісі менің ақын екенімді білген соң «Жұлдызға» өлеңдерімді тастап кетуімді айтты...

 Енді біз ол кісіні жақсы аға тұттық. Ақындардың бәрін ұлы ақын дей беруге болмас. Бірақ бір ұлы ақын болса, соның бірі – Мұқағали ағай. Біздің үйдегі Қайырбек ағайыңыз да сол кісімен ылғи бірге жүрді. Лашын жеңгеймен де біраз араластық. Жалғыз ұлы Жұлдыз да әйелі Бақытгүлмен біздің осы Тараздағы үйімізге келіп тұрады. Жыл сайын Мұқағалидың туған күні қарсаңында шақырып жатса, елдегі әр өңірлерге барып тұрады. Аллаға шүкір Мұқағали ағайдың артында ұрпақ қалды. Жұлдыздан бөлек қыздары бар, Жұлдыздың балалары бар.

2021 жылы Мұқағали ақынның 90 жылдығына орай бір кеш өткізу керек, Жамбыл облысы неге еске алмай жатыр деп ойлап, осы жерде баспасөз хатшысы болып істеген Берік Уәлиді шақырып, осының мән-жайын айттым. Ол кісі қуанып кетті. Сол кезде осында бір себептермен Қалқаман Сарин деген ақын тұрып жатқан еді. Сол азаматқа хабарласып, үйге шақырып аталған кештің шаруасына кірістік. Кеш керемет өтті. Жұлдыз бен Бақытгүлді де шақырдық. Олар кеш үстінде бәріне рақмет айтып, өздерінің сый-сыяпаттарын тапсырып, ертесіне үйге келіп қайтқан еді.

– Сосын біздің жік-жікке бөлінуге құмарлығымыз бар ғой. Соның ішінде «Қыздар поэзиясы» деп өлеңді де жынысқа бөліп қарастыратынымыз бар. Әйелдер мерекесін арқау етіп, сіздің де осы қыздар поэзиясына қатысты пікіріңізді білсек деп едік...

– Ежелден-ақ қазақ қыздары айтысқа түсіп, топ жарып жүргені белгілі ғой. Менің әжем де ат жетер жердегі айтыстардың бәріне барып бағын сынап, қанжығасына байланған сыбағасын алып қайтатын болған екен. Әрине алдымен Алла береді ғой. «Өлең – Алланың сыйы» дейді. Дегенмен де менің бойыма сол әжемнің ақындығы дарыған да болар деп ойлаймын. Өлең деген – біздегі ештеңеге айырбастауға келмейтін ең қымбат қабілет қой. 

Ал, қазақтың қыздар поэзиясына менің көңілім де, көзқарасым да оң.  Жалпы поэзияның табиғаты ортақ. Қыз болсын, жігіт болсын бойына қабілет қонған соң, шамасы жеткенше жазады немесе суырып салады. Менің ақын қыздардың бәрімен дерлік қарым-қатынасым да, сыйластығым да өте жоғары болды. Мәриям Хакімжанова, Марфуға Айтқожина, Ақұштап Бақтыгереева, Қанипа Бұғыбаева, Зайда Елғондинова, Гүлсім Сейілжанова, Тұрсынай Оразбаева сынды көптеген ақын апайларыма, замандастарыма өлең арнадым. Ол кісілердің де маған ілтипаты бөлек еді. Олар да маған арнап талай жыр жазды. Біз өте тату-тәтті болдық. Біздің «қыздар поэзиясы» деп әдебиеттен бөлек отау құрғымыз келген жоқ. Қаламды жаңадан ұстаған кезімізде поэзиялық кештер өтіп жататын. Оған қыздар да, жігіттер де бірдей қатысатын. Өлеңдерін оқиды. Үйренетін жерде үйренеміз, тәлім аламыз. Кейде өзіміз де өлең оимыз. Сондықтан, қыздар поэзиясы – өзге ақындардан кемшін түспейді. Қыздар қаншама жақсы өлеңдер жазды. Фариза апамыздың өлеңдері не тұрады? Не деген даналық, ұлылық жатыр емес пе ол кісінің шығармаларында. Сондықтан да мен ақын қыздардың бәрін құрмет тұтып, хабарласып тұрдым. Әлі күнге дейін көңілім баяғыдай. Мен өзім Фариза апаның қарамағында, «Пионер» журналының редакциясында қызмет еттім. 

Айтпақшы, мен бұрынғы ақын қыздардың ішінен Ұлбике ақынның өмірбаян кітабын шығарған болатынмын. Сол Ұлбике Жанкелдіқызының ескерткішінің қойылуына, көшеге атының берілуіне де биліктегілерге өтініш айтып, бар қал-қадірімді салған едім.

Қазіргі қыздардың поэзиясына да мүмкіндігімше көз салып отырамын. Қазір де жақсы ақын қыздар бар. Енді оның бәрін  тарқатып айтып, жеке-жеке талдап оңай шаруа емес. 

– Былтыр Президент Қ.Тоқаев араға 24 жыл салып «Қазақстанның халық жазушысы» атағын қайта қайтарған болатын. Сіздің ойыңызша, бұл атақтардың қазіргі таңда бағасы қандай? Қайта қайтарудың қажеті бар ма еді?

– Иә, бұрын «Халық жазушысы» дейтін атақ болды, бірталай адам алды. Оны өздерің де білесіңдер. Бүгінде әртүрлі марапат, сыйлық, ордендер көп қой. Егер мен осы атақ қажет емес дер болсам, кезінде ала алмаған, алғысы оны қажет ететін кісілер болуы мүмкін. Бұл бір менің емес, жалпы қаламгерлердің алдына тасталатын, сауал секілді...

– Ақындардың алтыншы сезім мүшесі жайлы жиі айтылып жатады. Заманның, қоғамның жаныңызға қатты бататын тұстарын айтып ақтарылсаңыз...

– Қазақ – ежелден ақын халық. Небір дастандар, толғаулар, батырлар жыры, қиссаларды тудырған халық қой. Ақынжанды қазақ осы жүрісінен таңған емес. Әу демейтін қазақтың болмайтыны секілді, бір шумақ өлең жаза алмайтын қазақ та кем де кем. Сондықтан, өлең деген – өте киелі ұғым. Өйткені ақын – әлемдік жағдайларды, күллі адамзаттық жағдайды бәрін біліп отырады. Ақынның көзі – қырағы, ойы – ұшқыр, сезімі – сергек, айтары – айқын болады. Расында да, бүкілдүниежүзінің тыныштығын ойлап отырамыз. Алапат соғыстар, ашаршылық, нәубет, індеттерден іргеміз ада болса екен дейміз. Ақын – ақ тілеулі халық болады. 

Дүниені әлі де тыныш деп айта алмаймыз. Әлі де беймаза. Мен бір кездері біраз саяси өлеңдер жазған едім. Соның ішінде «Нейтрон бомбасына қарсылық» және «Сарыөзек сағыныш» деген поэмаларым бар. Ресейдегі зарарсыздандыруға қажетті ракеталарды Сарыөзек деген өлкеге әкеліп, зарарсыздандырып, жойды. Оны жойған күннің өзінде, халыққа зияны тиюі мүмкін еді. Ақын болған соң әлем жаңалықтарына бейжай қарай алмайсың. Әсіресе өз ұлтыңның тағдыры, тарихы, келешегі, тілдің жағдайы алаңдатады. «Халықтың салт-сана, жөн-жоба дәстүрі сақтала ма? Халықтың келбеті сақтала ма? Халықтың болмысы сақтала ма? Мына беталыс түбі қайда апарады?», деген сауалдар әрбір ақынның жүрегінде тұратыны – заңдылық. Ондай өлеңдерім де баршылық. Ол үшін ақынның өзін сөйлетпеу керек, жырларын оқу керек. Оның жырларында бәрі жазылып тұрады ғой...

– Уақытыңызды бөліп, әңгімелескеніңізге көп рақмет, Күләш апа!

Әңгімелескен Сезім МЕРГЕНБАЙ

Дәулетбек Байтұрсынұлы: «Түркіжұртында ғана «қара шаңырақ» деген түйсік бар»
Бекарыс Шойбеков, айтыскер ақын: «Айтыстан әркім өзінше идеологиялық құрал жасағысы келеді»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу