Аллаберген Жақсыбаев: «Мені құтқарған «Полонез»

Oinet.kz 20-04-2019 1221

Screenshot_18.jpg           

Өмірдегі ең қызықты кезеңнің бірі--студенттік  жылдар болар. Әрбір адамның өмірбаянындағы ұмытылмас осы бір кезеңнің қызығы да шыжығы да көп. Бірінші курста  «балмұздақ» атанып, екінші курста  университет қабырғасына бой үйретіп, үшінші курста  білім алудан ұйқыны артық көріп,  төртінші курста диплом деп бас қатырып жүретін қайран студенттік шақтар-ай! Үлкен өмірге аяқ басатын кезеңде  талай жастар болашақ өмірін айқындады, өмірлік жарын және достарын тапты!    Кейіпкеріміз--әнші Аллаберген Жақсыбаев қандай студент болды екен? Оны әншінің өзі баяндасын. 

Аллаберген Жақсыбаев - 1982 жылы Ақтөбе педагогикалық училищесінің музыка бөліміне қабылданған. Училищені  тәмамдаған соң  Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына  жеке дауыста ән айту бөліміне түскен.   Отапн алдындағы борышын атқарып жүргенде музыкалық қабілеті ескеріліп, Москва әскери округінің ән-би ансамблінің құрамында өнер көрсеткен.  Әскерден оралғаннан кейін  Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында оқуын жалғастырып, 1996 жылы аяқтап шыққан. 

Screenshot_16.jpg

Студенттік кезеңді еске алсам айтар әңгіме таусылмас. Училищеде оқып жүргенде баян аспабында ойнаудан қатты қиналдым. Баян – арнаулы аспап ретінде оқылатындықтан, оны білуге міндеттіміз. Адамның икемі болмаса игеріп кету қиын екен ғой. Бірақ ұстаздарым әншілігіме қарап бағаны үнемі көтермелеп қоятын. Абай атындағы педагогикалық университетке ауысқан кезде емтиханда баянда ойнау сынағынан сүріне  жаздағаным есімде. Емтихан тапсырып жатырмын. Бірінші сынақ ретінде баян аспабында бір шығарманы ойнап беруің қажет, ал екіншісінде мектеп репертуарына арналған ән орындайсың. Төрт бөлімнен тұратын «Полонез» шығармасы баянда  тәп-тәуір ойнай алатын жалғыз туындым еді. Бойымды билеген үрейді жасырып, сынақ алушылардың  алдына келдім де «Полонезді» ойнап бердім. Сол сәтте олар одан басқа шығармада ойнай алмайтынымды сезген де жоқ. «Ұстазым» деген әнді жақсы көруші едім. Екінші сынақта сол әнді шырқап бергенде, ұстаздар даусың, орындауың жақсы екен деп мақтай жөнелді. Жақсы бағаны алған соң емтиханнан өте алмай қаламын ба деген қорқынышым басылды әйтеуір. Алайда екінші курсқа өтер кезде тапсыратын емтиханнан көбірек қорықтым. Өйткені әрқайсымызға жеке тапсырма берген еді. Уақыт жетіп, сынақ тапсыратын кабинетке жәймен ғана кірдім. Байқап қарасам өткен жылғы ұстаздардың орнына басқа апайлар келіпті. «Сенің тапсырмаң қандай еді» дегенде мен қулыққа басып «Полонезді» орындап бердім. Екінші сынаққа да сол баяғы «Ұстазымды» шырқап, оңай құтылып кеткенмін. Үшінші, төртінші курстарға өтерде де жолым болып, емтихан алатын ұстаздар  ауысып, дәл сол шығармаларды қайталап орындап шықтым. Сөйтіп менің баян аспабындағы карьерам «Полонезбен» басталып «Полонезбен» аяқталған. 

Screenshot_15.jpg

Студент кезімде тағы бір қиналған сабағым ол тарих еді. Шыны керек, мектеп қабырғасында тарих пәнінен беретін апайымыз жарытып оқыта алмады. Белсенді оқушылардың бірі  ретінде мені ылғи тақтаға шығарып кітап оқытқызып қоятын. Сосын балалар түсіндіңдер ме деп сұрайды. Менің оқығанымды ешқайсысы миына тоқып алмаса да барлығы «ия» деп, қоңырауды асыға күтетін. Училищеде оқып жүргенде де апайымыз тарихты мардымды үйреткен емес. Осының кесірін университетке келгенде әбден тарттым. Емтиханда тарихтан бірінші, екінші, үшінші курста да өте алмадым. Қуандық деген мінезі, білімі керемет ағай сабақ беретін. Бір күні ағайға келдім де «ағай мен тарихтан мүгедекпін» деп едім, «Ол қандай сөз тағы» деді. Мен бар шындықты айтып бердім. Сонда әлгі кісі аудиторияны басына көтеріп айғайлап күлді де «күлейін бе, жылайын ба? Қазақтың ақжарқын ұл-қыздарын мектептен осылай жарымжан етіп шығарып отырған мұғалімдерді ату жазасына кесу керек. Сенің ашықтығың үшін тиісті бағаңды қойып берейін. Бірақ, балам, тарихты оқып жүргейсің» деген сөзі кеудемде әлі сайрап тұр.  

Студенттік кезеңнің ең қызығы--жатақхана. Училищеде 26 қыздың ортасында төрт-ақ ер бала оқыдық. Осының салдарынан болу керек жатақханада тұратын қыздарға әртүрлі себепті айтып, тамақтану үшін  қонаққа жиі баратынбыз. Құралақан бара бергеніміз ұят болар деп жиі-жиі бәліш пен қантымызды арқалап келеміз. Жұбайым Нұргүлмен де осы училищеде танысқан едім. Нұргүл және оның екі құрбысы группаның жігіттерімен жақсы араласты. Оларды өзге қыздар көре алмай, өздеріне күндес еткен жағдайлар да болды. 

Screenshot_17.jpg

Топтағы жігіттердің қалай ұрлық жасағанын айтып берейін. Біз училищенің жатақханасының шатырына шығуды армандайтынбыз. Себебі қай уақытта болса да  қыздармен кездесу үшін және оңаша қалуға ыңғайлы әрі тыныш орын еді. Ал шатырға шығатын есіктің кілті әрдайым комендантта болады. Бір күні ойласа келе  коменданттың үйіне барып кілтті ұрлап, көшірмесін жасатып, қайта орнына апарып қойдық. Осылай қыздарды кездесуге шатырға шақырып жүрдік. Біздің бұл құпиямызды ешбір мұғалім, басқа студенттер білген емес. Тобымызда қыздар көп болса да барлығына қарындасымыздай қарап жүрдік. Кейде тұрғылықты жігіттер жатақхананың ұлдарына тиісіп, әлімжеттік жасағысы келетін. Жатақхананың алдында талай рет төбелес те болды. Бір қызығы, жанталасып жергілікті орыстың жастарымен төбелесіп жатқанда терезеден қыздарымыз айғайлап қолдау білдіріп тұратын. Тіпті, кейбір еркекшора қыздарымыз бізбен бірге төбелестің ортасына кіріп кететін. Мәншүк, Зәуреш деген  «боевая» қыздарымызды жақында жолықтырып қалдым. Қазір үлкен қызмет  істейді екен. Университетте бірге оқыған Жанар Айжанова, Рамазан Стамғазиев, Мақсат Жүсіпәлиев секілді группаластарыммен әлі жағдай сұрасып, араласып тұрамыз. 

Жазып алған: Айнұр Оңғарбай

Көршім қайыр сұрауды бизнеске айналдырып алды
Біліп жүрші...
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу