Қасым-Жомарт Тоқаев: Құрылтай сайлауы тамызда өтеді
Елімізде Құрылтай сайлауы тамызда өтеді. Бұл туралы бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада ғалымдарды марапаттау салтанатында айтты.
-- Өтпелі ережелерге сай, жаңа Ата заң 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енеді. Сол уақытқа дейін негізгі заңдардың барлығы Конституция нормаларына сәйкестендірілуге тиіс. Бұл бағытта Парламент ауқымды заң шығару жұмысына кірісті. Депутаттар заң жобаларын мұқият әрі жедел қарастырады деп сенемін.
Мемлекет басшысы ретінде еліміз үшін елеулі оқиғалар туралы алдын ала ақпарат беру өте маңызды деп санаймын. Конституция күшіне енген сәттен бастап бір палаталы Құрылтай сайлауын өткізу жөніндегі Жарлыққа қол қоямын. Сайлау биыл тамыз айында өтеді.
Мұны әдейі ерте айтып отырмын. Өйткені партиялардың жоспарларын айқындап, сайлау науқанына дайындық жүргізуіне жеткілікті уақыты болуы керек. Осылайша, партиялардың сайлаушылармен тиісті жұмыс жүргізуіне бес айға жуық уақыт беріледі.
Құрылтай сайлауы Қазақстанның бүкіл саяси жүйесін жаппай «қайта құруға» жол ашады. Бұл ретте біз жүзеге асырып жатқан саяси және экономикалық реформалар қоғамдық сананың оң сипатта өзгеруіне әсер етуге тиіс. Мен мұның маңызы жөнінде бірнеше рет айттым,--деді Президент.


