Шегіркелерді жоюға заманауи технологиялар қолданылуда

Түркістан облысында биыл ерте басталған үйірлі шегірткеге қарсы күрес науқанында заманауи технологиялар кеңінен қолданылуда. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Сәкен Қаныбеков Келес ауданына барып, шегіртке зиянкестеріне қарсы күрес шараларында дрондар мен авиация көмегімен жүргізілетін өңдеу жұмыстарын көрді. Бұл тәсіл уақыт үнемдеп қана қоймай, нәтижелілікті арттыруға ықпал етуде. Жүргізілген шаралардың биологиялық тиімділігі 85-95 пайызға дейін жеткен.

Шегірткеге қарсы қолданылатын арнайы техникалар мен дәрі-дәрмектер мен зиянкестер шоғырланған ошақтарда жүргізіліп жатқан химиялық өңдеу жұмыстарын облыс басшысымен бірге те көрді. Жиынға аудан әкімдері және осы салаға жауапты тұлғалар, мердігер мекеме басшылары да қатысып, маңызды жұмыстарды пысықтады. Облыс әкімі жауаптыларға жұмысты сапалы әрі уақтылы атқаруды тапсырды.
– Шегіртке зиянкесіне қарсы күрес уақытпен санаспайтын жұмыс. Барлық шаралар дер кезінде және бірлесе атқарылса ғана нәтиже береді. Бұл – тек ауыл шаруашылығын қорғау емес, өңірдің экономикалық және экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі. Сондықтан іске формалды түрде қарауға жол берілмейді. Әрбір аудан, әрбір ауылдық округ өзіне жүктелген міндетті толық әрі сапалы орындауы тиіс. Біз нақты нәтиже көруіміз қажет. Ол үшін барлық ресурсты тиімді пайдалану маңызды. Техника жеткіліксіз болса толықтыру керек, маман жетіспесе тарту керек. Қажетті жағдайдың бәрін жасап, жұмысты тоқтаусыз жүргізу – басты талап. Уақыт жоғалтуға болмайды, – деді Нұралхан Көшеров.

Мамандардың мәліметінше, соңғы жылдары қалыптасқан құрғақшылық шегірткелердің жаппай көбеюіне қолайлы жағдай туғызып отыр. Осыған байланысты фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – өңірдегі негізгі міндеттердің біріне айналған. Химиялық өңдеу жұмыстары облыстың 11 ауданында 421,5 мың гектар аумақты қамтиды. Оның ішінде италиялық прусқа қарсы 4,9 мың гектар, азиялық шегірткеге 7,1 мың гектар, ал мароккалық шегірткеге қарсы 362,1 мың гектар жер өңделеді. Күрес шараларына жалпы 2 мыңнан астам адам жұмылдырылып отыр. Олардың қатарында фитосанитариялық инспекторлар, болжам орталығының мамандары, жергілікті әкімдіктердің қызметкерлері, ветеринария және табиғат қорғау саласының өкілдері, сондай-ақ уақытша жұмысшылар бар. Дайындық аясында штаб отырыстары өткізіліп, шегіртке таралған аумақтар 65 аймаққа бөлінді. 65 жұмыс тобы құрылды. Жедел штаб Келес ауданының Бірлік ауылдық округінде орналасқан.

Күрес жұмыстары тек химиялық өңдеумен шектелмейді. Агротехникалық шаралар да қатар жүргізілуде. Атап айтқанда, 2,2 мың гектар аумақта жер жырту жұмыстары жоспарланып, оның бір бөлігі орындалған. Бұл тәсіл зиянкестердің көбеюін 35-50 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ шегіртке дернәсілдерін анықтау мақсатында 1 миллион гектардан астам аумақта мониторинг жүргізілмек. Бұл алдын алу шараларының тиімділігін арттыруға бағытталған. Техникалық қамту да күшейтілген. Өңдеу жұмыстарына 400-ден астам жер үсті бүріккіш, ұшақтар мен ауыл шаруашылығы дрондары, 1 мыңнан астам аспалы бүріккіш қатыстырылуда. Сонымен қатар 72 су тасушы көлік пен 48 арнайы палатка қарастырылған.
Жалпы алғанда, Түркістан облысында шегірткеге қарсы күрес жүйелі түрде ұйымдастырылып, барлық қажетті ресурстар кезең-кезеңімен іске қосылуда. Ендігі міндет – әр аудан мен ауылдық округ деңгейінде жұмысты үйлестіріп, науқанды сапалы әрі мерзімінде аяқтау. Кешенді әрі үйлесімді шаралар нәтижесінде өңірдегі фитосанитариялық ахуалды тұрақты ұстап тұруға толық мүмкіндік бар.


