Перизат Қайраттан тәркіленген 80 миллиондық Mercedes астаналық полицейлерге берілді
Наурыз айының соңында Астана қаласының мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті Перизат Қайраттан тәркіленген 777KPK01 мемлекеттік нөмірлі 79,4 миллион теңгелік қара Mercedes-Benz S450 көлігін сату туралы хабарландыру жариялады. Аукцион 7 сәуірде басталған. Алайда оны сатып алуға ешкім ниет білдірмепті. Кейін көлік мемлекеттік органға берілгені анықталды.

Астана қаласының мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті Stan.kz сауалына аталған көлік Астана қаласы полиция департаменті балансына берілгенін мәлімдеді.
2024 жылы шығарылған Haval H6 GT автокөлігі де Астана қаласы полиция департаменті теңгеріміне берілді.
Айта кетері, Перизат Қайраттан тәркіленген құны 79 миллион теңге болатын Lexus LX 600 көлігі қаржы мониторинг агенттігі балансына берілген еді.
Қара түсті жол талғамайтын көлік 2025 жылдың қарашасында өткен аукцион қорытындысы бойынша мемлекеттік органға берілген. Автокөлік Перизат Қайраттың анасы Ғайни Алашбаеваның бауырының атына тіркелген.
Одан бөлек Перизаттан тәркіленген Mercedes-Benz EQE 500 4Matic көлігі бар. Алайда ол әзірге аукционға қойылмады.
Одан бөлек тәркіленген мүліктер:
Vela Village коттедждер қалашығындағы тұрғын үй;
Akbulak Riviera, Sensata Plaza, Highvill Ishim Gold, "Көк Жайлау" тұрғын үй кешендеріндегі пәтерлер, тұрақ;
“Rebel Flowers” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жарғылық капиталындағы 100% үлесі;
97 млн теңгеден және 22 мың доллардан астам ақша.
Ведомоство мәліметінше, үш көліктен басқа ешқандай мүлік қабылданбады және сатылмады.


