Сәкен Сыбанбай. Жұмбақ сәби

Oinet.kz 15-04-2019 969

Screenshot_6.jpg

Алматының іргесіндегі ауылда тұратын Айдар есімді жолдасымыз – жиі қонаққа шақырғыш, өте меймандос, елгезек, бауырмал жігіт. Қашанда қалжыңы қалтасына сыймай, өзі де күліп, өзгені де көңілдендіріп жүреді. Ал анасы қандай ақжарқын адам! Маңдайымыздан сүйіп, айналып-толғанғанда ауылдағы өз шешеміз есімізге түсіп, елжіреп кетеміз. Сол сағынышымызды сәл де болсын басу үшін бе, әлде қаланың шуынан демалуды аңсағандықтан ба, әйтеуір досымыз шақырғанда, қандай қауырт тірлігіміз болса да, сытылып шығуға тырысамыз.

Айдардың бұл жолғы қоңырауы бізді әжептәуір таңқалдырып тастады. «Сенбі күні келіңдер, менің ұлды болғанымды атап өтеміз!» деді ол. Әрине, сізді бұл сөз еш таңдандырмасы анық. Расында да, біреудің ұлды болғанында және оны атап өткенде тұрған не бар? Алайда бізді тосылдырар бір жайт бар еді: ол – Айдардың бойдақтығы. Салт басты жігіттің сәбилі болғаны қалай? Ойыны ма, шыны ма? Қалжыңбас екенін білеміз, бірақ мына әзілдің жөн-жобасы мүлде бөлек қой! Егер шын болса, ол баланың шешесі кім? Жасына жетпей домаланып, қарын байлап қалғанымен, досымыздың өзінің туа алмасы тағы белгілі.

Шыны керек, барғанша басымыз қатты. Ақыры күніне біреуді мазақ қылмаса мазасы болмай жүретін қыңырдың қырық өтірігінің бірі деп шештік. Жетіп жығылған соң да не болса соған сеніп қалғыш аңқаулығымызды аңғартпауға тырысып, бала туралы мүлде сөз қозғаған жоқпыз. Дастархан басында да елден ерек ештеңе естімегендей, баяғы еріккен әңгімені ермек қылып отырдық. Бірлі-жарым тост көтерілді, онда да апамыздың денсаулығы үшін, Айдардың сүрбойдақ деген абыройсыз атақтан құтылуы үшін алып, бәлелі әңгімеге қарай аяқ баспадық.

Бір кезде Айдардың өзі:

– Апа, мыналар әлі сенбей отыр ғой деймін, алып келіңізші, – деді.

Апамыз көрші бөлмеге кіріп кетті де, бәріміздің көзімізді бақырайтып қойып, құндақтаулы сәбиді алып шықты. «Мәссаған, безгелдек!» деп осындайда айтатын болар. Әзіл дегеніміз ақиқатқа айналды.

– Міне, менің ұлым. Аты – Олжабай, – деп қояды Айдар.

Баланы бәріміз айналдыра қарап шықтық. Тәмпіш танауы пысылдап, түк сезбей ұйықтап жатыр. Шамамен үш-төрт айлық. Түк түсінсек бұйырмасын!

...Сөйтсек, оқиға былай болыпты. Айдардың Санжар есімді ағасы бар-ды. Алматыдағы әжептәуір мекемеде басшы қызметте істейді. Өзі келбеті келіскен сылқым жігіт. Оның үстіне, әлгі сұлу көрсе буыны тез босайтындардың сортынан. Сол бір шөпжелкемен шатасып, оның соңы махаббат машақатына ұласып, аяғы ауырлаған қыз бұған «үйленейік» деп үйкелене бастайды. Сол кезде барып есін жиған, бала-шағасы есіне түскен сабаз біраз уақыт алдаусыратып жүріп, ақыр соңында отбасы барын айтып, ат-тонын ала қашады. Жасанды түсік жасатуға тым кеш болғандықтан, әлгі бейшара айы-күні жетіп, босанады да, перзентханадан шыққан соң, телефонын өшіріп қашып жүрген Санжарды іздейді. Сұрастыра келе мекен-жайын да тауып, нәрестені оның үйіне алып келеді. 

Санжардың үйінде сұмдық жанжал болады. Жеңгеміздің салған айғайынан кереге дірілдеп, терезе сықырлайды. Содан не керек, әлгі келіншек: «Мынау – сенің балаң! Өзіңе тапсырдым, не істейтініңді өзің біл!» – деп, сәбиді сол үйге тастайды да, тайып тұрады. Күйеуінің қайдағы біреуден көрген некесіз баласын қай әйел қабылдағысы келеді? «Бұл үйде не мен қалайын, не мына бәле қалсын!» деп жеңгей зіркілдейді. Ақыры дау біздің досымызға да жетіп, торғайдың балапанындай шырылдап, иесіз қалған бейкүнә шақалақты Айдар анасы екеуі ауылға алып келеді. Досымыздың аяқ астынан ұлды болуының сыры осы екен.

Уақыт-емшінің жазбайтын жарасы жоқ шығар, сірә. Кейін Санжардың әйелінің де ашуы басылып, шаңырақ шайқалмай, әйтеуір аман қалады. Бірақ ауылдағы үйге аса көп келе беруді қаламайды, құлдыраңдап шауып жүрген Олжабайды көріп, ойы санға, санасы санға бөлінетінін біледі. Жеңгейдің қас-қабағын бағуға мәжбүр боп қалған Санжар да қара шаңыраққа қарайлауға аса құлықсыз. Ал сәбидің туған анасы қайда – белгісіз. Сол кеткеннен мол кеткен. «Бүйткен өмірі құрысын!» деп, бұ дүниеден баз кешіп кетті ме, әлде бір жерде түк болмағандай түтін түтетіп отыр ма, кім білсін... Бұ күнде ештеңеге таң қалудан қалып барамыз ғой. Бірақ тірі болса, неге сәбиін іздемейді, қалайша оны есіне алмайды, сағынбайды, қалайша ет-жүрегі езілмейді – түсініксіз.

Олжабай сөйтіп Айдардың баласы болып кетті. Айтпақшы, «ұлды болғаннан» соң, арада бір жыл өткенде  досымыз үйленді. «Дені дұрыс жұрт алдымен әйел алып, сосын балалы болушы еді, сенікі керісінше кетті-ау!» деп қылжақтауды ұмытқан жоқпыз, әрине. Бағына қарай, келіншегі де бауырмал, түсінігі мол жан болып шықты. Олжабайды өз перзентіндей бауырына басты. Енді көп ұзамай өзі де ана атанбақ. Сол күні Айдардың ауылына шақырусыз-ақ шауып баратынымыз анық!  

Сәкен Сыбанбай. Өмірдің өзі – кино
Сағаділдә Үсіпәлі: «МузАрттың» тұсауы біздің тойда кесілді»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу