Енемнің екіжүзділігінен шаршадым
Өмірдің мәні бала емес пе?! Тұрмысқа шығар алдында менің армандарым өте көп еді. Ал қазір тек баламды аман-есен босанып, қолыма алу. Енемнің қатігездігінен екі баламды да тастап қойдым.
Сіздерге түсінікті болу үшін бәрін бастан айтып берейін.
Біз Мақсат екеуміз студенттік шақта таныстық. Жастық шағымыз қызық пен шаттыққа толы болды. Ата-анамыздың ақ батасын алып, некемізді қиып, отбасы құруды қаладық. Бірақ Мақсаттың анасы мені келіні ретінде қабылдауға түбегейлі қарсы шықты.
«Тең теңімен, тезек қабымен» деген ұстанымды мықтап ұстайтын енем бұл жолы да дегенін істеткісі келді. Мен ауылдын қарапайым қызымын, ата-анам да ауылда тұрады. Ал бұл енеме ұнамайтын. Бірақ Мақсаттың қайсарлығынын арқасында, анасын некеге келісуге көндірді.
Екі жақ бір-бірімен танысып, дүркіретіп той жасады. Мен сол сәтте әлемдегі ең бақытты қыз болдым. Бірақ бұл бақытым ұзаққа созылмады. Тойдан соң енем мені жақсы көреді деп үміттенгенімен, басында жақтырмаған адам соңына дейін жақтырмай кетеді екен. Әр ісімнен қателік тауып, отырсам опақ, тұрсам сопақ болып мені түрткілей берді.
Бұл әрекеттер маған тым қиын болды. Енеме жағу үшін бәрін жасадым, бірақ қабағы мүлдем ашылмайды. Тойдан соң біршама уақыттан кейін мен жүкті болдым. Мақсат екеуміз ата-ана атанатынымызға шексіз қуандық. Сол сәттегі қуанышымызды сөзбен жеткізу мүмкін емес.
Күнделікті Мақсат жұмысқа кетеді, мен үйде енем екеуміз қаламыз. Енем маған шәй мен тамақ бермей, үйдің бұрыш-бұрышын жуғызып әбден шаршататын. «Бала көтерген, түсіріп алуы мүмкін» деп ойланбайды, құлша жұмсайды. Осылай жұмыс істеп жүргенімде мен баламды түсіріп алдым. Сол сәтте қатты қиналдым.
Бірақ енем «ештене етпейді, өлмейсің» деп ұрсып тастайтын. Ол кісіге қарсы сөйлеу мүмкін емес еді. «Сен баламды дуалап алып, тұрмысқа шыққансын» деп әр сәтте айтып отырады. Ал үйде Мақсат болса маған сыпайы сөйлеп, «қамқорлық» көрсетеді. Енемнің екіжүзділігінен әбден шаршадым.
Бірінші баламды түсіріп алған соң, үш айдан кейін қайта көтердім. Бірақ бұл баламды да он екі апталығында тастап қойдым. Екінші баламды да тастап қою маған үлкен соққы болды. Күні-түні тоқтаусыз жылайтынмын. Енемнің сөзін де тыңдауға шамам жетпей, естен танып жыладым. Менің қатты қайғырғанымды көріп енемнің жаны ашыған болу керек. Қазір баяғыша дөрекі емес, көмектесіп, менің жағдайымды жасап жүр.
Мақсаттың қолдауымен мен бұл депрессиядан тез шықтым. Қазір үшінші рет жүктімін. Енді осы баламды аман-есен босанып алу менің басты мақсатым болды. Енем де немерелі болуды асыға күтіп жүр. Барлық қиыншылыққа толы күндерім артта қалып, бақыт пен қуанышқа бөленіп жүрмін.