Қаусаған бейтаныс шал (әңгіме)
03-11-2023
1989 жыл. Мәскеуде ВГИК-тің суретшілер факультетінде оқып жүрген кезім. Бір қыз суретімді салып бер деген соң танысуға тура келді. Түрі қазаққа ұқсайды, аты орысша. Ұлтың кім деп сұрадым. Қыз ұлтын айта алмады, күлді. Ұлтың кім деп қайта сұрадым. Қыз ұлтының кім екенін айтпай тек күлумен болды. Мен ұлтың кім деген сұраққа неге күлгенін білгім келіп, үшінші рет сұрағанымда ғана әлгі қараторы әдемі қыз "чукча" деді. "Чукча" деді де, менің көзіме қарап қайта күле бастады. Қыздың күлкісі шын күлкі емес еді. Қалай деп айтсам, бұл күлкі бір қор болған, мазаққа көніп, аяққа тапталған жасқаншақ адамның күлкісі еді. Қыз менен көзін алмай менің де күлуімді күтті. "А, чукча ма?" деп қарқылдап күлуімді күтті.
Мен күле алмадым, керісінше ыза болдым. Әлгі чукча қызын аяп кеттім. Менің ыза болғаным, бүтіндей бір ұлттың ақымақ анекдоттар арқылы аяққа тапталуына ыза болдым. Үлкен ұлттың саны аз ұлтқа көрсетіп отырған зорлығы, озбырлығы еді бұл.
Бір ұлтты ақымақ санап, сол арқылы өзіңнің ұлтыңды көтеру, біреуді мазақтау арқылы өзіңді одан жоғары сезіну.., бұдан оңбаған арзан амал бар ма екен.
Мен бұл көргенімді неге айтып отырмын? Соңғы кезде "қу найман" деген түсінік қалыптасып барады. Интернетте де көп анекдоттар, видеороликтер жарияланатын болды. Тіпті теледидарда арзан, дарақы ток-шоуларда "қу найман" көрсетіле бастады. Мұндай анекдоттарды қиыстырып, видеороликтер жасап, ғаламтор бетіне жариялап, "қу найман" дегенді тыққыштап жүргендер кімдер? Іштен шыққан жау ма? Жоқ әлде сырттан от көсеп отырған жәдігөйлер ме? Наймандарды қу қылып көрсету кімге тиімді?
Қазақтың ұлт боп қалыптасуына көп үлес қосқан, тарихы тек батырлық пен ерлікке толы, қазақ елінің бір қанаты, бір іргетасы үлкен Найман руын "қу найман" деп, төмендетіп, аласартып сол арқылы ұпай жинамақшы боп жүрген қай алаяқтар?
Қазақ қырық рудан құралған. Бүгін бір руды "қу" деп атаса, ертең тағы бір руды шатақ іздейтін "гангстер" ру деп шығар?! Одан кейін тағы бір саны аз руға басынып, "ақымақ ру" деп ат қояр? Анекдоттар ойлап табар... Бір қарағанда, "Өй, онда тұрған не бар, қалжың емес пе" деп қол сілтей салатын нәрсе сияқты. Жоқ, жігіттер олай емес. Бұрынғы замандағыдай бір-екі адамның арасында болатын әзіл-қалжың емес, қазір интернет заманы. Жаман ат, жаман лақап бір секундта бүкіл әлемге жайылады. Қазақ руларына жаман ат қою індеті бір кірсе қайтадан шығару оңайға соқпайды.
Мысал керек пе?
Жұмыс бабымен бір орыс жігіті келді. Қазақ досы үйленіп жатқаны туралы сөз болды. Мен құттықтадым. Менің құттықтауыма ол: "Не стоит поздравлять. Он женился на найманке..." деп күлді.
Байқаған шығарсыздар, найман жігіті мен қыздарының бейнесі қай жаққа өзгеріп бара жатқанын. Тіпті орыс жігітінің наймандар туралы айтып тұрған сөзі анау. "Қу найман" деген жаман сөз, жүрген жеріне шөп шықпайтын қу, залым адамның образын көрсетеді.
Бұл кімге керек? Ертең қазақтың найман атасынан тараған қыз-жігіттері жұмысқа, қызметке орналасқан кезде "қу найман" тағы алдынан шықпай ма? Әлгінде әңгіме еткен чукча қызы сияқты осы жаман ат оларды жерге қаратпай ма? Руын айтып алып, елге жалтақтап, жасқаншақтап жер болып күлмей ме?
Түсінген қазақ болса бірәз нәрсе айтылған сияқты. Қу да, залым да, сатқын да әр ұлтта да бар, әр руда да бар. Соңдықтан бір руға немесе бір ұлтқа "қу, "ақымақ" деген ғайбат атақтарды жапсыруға болмайды.
Қалжың бір рет айтылса-қалжың, екінші рет айтылған қалжың қалжың емес, ал одан көп рет қайталана берсе, ол қалжың емес, мазақ! "Қу найман" деген сөз тіркесі енді қалжың емес, мазаққа айналып бара жатыр. Мұны тоқтату керек.
Ендігі менің айтатыным, мұндай дерттің алдын-алу үшін ғаламторға, теледидар немесе баспасөз беттерінде, қазақ руына қатысты арандату анекдоттарды жіберген, ғайбат видеолар таратқандарға шара қолданылса. Бірінші рет ескерту, екінші рет айыппұл, үшінші рет осындайға барса қазақ ұлтына іріткі салушы ретінде қылмыстық жауапкершілікке тартылса.
Дана қазақ "Мешкей деген ат жақсы емес" деген. Тағы "Болар елдің баласы бірін-бірі батыр дейді, болмайтын елдің баласы бірін-бірі қатын дейді" деген. Аталарымыз мұны интернет жоқ кезде-ақ айтып кеткен. "Біріңді-бірің сыйласаң, жат жанынан түңіледі", мұны да айтқан атам қазақ.
Қабдырахман Отарбай