Нұрай Серікбайды өлтірді деген күдікті «псих» болып шықты
Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша жаңа жайттар белгілі болды, деп хабарлайды politico.kz.

Жәбірленуші тарап күдіктіге қатысты сараптамалардың нәтижесіне күмән келтіріп, істің әділ қаралуын талап етіп отыр.
Марқұмның туыстарының айтуынша, күдікті Шерхан Аймаханға жүргізілген медициналық тексерудің алдын ала қорытындысында оның психикалық жағдайына қатысты өзгерістер бар екені көрсетілген. Осыған байланысты жақындары оның жауапкершіліктен жалтаруы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
Марқұмның ағасы бұл жағдайға қатысты алаңдаушылығын ашық жеткізді:
«Жалған анықтама жасатып, жазадан құтылып кетуі мүмкін деп қорқып отырмыз. Бірінші, Шымкентте қаралған болатын. Анықтамада “психикалық ауытқу байқалған” деп жазып берген. Біз оған сенбей, Алматыдан сараптама талап еттік. Күдіктіге ол жақта осындай анықтама берді», — дейді ол.
Сонымен қатар ол күдіктінің шын мәнінде дені сау адам екенін алға тартып, сараптама қорытындысына күмән келтірді.
«Шыны керек, бұл жерде симуляцияның максималды белгісі көрініп тұр. Өйткені, күдікті – кәдімгі ортада өмір сүріп жүрген, “сау адам”. Естігенім бойынша, қазір ол Шымкентте емес, Талғардағы психикалық емдеу орталығында», — деп қосты марқұмның ағасы.
Қазіргі уақытта іс бойынша тергеу жалғасып жатыр. Жәбірленуші тарап істің ашық әрі әділ қаралуын талап етуде.


