Машкеевичтің мұрагерлері белгілі болды
Қазақстандық миллиардер Александр Машкевичтің қаржылық активтері оның отбасы мүшелеріне өтті. Бұл туралы Orda порталы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми хабарламасына сілтеме жасай отырып хабарлады.

Агенттіктің шешімімен бизнесменнің жесірі Лариса Машкевич пен қыздары Анна және Алла Машкевичтер «Еуразиялық банк», «Еуразиялық Капитал» және «Еуразия» сақтандыру компаниясының ірі жанама қатысушылары мәртебесін алды. Осылайша, Машкевичтің қаржы секторындағы үлестері тікелей оның отбасының бақылауына өтті.
Машкевич көзі тірісінде «Еуразиялық қаржы компаниясының» 33 пайыз акциясына ие болған. Сонымен қатар, Eurasian Resources Group құрамындағы үлесі 20,7 пайызды құрады. Қазіргі таңда ERG-тің негізгі акционері — Қазақстанның Қаржы министрлігі (40%). Ал 20,7 пайызы Шухрат Ибрагимовтің отбасына, 18,6 пайызы Патох Шодиевке тиесілі.
Агентіктің мәліметінше, активтерді беру туралы шешім заң талаптарына сәйкес қабылданған. Үлестер марқұм кәсіпкердің жұбайы мен екі қызына рәсімделді.
Айта кетейік, Александр Машкевич 2025 жылдың 22 наурызында ұзаққа созылған аурудан кейін қайтыс болды. Ол Қазақстандағы ең ықпалды кәсіпкерлердің бірі саналып, 2023 жылы елдегі ең ықпалды 50 бизнесменнің рейтингінде алтыншы орынға ие болған еді.
Оның қайтыс болуынан кейін ERG серіктестері арасында корпоративтік дау туындады. Атап айтқанда, Патох Шодиев пен Шухрат Ибрагимов «Еуразиялық қаржы компаниясын» бақылау мәселесі бойынша сотқа жүгінген. Ибрагимов директорлар кеңесінің отырыстарын бірнеше рет бұғаттаса, Шодиев кеңес шешімдерін жарамсыз деп тануды талап еткен.
Дегенмен, ERG өкілдері бұл дау компанияның негізгі өндірістік қызметіне қатысы жоқ екенін мәлімдеді.
Сондай-ақ, бұған дейін, 2025 жылдың қаңтарында Машкевичтің Қазақстандағы бірқатар компаниялардағы үлестері Дубайда тіркелген Central Asian DMCC құрылымына өткені хабарланған болатын.


