Полицейлер дүкенге ұрлыққа түсіп, ақша мен азық-түлік ұрлаған күдіктіні ұстады
Келес аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Ер адамның айтуынша, оның азық-түлік дүкеніне сағат 19:30 шамасында белгісіз біреу кіріп, азық-түлік заттары мен кассада тұрған 20 000 теңге ақшасын жымқырып кеткен. Жәбірленушіге келген шығын көлемі 300 000 теңге. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алды.
Тәртіп сақшылары хабарлама келіп түскен бойда оқиға орнына жетті. Олар ұрлық қылмысын ашу мақсатындағы қажетті шараларды жүзеге асырды. Жақын аумақтарды түгел қарап шығып, бейнебақылау камераларын тексерді. Нәтижесінде күдіктінің бұрын сотты болған, жергілікті тұрғын екені анықталды.
Анықталғандай күдікті ер адам мас халде болған. Ол тас жол бойында орналасқан асхананың терезелерін бұзу арқылы дүкенге кірген. Сезікті бөтеннің мүлкін ұрлап, қажеттілік үшін бас пайдасына жаратып жіберген. Қазіргі таңда ер адамға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері ұрлық қылмысының алдын алу үшін, сауда орындарына, ғимараттарға, үйлеріңізге бейнебақылау камералары мен дабылқаққыштар орнатуға кеңес береді. Егер де, сіз, ұрлық қылмысының куәсі болсаңыз, полицияның 102 нөміріне хабарласыңыз.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі