Полицейлер құны 2 000 000-ға жуық теңгенің темір контейнерін ұрлаған күдіктіні ұстады
Түркістан қалалық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Ер адамның айтуынша, оның өзі жұмыс жасайтын мекеме аумағында тұрған темір контейнерді белгісіз біреу ұрлап кеткен. Келтірілген шығын көлемі 2 000 000-ға жуық теңге. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алды.
Тәжірибелі тәртіп сақшылары хабарламаны естіген бойда оқиға орнына жетті. Олар жақын аумақтарды түгел қарап шығып, көрген-білгендерден сұрастыру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде ұрлық қылмысына қатысы бар жергілікті тұрғын екені белгілі болды.
Анықталғандай, күдікті жас жігіт осы мекемеге жақын жердегі фирмалардың бірінде күзетші болып жұмыс жасаған. Ол күнделікті өтіп жүргенде фирмадағы контейнерге көзі түскен. Сезікті ұрлаған бөтеннің мүлкін сатып, ақшасын қажеттілік үшін жаратып жіберген. Қазіргі таңда оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Өз кезегінде Түркістан облысының полиция қызметкерлері тұрғындарға тұрғын үйлерге, ғимараттарға, мекемелерге, дүкендерге бейнебақылау камералары мен арнайы дабылқаққыш орнатуға кеңес береді. Егер де, сіз, ұрлық қылмысына тап болсаңыз немесе куәсі болсаңыз полицияға хабарласыңыз.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі