Ғашығының сиырын сатып жіберген
Ғашығының сиырын сатып жіберген күдікті бас бостандығынан шектеу жазасына тағайындалды деп хабарлайды rgmedia.kz.
Келес аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Әйел адам өз арызында жақын танысының жеке мүлкін иемденіп алғанын көрсеткен. Яғни жәбірленуші жайылымда мал бағатын танысына 1 бас сиырын сеніп тапсырған. Алайда бақташы азамат өзіне сеніп тапсырылған өзгенің малын сатып жіберген. Жәбірленушіге келтірілген жалпы шығын көлемі 200 000 теңге. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 189-бабы 1-бөлігі «Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу» бойынша тіркеуге алды.
Полиция қызметкерлері орын алған қылмысты ашу мақсатында жедел іздестіру шарасын ұйымдастырды. Осы қылмыстық іс бойынша жергілікті тұрғын анықталып, аудандық полиция бөліміне жеткізілді.
Анықталғандай, күдікті ер адам жәбірленушінің жасырын ғашығы болып шықты. Оған жәбірленуші сиырын сеніп тапсырған. Алайда күдікті сеніп тапсырылған мүлікті сатып, бас пайдасының қажеттілігі үшін жаратып жіберген. Күдіктіге қатысты жинақталған материалдар заңды шешім қабылдау үшін аудандық сотқа жолданды.
Нәтижесінде, Келес аудандық сотының үкімімен ұсталған ер азамат ҚР ҚК-нің 189-бабы 1-бөлігі «Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу» бойынша кінәлі деп танылып, оған 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі