Екі балаға аяусыз қорлық көрсеткен өгей әкеге сот кешірім берді
Шығыс Қазақстан облысында ер адам өзімен бірге тұратын келіншектің екі баласына қорлық көрсетті деп айыпталып, тергеуге алынған, деп хабарлайды Oinet.kz ақпарат агенттігі.
Шығыс Қазақстан облыстық сотында екі бірдей балаға қорлық көрсеткен ер адамның ісі қаралып, дәлелдердің жеткіліксіздігінен күдіктіге кешірім берілді. Бұл туралы желідегі "Немолчиkz" парақшасы жазған болатын.
4 жастағы қыз бен 9 жастағы ұл өгей әкесінің құрбаны болған. Қызды ағасының көзінше қорлап, ұлды ит қораға қамап қойған. Артынша күдікті балаларды қорқытып, бұл туралы ешкімге айтпауларын бұйырған. Алайда 9 жасар ұл бұған шыдамай, хат жазып, үйінен қашып кетеді. 10 күннен кейін қыз да болған оқиғаларды айтып береді.
Іс сотқа дейін барғанда, ер адам кінәсінің барлығын мойындапты. Қазір экспертиза қорытындылары бар. Алайда, күдіктінің кінәсі дәлелденіп келе жатқан кезде ол мақты қорғаушы жалдап, айтқан сөздерінің барлығынан бас тартып шыға келген. Алқабилер сотының шешімі бойынша ер адам 16 жылға бас бостандығынан айырылғанымен, апелляциялық сот күдіктіні ақтап шыққан.
Облыстық прокуратура күдіктіні ақтау шешімімен келіспей, қайта шағымданған.
Оқиғаға қатысты Шығыс Қазақстан облыстық соты түсініктеме берді. Олар заң аясында шешім шығарылғанын жеткізді.
- Қылмыстық іс алқабилердің қатысуымен жабық сот отырысында қаралды. Үкім әлі заңды түрде күшіне енген жоқ, - дейді облыстық соттың баспасөз қызметі.