Сәтбаевтағы оқиға: полицияның педофилді үйінен қалай алып шыққаны белгілі болды

Oinet.kz 01-08-2020

Ішкі істер министрлігі Сәтбаев қаласында бес жасар бүлдіршінді ұрлау оқиғасына қатысты тың деректерді жариялады. Құқық қорғаушылар 23-24 шілде күні болған қылмыстың хронологиясына арналған видеосюжет жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасаған Oinet.kz сайты. 

14374605.jpg

Оқиғаның хронологиясы

23 шілде күні сағат 21.00-де Сәтбаев қаласының полициясына бес жасар қыздың жоғалғаны туралы хабар түсті. Бүлдіршін ата-анасымен бірге Жезқазғаннан Сәтбаев қаласына туыстарының үйіне келген. Сол кезде оны далаға ойнауға жіберген. Қараусыз қалған қыз жоғалып кетті. Туған-туыстар мен көршілер жарты сағаттай өздері іздеп көрді. Бір жерде ойнап жүр деп ойлады. Бірақ бүлдіршінді таба алмады. Содан ата-анасы полицияға хабар берген.

Осыдан кейін полиция бөлімінің барлық қызметкері аяғына тір тұрды. Кішкентай қыздың жеке мәліметтері жан-жақты таратылды. Іздеу шаралары басталды.

Бүлдіршіннің жоғалғаны туралы ақпарат әлеуметтік желілер арқылы жылдам тарап кетті. Іздеу шараларына еріктілер мен қарапайым тұрғындар қосылды. Барлығы аула, иесіз қалған үй, жертөле, шатыр, күл-қоқыс жәшіктері, қаланың шеті және тағы басқа жерледі тінтуге кірісті.

Полицейлер бейнежазбаларды қараған кезде жоғалған қызға ұқсас кішкентай баланың көппәтерлі үйдің кіреберісіне кіргенін көрді. Содан тәртіп сақшылары әрбір пәтерді қарап шығуға шешім қабылдайды.

Қарағанды облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Ернат Қалиақпаровтың айтуынша, пәтер иелерінің барлығы бірдей есікті ашпады. Ал заң бойынша есікі сындыруға болмайды.      

"Иә, іздеу шаралары кезінде кейбір пәтердің есігі жабық болды, иелері ашқан жоқ. Заң бойынша біз әрбір есікті бұзып, кіре алмаймыз. Себебі қылмысқа қатысы жоқ тұрғындардың тыныштығы бұзылады", - дейді Қалиақпаров.

Қызды қалай тапты

Бір пәтердің иесі есікті ашқысы келмеген. Ер адам полицияның әрекетіне ашуланып, "ұйқы бермейсіңдер" деп ұрсып тастайды. Бірақ полицейлер есікті ашуды талап етті. Иесі мазасызданып жүргенін барынша көрсетпеуге тырысты. Жедел топтың өкілдері болса, бірден тінту шараларына кіріседі. Біршама уақыттан кейін кіреберісте тұрған еріктілерді шақырды. Олардың біреуі қызды тығып қойған бөлмеге бірінші болып кірген.  

"Подъездің ішінде тұрған кезде тәртіп сақшылары еріктілерден үш-төрт "гражданский" кірсін деді. Сосын қызметкерлердің артынан мен де кірдім. Маған тіке тұрған есік жабық тұрғандықтан, мен сол есікті аша берген кезде үй иесі ол жаққа болмайды деп, менімен бірге кірді. Тахта-диван тұр екен. Сол тахтаға барып, ашайын деп жатқанда жаңағы жігіт келіп, аяғын тіреп қойды. "Нельзя!" деп, ашуға болмайтынын айтты", - дейді ерікті Батырбек Көбенов.

Диванды көтергенде ішінде кішкентай қыз жатты. Үйдің иесі оны скотчпен байлап, диванның астына тығып қойған.   

"Бала өте әлсіз, дәрменсіз күйде болды. Талып қалуға жақын тұрды", - дейді арнайы жасақтың инспекторы Талғат Жолдинов.

Күдіктіні бірден құрықтады. Ал қыздың табылғанын естіген халық қол шапалақтай бастады. Осы орайда полиция департаменті бастығының орынбасары Ернат Қалиақпаров желіде тараған бір ақпаратты жоққа шығарды.

"Жоғалған қыз алғашқы тінту кезінде табылды. Желіде "күдіктінің пәтеріне екінші рет тінту жасалғанда ғана табылды" деген ақпарат тарап жүр. Ол шындыққа жанаспайды", - дейді Қалиақпаров.

Бүлдіршінді дәрігерлерге берді. Ал күдіктіні үйден шығару қауіпті болды. Себебі далада жиналған адамдар ашу-ызасын жасыра алмады. Олар күдіктіні өздері жазаламақ болған.

Күдіктіге арнайы жасақтың киімін кигізді

Көппәтерлі үйдің алдында мыңдаған адам жиналды. Барлығы жәбірлеушіні беруді талап етті. Олар үйдің барлық кіреберісін жауып тастады. Ішінде мас күйінде келгендер де болды. Полицияға қарсы шығуға үндеді. Тәртіп сақшыларына тас та атылды.  

"Оны жиналған халық арасынан шығарған жағдайда адамдар түгін қалдырмайтын еді, өлтіріп тастайтын еді. Өйткені халық ашынып кетті, өз эмоциясын бақылай алмады. Біз екі қабатқа жоғары көтеріліп, оған арнайы жасақтың киімін кигізуге шешім қабылдадық", - дейді Жолдинов.

Полицейлер халықты барынша сабыр болуға шақырды. Соған қарамастан, ашуға мінген адамдар күдіктінің пәтеріне кіріп, астан-кестенін шығарды. Біршама уақыттан кейін құқық қорғаушылар тәртіп бұзушыларды далаға шығарып, кіреберісті жауып тастады. Сол кезде полицейлер екінші қабаттағы көршінің пәтері арқылы күдіктіні үйдің артқы жағынан шығарып алды. Сөйтіп, қаланың сыртына апарып тастады.

15 адам ұсталды

Күдікті табылмағаннан кейін бұзақылық басталды. 24 шілдеге қараған түні Сәтбаев қаласында тас-таяқпен қаруланған жастар бес жасар қызды зорлады деген күдікпен ұсталған адамды жазалаймыз деп,  полиция ғимаратына кіруге әрекеттенген. Бәрін қиратып, айтарлықтай материалдық зиян келтірді.

"Олар қақпаны, ауладағы орындықтарды, қаза тапқан полиция қызметкерлеріне арналған ескерткішті, полиция ғимаратының аумағындағы шамдарды, терезелердің әйнектерін сындырған. Сондай-ақ, сыртқы бейнебақылау камералары мен қызметтік автокөлік бүлінген", - дейді полицейлер.

Бүгінде Қылмыстық кодекстің үш бабы ("Бұзақылық", "Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру", "Құқық қорғау органы қызметкерінің өміріне қол сұғушылық") бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі уақытта бұзақылық әрекеттерді ұйымдастырушылар мен белсенді қатысушылар анықталып, ұсталды. Уақытша ұстау изоляторына 15 адам қамалды.

Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 90 мыңнан асты
Президенттің әйелі коронавирус жұқтырды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу
×