«Әйелі мен екі қызын тірідей өртеген»: БҚО-дағы сұмдық қылмыстың беті ашылды (фото)
2020 жылдың 8 сәуірінен 9-на қараған түні Батыс Қазақстан облысы Тасқала ауданындағы жекеменшік үй отқа оранып, үш адамның мәйіті табылды. Тексеріс барысында келіншек пен кәмелетке толмаған екі қызды үйдің отағасы тірідей өртеп жібергені белгілі болды. Ал жақында қос бүлдіршінімен бірге аса қатігез күйеуінің қолынан қаза тапқан әйел жайлы тың ақпарат шықты деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Тасқала ауданын ғана емес, күллі Қазақстанды дүр сілкіндірген оқиғаның мән-жайын журналист Гүлмира Әбіқай "Уральская неделя" басылымына сілтеме жасап баяндады.
"Ақтау ауылының сыртында жаңа қазылған үш төмпешік пайда болды. Ортасында анасы, қос жағында екі қызы. Үшеуін де өз күйеуі, өз әкелері тірідей өртеп жіберген. Жылдар бойы қаскөй күйеуінен таяқ жеп келген әйел. Талай рет ферма жаққа апарып, жалаң бас, жалаң аяқ әйелін көлігімен қуып, электрошокермен күйдіріп, ата-анасы мен қыздарының көзінше өлермен қылып сабаған азамат - Серік Хафизов",- деді ол.
Журналистің сөзінше, отбасының бұл жайынан екі жақтың құдалары, ауыл әкімі, шаруа қожалығы басшылары, учаскелік полиция, ауылдастары, достары - бәрі хабардар болған.
"Бірақ, ұят болады бәрінен жоғары. Былтыр марқұм Жадыраның "Енді күйеуімді кешірмеймін, ажырасамын! Маған өлімнен басқаның бәрін жасады" деген жанайқайы да елеусіз қалды. Міне, сол ұят боладының соңы қайғылы оқиғаға әкелді. Жадыраның әпкесінің айтуынша, "Серік алдымен әйелін орнынан тұра алмастай өлімші қылып ұрып, сосын үйді айналдырып, бензин құйып (екі қызының үйде екенін біле тұра) өртеген. Жадыра, Айша, Инабат... Алдымен, Жадыраның денесін шығарды, жанына екі қыздыкін қойғанда жаназаға келген еркектерге дейін дауыс шығарып жылағанын өздері айтуда. Бұл өлімге бәріміз кінәліміз дейді ауылдастары",- деп түйіндеді Гүлмира Әбіқай.