«Оны қалай төлейді?»: Нығматулин халықты ойламайтын шенеуніктерге шүйлікті

Oinet.kz 15-04-2020 1644

Мәжіліс депутаттары ауылдардағы телефон байланысы тарифінің екі-үш есеге өсуіне себепші болатын заң жобасын сынға алды. Депутаттар ауылдарда байланыстың әмбебап қызметтерін субсидиялауды алып тастау нормасына қарсы шықты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

image.png

Бүгін мәжілістің жалпы отырысында бизнес ахуалды жақсарту мәселелеріне арналған заң жобасы қаралды. Құжатты талқылау барысында ауылдардағы телефон байланысының тарифі қозғалды. Заң жобасында елді мекендерде байланыстың әмбебап қызметтерін субсидиялауды алып тастау көзделген. Мәжілісмендер бұл ұсынысқа қарсы шықты.

- "Шынын айту керек, қазір ауыл емес, қаланың өзінде интернет нашар. Оны жақында бәріміз де көрдік. Жасыратыны жоқ, бүгінгі күні көптеген ауылда бір ғана сапалы байланыс бар, ол телефон. Қазір оған ауыл тұрғындары айына 670 теңге төлейді. Ал субсидия алынып тасталса, бұл сома екі-үш есеге өседі. Халық оны қалай төлейді? Неге оны ойламайсыздар?", - деді мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин.

Айтуынша, үкімет ұсынған норма 630 мың абонентті қамтиды, бұл ауылдардағы барлық абоненттің 98%-і.

- "Монополист тарифті көтеруге мәжбүр болатыны түсінікті. Бұл тұтынушылар үшін байланыс қызметінің қымбаттауына әкеп соғады. Осының салдарынан ауыл тұрғындары жалғыз байланыс көзінен айырылуы мүмкін, өйткені оларда басқа балама коммуникация құралы жоқ", - дейді төраға.

Нығматулин мәселені шешудің екі жолын көрсетті.  "Қазақтелеком" өз табысынан ауылдағы байланысты өзі субсидиялауы тиіс немесе мемлекеттік бюджеттен субсидиялауды сол күйі қалдыру керек.

Спикер үкімет пен "Қазақтелеком" АҚ-ға ауыл тұрғындарының қалтасына салмақ түсірмейтін шешім қабылдау қажет екенін айтты.

Коронавирус: Қостанай облысында бір науқас көз жұмды
Коронавирус: Елімізде жұқтырғандар саны 1275-ке жетті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу