Өзінің 20 сиыры бар ауыл тұрғыны біреудің 11 сиырын ұрлады
Алматы облысында малшы жайылымда жүрген 11 сиырды қолды қылған.
Аталған дерек биыл 16 наурыз күні Ақсу ауданының полициясында тіркелді. Полицияның кезекші бөліміне Жаңалық ауылының тұрғыны 11 бас ірі қарасының қолды болғанына арызданған, деп хабарлайды zakon.kz.
Тәртіп сақшылары іздестіру барысында тек үш сиырды тауып, заңды иелеріне қайтарды. Барымташы өз сиыры ретінде бергеніне сенген қарыз берушілер сегіз сиырды сойып, олардың етін сатып жібергені анықталды. Ең қызығы, өзгенің малын ұрлап жүрген барымташының өз иелігінде 20 сиыры бар екені анықталды.
"Бұл қылмыстың екінші жағы бар. Мал иелері өздерінің жиған-тергенін біреуге тапсырып, бақылаусыз қалдырады. Осыған орай, барлық тұрғындарды өз малдарына мұқият қарауға және мал ұрлығының алдын алу шараларын қабылдауға шақырамыз", - деп толықтырды майор Алмас Сыдықов.Аталған қылмыс бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті азамат уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды.Алматы облысы ПД баспасөз қызметі