Бауыржан Ибрагимов Иманғали Тасмағамбетовтың бірінші дұшпаны не екенін айтты

Oinet.kz 02-02-2020 11939

Кезінде ел ықыласына бөленген "Бауыржан шоу" театрын құрған танымал актер Бауыржан Ибрагимов жақында ғана зейнетке шыққан Иманғали Тасмағамбетов туралы өз ойын білдірді. Бұл туралы ол журналист Аман Тасығанға берген сұхбатында айтты деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі. 

Screenshot_10.jpg

Сұхбат барысында Бауыржан Ибрагимов билік Иманғали Тасмағамбетовты зейнетке жібергеніне өкінішін білдірді. Себебі, Иманғали Нұрғали қазір нағыз бабында, жұмыс істейтін шағында екен. 

- Мен Имекеңді өте жақсы көрем. Оның азаматтылығын, іскерлігін, ұлтқа деген, мемлекетке деген, Елбасыға адалдығын. Мен ойлаймын, мемлекетке әлі Имекеңнен көп нәрсе алуға болар еді. Ол қазір нағыз жұмыс істейтін шағында. Меніңше Иманғалидің ең бірінші дұшпаны - оның іскерлігі. Иманғалиды қайда қойса да ол үлгі тұтатындай қылып жұмыс істейді. "Әдейі көрінейін, мені біреу мақтасын" деп істемейді, өзінің жаратылысы сондай адам. Ол жатпайды, тұрмайды, тоқтамайды. 

Ол Атырауда әкім болған кезде қасында 1 жыл жүрдім. Бірде ол маған: "Менімен бірге түнде шығасың ба?" деді. Мен "ия" дедім. Содан екеуміз шықтық. Имекең рөлге отырды. Үстіне спорттық киім киіп алған. Екеуміз таңғы сағат 4-тен бастап қаладағы бүкіл нысандарды араладық. Атырауда күн ыстық. Жол салу секілді жұмыстарды адамдар түнде істейді. Имекең бәрін аралап, таңғы сағат 7-де келіп душқа түседі де, әкімдікке қарай кетеді. Орынбасарлары, түрлі жұмысқа жауапты адамдар жиналған кезде сұрақты үсті-үстіне қойып жандарын шығарады. Өйткені, ол бәрін аралап, өз көзімен көріп келген соң бүкіл мәліметке қанық. Ол сөйтіп жұмыс жүргізетін адам. Осыдан халық арасында әңгіме шығады. "Ой, айналайын, Имекең болашақ Президент қой" деп. Бұл әңгіме жоғары жаққа басқаша жетуі мүмкін. "Әне, анау осылай істеп жатыр. Одан абайлау керек-ау" деген секілді әңгіме болуы мүмкін. Мен өзім Имекеңе дұшпандар осылай кесірін тигізді-ау деп ойлаймын. Әйтпесе, Иманғали расында қазағым деген азамат қой, - деді Бауыржан Ибрагимов. 

Еске сала кетейік, Иманғали Тасмағамбетов өткен жылдың соңында 63 жасқа толған соң көп ұзамай зейнетке шықты. 

Ол 1956 жылы қазіргі Атырау облысы, Махамбет ауданы, Новобогат ауылында туған. 

1979 жылы Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінен түлеп ұшқан. Мамандығы – география және биология пәнінің мұғалімі. Ең бірінші жұмыс орны – өзінің ауылындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебі. Кейін сол Махамбет ауылындағы орта мектепте география және биология пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеген. 

Иманғали Тасмағамбетов Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ең алғашқы көмекшілерінің бірі. Ол 1993 жылдан 1995 жылдар аралығында президент көмекшісі, 1998-1999 жылдары президенттің бірінші көмекшісі болды. 

Өзінің саяси мансабында Білім және ғылым министрі, Қорғаныс министрі, Президент әкімшілігінің жетекшісі, Мемлекеттік хатшы, үш рет әкім және төрт рет әртүрлі премьер-министрлердің орынбасары, бір рет премьер-министр қызметін атқарды. Соңғы атқарған қызметі – Қазақстанның Ресей федерациясындағы төтенше және өкілетті елшісі.

Қытайлық дәрігерлер коронавирустың өкпеге тигізер зиянын көрсетті (фото)
Шетелдік дәрігер буын алмастыру отасын жасады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу