Қытайға қызметтік іссапарлар шектелді
Жер әлемді толғандырған мәселе аз болмауы мүмкін. Бірақ қазіргі кезде өзектісі Қытайдан тараған кеселдің алдын алу. Дүние жүзі секілді Қазақстан да коронавирус эпидемиясынан қауіптеніп, сақтық шараларын нығайтуға кірісті.
Бұған Үкімет жанынан құрылған ведомствоаралық комиссия жауапты. Кеше вице-премьер Бердібек Сапарбаев төрағалық ететін комиссия отырысы өтті. Онда кеселдің жолын кесуге бағытталған қосымша қорғану шаралары қабылданды.
Бұған дейін Үкімет басшысы министрлерге атқарылуы тиіс бірнеше міндеттер жүктеген. Соның негізінде мемлекеттік шекарадан өткізу бекеттерінде санитарлық-эпидемиологиялық және көші-қон бақылауын күшейту, Қытайдан келген барлық адамға тұрғылықты мекен-жайы бойынша медициналық бақылау орнату, ауруханалардың дайындығын қамту тапсырылды.
Сондай-ақ аспанасты еліне қызметтік іссапарларды шектеді.
Ең бастысы, Қытайдан келетін транзиттік жолаушыларға ел аумағына 72 сағаттық визасыз келу режимі және «Қорғас» орталығының қазақстандық бөлігінің жұмысы уақытша жабылды. Ақпанның бірі мен үшінде Қытаймен арадағы әуе, теміржол қатынасы да уақытша тоқтайды. Кешеден бері автобуспен қатынау тоқтады.