Ерлан Малаев: «Бәйтерек» бөлінбейді!»

Oinet.kz 19-04-2014 1452

Screenshot_7.jpg

- Сіздер осы Шымкентке жиі-жиі келесіздер. Келмесін деген сөзіміз емес, сұрайын дегеніміз, астаналық көрермендермен оңтүстік көрерменнің айырмашылығы байқала ма?

– Көрермен қай жерде де – ұлы мәртебелі көрермен ғой.  Қалибек Қуанышбаев  театрының тарихы  20 жылдан аспайды. Бірақ, осылайша ел аралап жүргеннің арқасында біраз аймақтарда танылып, мойындалдық. Бұл жолғы сапарымызда сахнаның шымылдығын Ш.Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» қойылымынан бастап, М.Әуезовтың «Абай» спектаклімен аяқтадық. Театр сүйер жұрт жақсы қабылдаған секілді. Кезінде мұндай күнге жету арман секілді еді. Себебі, театр жаңа ашылған сәтінде Астанадан көрермен табу қиын болған. Жергілікті тұрғындардың басым бөлігі орыстанып кеткендіктен, қазақ  театрына  қызыққандары шамалы еді. Өтірік айтып не ғылайын, театр залына көрермендерді мәжбүрлеп отырғызған кездерімізде болды. Ал қазір әр қойылымға сын көзбен қарайтын тұрақты көрермендер баршылық.  

– Қатардағы жұрт сізді «Бәйтеректің» әншісі ретінде біледі. Эстарданың жазылмаған заңы бойынша, кез келген топтар көп уақытқа созылмай жатып тарап кетуші еді. Кейінгі кезде көп көрінбейсіздер, «Бәйтерек» бөлінгелі жатқан жоқ па?

– «Бәйтерек» бөлінбейді. Елдегі концерттерден қалмай қатысып келеміз. Сұрауы жоқ топпыз деп айта алмаймын. Әсіресе, астаналық тыңдарман арасында айтарлықтай орнымыз бар. Халық бізді іздеп, жиі жиі тойларға да шақырып тұрады. Өткен жылы  10 жылдық кешімізді өткіздік. Осы уақытқа дейін драмалық қойылым ретінде көрерменге ұсынылып келген «Қозы Көрпеш Баян Сұлу» спектаклін біз алғаш рет сахнада мюзикльге айналдырдық. Бұл Нұркен, Сайлау үшеуміздің әншілік пен актрелік қабілеттерімізді ұштастырған дүние болды. Қазір топтың үшінші күйтабағын дайындап жатырмыз, екі бейнебаян түсірдік. Өзімнің жеке күйтабағым да дайын. Бірақ, бұл «еншісін алып, бөлек кеттіпті» деген сөз емес.

– Шетелде эстрада топтарының табысы жарияланып тұрады. «Бәйтеректің» табысы қаншалықты?

– Ол жағын айтпай-ақ қояйын. Бірақ аса көп емес. Салық орындары бәрін біледі.   

– Салық демекші, жаңа бір сөзіңізде тойларға шақырып тұрады дедіңіз. Әрине, қазақтың тойы әнші-бишісіз өтпейді ғой. Сондықтан болар, әншінің сый -ақысыда арзан емес. Сіздер сол тойда жүріп тапқан табыстан салық төлейсіздер ме?

– Төлеймін десем, бәрі бір  сенбейсіздер ғой…

– «Бәйтеректің» әндері жастардың талғамына сай келеді. Ал, сіздер қырықтың қырқасына жетіп қалдыңыздар. Қазіргі шақта жас болу оңай емес шығар, а?

– Шынында да барлық әндеріміз жастардың көңілінен шығуда. Өзіміздің «ай-хай жиырма бесті» жиі жиі сағына бастағанымыз рас. Уақыт бәрібір өз дегеніне салады екен. Бірақ, көңіл шіркін, соған сенгісі келмейді ғой, әлі жас.  

– Нағыз жас кездеріңізде Астананың теміржол вокзалын түнеп жүрді дегенді естіген едік. Қазір Құдайға шүкір, әр қалада бір бір коттедждеріңіз бар шығар?

– Біз, Нұркен, Сайлау үшеуміз Астанаға 1997 жылы келдік. Ол кезде Астана әлі Ақмола болатын. Қазіргі сол жағалаудың өзі тұрмақ, аты да жоқ кез. Жат қала, айналаның бәрі орыстар, қазақша сөйлесең ешкім жауап бермейтін. Қонақ үйдің саны екеуден аспайтын. Оның өзінде орын жоқ. Сол кездері біз нағыз жалындаған жас едік. Жасырып не керек, баратын жер таппай, вокзалда түнеген күндерміз де болды. Жатақхананың бір бөлмесінде  театрдың түгел ұжымы  тұрған кездер де өтті.  Тәубә дейміз. Астанамен қатар бізде өстік, бізде жетілдік. «Қазір соншама үйім бар» деп айту әбестік шығар, бір Алланың бергенін қанағат етіп  жүрміз. 

– Қоғамдық көлікке соңғы рет қашан мінгеніңіз есіңізде ме? Сіздерде жолақының құны қанша?

– Автобуспен жүрмегеніме он жылдай болып қалды-ау. Жолақының қанша теңге екенін білмеймін.   

– «Жайдарманның» қазылар алқасының қатарынан түспейсіз. Қалжыңбастардың қағытпаларынан қажыған шығарсыз?

– «Жайдарманның» қазылар алқасының құрамына кіргеніме сегіз жыл болыпты. Сіз сұрамасаңыз, мұны есептемес еді. Ал, әзілкештердің маған жиі тиісетіні рас. Бастапқыда біртүрлі ыңғайсызданатынмын. Кейде шектен шыққан сөзде де айтылады. Жүре жүре етім үйреніп кеткендей. Қазір қандай қалжың болсын мән бермеймін. 

– Қолыңызда «айфон» бар екен. Уақытыңыздың бәрі әлеуметтік желіні қараумен өтетін шығар?   

– Фейсбук», «инстаграм» және «твиттерге» қосылғам. Күніне жарты, бір сағаттай кіріп, жаңалықтарға көзімді жүгіртіп өтемін. Өте қолайлы әрі пайдалы. Әр нәрседен хабардар болып жүресің.  

– Ал балаңыздың сабағына қанша уақыт көңіл бөлесіз? 

– Үлкен ұлым шаңырақ көтеріп қойған. Тығыз шаруалар болса да, кенже баламның сабағын бір мезгіл қадағалап тұрамын. Үйде болмасам,  телефонмен сабағының оқыған-оқымағанын сұрап жүремін.

– «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері және «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерісіз». Осы атақ-даңқтан пайда көрдіңіз бе?

– «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын былтыр президенттің қолынан алдым.  Бұл өнерге сіңірген  еңбегімнің өтеуі деп білемін. Мемлекеттің осылайша бағалап, ескеріп жатқаны әрине, жақсы. Қазақ атақ-абыройға бір табан жақын ел. Марапаттың, атақтың жұмыста болсын, өмірде болсын тигізер пайдасы, ықпалы бар. Жоқ деп айта алмаймын. Бірақ,  халықтың ықыласын онымен салыстыра алмайсың. Халық сеніміне ешбір атақ теңеспейді. 

Шымкентте мұнай өңдеу зауыты жұмысын тоқтатты
JAS OTAN» ЖҚ «JASTAR - OTANGA!» 2025 жылға дейінгі бағдарламасын түсіндіру және талқылау жұмыстарын
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу