Шымкентте мұнай өңдеу зауыты жұмысын тоқтатты
Кешеден бастап республикада мұнай өңдейтін үш зауыттың бірі - қытайлар иелік ететін «Петро Казахстан Ойл Продактс» компаниясының Шымкенттегі мұнай өңдеу зауыты жұмысын тоқтатты. Біржолата емес, бір айға. Кәсіпорын 19 қазан-19 қараша аралығында күрделі жөндеуден өтеді.
- Жоспарлы жөндеу жұмыстарын жүргізу Мұнай және газ министрлігімен алдын ала келісілген,--дейді аталған компанияның баспасөз қызметі. Мұнай өңдеу зауыттарының жыл сайын бір айға жөндеу жұмыстары үшін тоқтауы бұрыннан қалыптасқан жағдай. Шымкент мұнай өңдеу зауыты бір айлық «демалысын» жылда қазан айының басында алатын. Алайда ішкі нарықта «АИ-92» бензиніне деген тапшылыққа байланысты ол екі аптаға кейін шегерілген еді.
Кәсіпорын мамандарының айтуынша, жөндеу жұмыстары зауыттағы қондырғылардың жыл бойы тоқтаусыз әрі сапалы қызмет етуі үшін қажет. Ал, республикада жанар-жағармай өндіретін алып кәсіпорынның уақытша тоқтауы ішкі нарықтағы бензин бағасына қаншалықты әсер ететіні белгісіз. Десек те, халыққа уәде беруден шаршамайтын Мұнай және газ министрлігінің бір ойлағаны бар шығар.