«Алдараспан» көрермендерін алдауға көшті ме?

Oinet.kz 18-12-2014 1316

1-сәуір – Күлкі күні. Қылжақбас құрдастардың қалжыңның тізгінін жіберетін, бір-бірін әзілмен алдау арқылы күлкіге кенелетін  күн. Әсіресе, әзілқойлардың асыға күтетін, ерекше дайындалатын мерекесі. 

image.png

Оңтүстік өңірі әзілкештерден кенде емес. Бүгінде сахнаның төрінде жүрген әзіл-сықақ театрлары көптеп саналса, соның басым бөлігі осы оңтүстіктен түлеп ұшқан өнерпаздар. Айталық, қайсыбір жылдары айы оңынан туып көрерменнің көзайымы болған «Бауыржан-шоудың» негізін қалаған Бауыржан Ибрагимов, «Мафия мен тақияны» өмірге әкелген Жанатбек пен  Сәбит те жерлестеріміз. Тіккен отауы облыста болса да республика көрермендерін мойындатқан «Шаншардың» шымкенттік театр екенін екінің бірі біледі. «Шымкент-шоудың» Шымкенттікі екенін атының өзі айтып тұр. «Нысананың» жігіттерінің де негізгі құрамы «техастықтар». «Шаншардан» енші алып, өз алдына жаңа театр болып құрылған «Алдараспан» да «made in Ontystik». Республика бойынша тұңғыш рет мемлекеттік әзіл-сықақ театрын Шымкенттен ашқан да біз болдық. Әзілге жаны құмар оңтүстік өткен жылы әлем әзілқойларының басын Шымкентте қосып, халықаралық деңгейдегі фестиваль ұйымдастырды. 

Сатира жанрын қалай өркендету жағын  жан-жақты зерттеп жазған журналистика саласындағы атақты Темірбек Қожакеев «сатира –күштілер қаруы» деп айтып кеткен еді. Қазір сол қаруды әзілкештеріміз қалай пайдаланып жүр? Өкінішке қарай, көрермендерін қарабайыр сөздермен қытықтағандай етіп күлдіріп немесе оғаш қимылдарымен езуіне күлкі үйіруден аса алмайтындар азаймай отыр. Онысына олар ұялатын емес, марқаятын секілді. «Шаншарда» бағы ашылған Туканың, яғни Нұржан Төлендиевтің өнер атты айдынға  алып шыққан «Алдараспан» театрының  біз көрген соңғы қойылымы осындай ойға қалдырды. Жылына бір жылт етіп көрініп қоятын, кейде мұны да ұмыта бастайтын «Алдараспан» сықақ театры биылғы жаңа бағдарламасын көрермен талқысына ұсынуды Шымкенттен бастады. «Алдараспан» жоспарға сәйкес қатарынан үш күн бойы көрермендерімен екі реттен қауышуы керек еді. Үшінші күнгі қойылымның екінші сеансына арналған билеттер сатылмады. Сұраныстың болмауынан. Менің де Тука – Нұржан Төлендиев дүниеге алып келген алдараспандықтардың ұзақ уақыт бойы дайындаған бағдарламасына көңілім толмағанын жасыра алмаймын. Шымкенттік көрермендерді «төменгі сорт» санады ма, әйтеуір көз алдымда жас баланы кәмпитпен алдағандай көрініс тұрып алғандай болды. Неге дейсіз ғой, айтайық...

Біріншіден, екі сағаттан астам уақытқа созылған бағдарламада жаңа екі қойылым, бір пантомима, яғни мән-жайды қимылмен ұқтыратын көрініс қана ұсынылды. Үшінші қойылым, яғни безбүйрек ұлдың әкесін санаторийге әкелдім деп алдап, қарттар үйіне тастап кеткендегі қариялардың аянышты халі жалпы алғанда сәтті шыққанында талас жоқ. Бірақ, оны көрермендер «Хабар» арнасында ұйымдастырылған «Ду-думан» бағдарламасының қорытынды концертінен әлдеқашан тамашалап үлгерген. Сол концерттің ертеңіне-ақ ұрлықы жолмен жазылған жабайы дискілер базарларды жаулап алған-ды. Былайша айтқанда, оны көрмеген көрермен бірен-саран. Сол «танымал» болған қойылымын қайталап ұсына салды. Осы қойылымнан кейін де қарттар жайлы азырақ толғана келіп, ерлі-зайыптыларға қатысты шариғаттан мысалдар келтіріп, жұртты бір күлдіргеннен кейін ел асыға күткен «Алдараспанның» концерті тәмам болды.       

Екіншіден, танымал, сүйіп тыңдайтын әншілердің өнеріне қарық боламыз деген дәмеміз әдірем қалды. Сахнаның сәніне айналған танымал әншілерге «құда түсу» «алдараспандықтардың» қалтасына тиімсіз екені түсінікті. Қаржы мәселесін қозғауымыздың себебі де жоқ емес. Өйткені, «Шаншарда» жұптары жарасып, сол жарасқан күйі «Алдараспанның» уығын қадасып, шаңырағын көтерісе білген Жұлдызай да Төлендиевтің тобынан кеткенде негізгі реніші қаржыға қатысты екенін баспасөз беттерінен оқып қалдық. Туканың жанындағы тағы бір жұбы жазылмастай болған Еркебұланды да көрмегенімізге көп болып қалды. «Алдараспанның», дәлірегі Нұржан Төлендиевтің көздегені не екенін көрермендер түсінбей жүр. 

Мұрағаттан: 28.03.2013

Тоқаев Тасмағанбетовті қызметінен босатты
«Сайрам-Өгем» табиғи паркінде тазалау жұмыстары жүріп жатыр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу