«Ақиқат пен шындық сөздің жебесі» - Есенқұл ақынның шығармашылығына арналған кеш өтті

Oinet.kz 26-12-2024 66

Биыл өз есімін сөз өнері мен саз өнерінде қатар қашап қалдырған ақын Есенқұл Жақыпбектің туғанына 70 жыл толған болатын. Ол – халық ауыз әдебиетінің небір жауһарымен ауызданып, айтыс пен жазба поэзияда өзіндік почеркін өрген ақын.

Screenshot_1.jpg

Міне, жыл қорытындыланып жатыр. Ал біз өлеңдерінен өз тағдыры мен ұлт тағдырының зары есіп тұратын ақынның биылғы мерейтойын өз деңгейінде тойлай алдық па? Әрине, ақынның бағасын халқы әлдеқашан беріп-ақ қойған. Тіпті, елден бұрын ақын өз бағасын өзі-ақ айтып кеткен секілді.  

Біздің елдің жігіттері – жігіттердің төресі,

Солар жайлы ағайын-жұрт, не білесің сен осы?

Олар жайлы айтылмайды биік-биік мінбеден,

Өйткені олар – ақиқат пен шындық сөздің жебесі.

Есенқұл – атын ұлықтауға, өтірік мақтау мен көлгір естеліктерге зәру емес. Оның әнге айналған туындыларының әрқайсы-ақ ел жүрегінде сайрап тұрғаны хақ. Алайда ақынын сағынған халық мерейтойы қарсаңындағы әдеби-мәдени кештерде жырларын оқып, әндерін шырқап бір мауқын басатыны болушы еді. Осыдан он шақты жыл бұрынғы мерейтойы қарсаңында ақын Жанарбек Әшімжанның Есенқұл туралы терең толғаныспен жазылған мақаласы жарық көрген болатын. 

«Миығына мың қатпарлы сыр жасыра жүріп, әнтек жымиып қойып, өн-бойыңа жылы ағыс құятын, айдың арғы бетіндегі әлдебір тылсым әлемді алпыс екі тамырыңда ойнатып, өзі өмір сүрген уақыттың ұршығын азаматтық, әлеуметтік, лирикалық кеңістікте еркін иірген Есенқұлдай ақын санаулы һәм некен-саяқ. Әдетте, ақын-жазушының мерейтойы қарсаңында әріптестері жылы лебіз білдіріп, шығармашылығын қопарып, аршып, талдап, баға беріп жатады. Әрине, бұл адамгершілік-кісілік, сәулелі тұстарды көру тұрғысынан тәуір қадам. Жұмыр басты пенде болған соң, оның үстіне талантты шығармалар жазып жүрсең, маңайыңнан жылы сөз күтетінің де даусыз. Есенқұл ағамыздың шығармашылығы туралы тіршілігінде мақалалар аз жазылған жоқ және көп те жазылған жоқ», деп еді сонда ақын. Расында ендігі амалдың бәрі адамгершілік пен кісіліктің ғана өлшемі болар, сірә.

Screenshot_2.jpg

Жуырда Түркістан қаласында, Конгресс-холл көпсалалы кешенінде «патшадан да паң, кейде үнсіз ғана көздің ыстық жасы боп ағып түскен өнер иесінің» шығармашылығына арналған «Өмір өтті зырғып ағып» атты музыкалық-поэтикалық кеші өтті. 

Ақынның болмысын өз туындылары арқылы көрерменге паш етіп, басынан өткен жақсылы-жаманды күндерге ескерткіш қою арқылы, арқалы ақынның шығармашылығын халқымен табыстырған кештің иелері Асқар Кенехан басқарып отырған Конгресс-холл кешенінің ұжымы болатын. Атап айтсақ, «Жаңа леп» ұжымы ақын шығармашылығынан құралған қойылымның композицияларын сахналады. Әрине Есенқұл сынды ақынның шығармашылығы – халықтың мәдениеті мен рухани байлығын танытудың бірден-бір көзі. Ал ақынның поэзиясы мен әндерін көрерменге эмоцианалды және терең әсерлі түрде жеткізу осы ұжымдағы актерлер мен әншілерге артылған жүк болатын. Қойылымның композициясы ақынның басынан кешкен қилы күндері арқылы өрбиді. Әр блок түрлі сахналық шешімдерімен ерекшеленеді. Әсіресе, поэзия құдайын кейіптеу, лэд экранның ойнаған маңызы, реквизиттер сынды сахна декорациясындағы сәтті үйлесімдерді айтып өткен жөн.

Ақынның шығармашылығы – тек сөз өнері ғана емес, әрқилы эмоциялар мен адамзаттың ішкі әлемінің көрінісі. Оны көрерменге жеткізу барысында «Самғау» би ансамблінің де рөлі ерекше болды. Олар ақын шығармашылығын визуалды түрде көрермен жүрегіне жеткізуде ерекше әсер сыйлады. Өнер, әсер хақысында сөз қозғаған кезде музыканың атқарар айрықша рөлін ештеңе көлегейлей алмайтыны тағы бар. Бұл қойылымды түрлі аспаптар арқылы әсерлі әуезбен сүйемелдеген «Алқоңыр» фольклорлық ансамблі болатын. 

Спектакльдің режиссері – актер, Мәдениет саласының үздігі, «Алматы Мюзик» театрының жетекшісі Тасболат Омаров. Ал көркемдік жетекшісі – әнші, Конгресс-холл кешенінің қызметкері Нұрдәулет Аққұл. 

Режиссердің айтуынша музыкалық қойылым Есенқұл Жақыпбектің шыр етіп өмірге келгенінен бастап, өмірінің бүкіл кезеңін қамтиды. 

– Инсценировка авторы, ақын шығармаларын таңдау, сұрыптау, кезектестіру шаруаларын том-том кітаптарын ақтарып, оқып жүріп жасады. Қойылымда өз шығармалары арқылы ақынның толық биографиясын қамтуға тырыстық. Есағаның дүниеге келгеннен бастап, ақындыққа бет бұрғаны, ол ақындықтың қайдан келгенін, бозбала шағына, есейген кезіне арқау болатын туындыларын таңдадық. Ақын болып қалыптасқан соң, шығармаларын баспа беттерінде жариялау, Жазушылар Одағына өту сынды өмір жолында кездескен қиындықтарын бере алдық деп ойлаймын. Есенқұлдың айтыстан алыстап, жазба поэзияға қайта оралған кезіндегі бастан кешкендерін де сыйдырдық. Соңында өз орнын тауып, халқына танылған шағында сүйекке біткен өнері поэзияға, төбесіне көтерген халқына білдірген алғыс, лебізін де суреттедік. Мұның бәрі ақынның өз өлеңдері мен әндерінде-ақ менмұндалап тұр, - дейді режиссер. 

Screenshot_3.jpg

Сонымен қатар Тасболат мырза қойылым көрерменнің көңілінен шыққанын айтады.

– Әрине, ақын шығармашылығы бүгінгі құндылықтары ауысып бара жатқан қоғам үшін баға жетпес рухани байлық болары сөзсіз. Көрермен жақсы әсер алған секілді. Конгресс-холл ұжымына аталған спектакльді тағы да қоюға ұсыныс жасап жатыр екен. Мұның өзі жаңадан құрылып, тынысын ашып келе жатқан жас ұжым үшін үлкен жетістік деп ойлаймын, - деді Т.Омаров.

Қазақ әдебиеті қара өлең жазатын ақынға да, қара сөз жазар жазушыға да кенде емес. Жылдық жоспарларда мүйізі қарағайдай қаламгерлердің мерейтойын тойлау мәселелері еніп жататын. Алайда көркемдік жетекшінің айтуынша Есенқұлдың мерейтойына арналған үлкен шаралар ұйымдастырылмаған.  

– Өздеріңіз де білесіздер биыл Есенқұл Жақыпбектің туғанына – 70 жыл. Өкінішке қарай, ақынның мерейтойы өз деңгейінде аталып өтпеді. Үлкен шараларды көзіміз шалмады, естімедік. Жалғыз білетініміз ақынның туған күні қарсаңында, өз ауылдастары Ұзынағашта ас берген екен. Аталған аста ауыл адамдары ақынның өлеңдерін оқып, әндерін шырқаған. 

Міне, сол үшін ақынның шығармашылығын құрметтеген соң, өзіміз де өнер адамы болған соң қол қусырып отыра алмадық. Басты себептердің бірі осы болды. Ақынның поэзиясынан бөлек, әндерін қазақтың біртуар азаматтары орындап жүр. Мәселен Мейрамбек Беспаев «Өмір өтті зырғып ағып», Тұңғышбай Жаманқұлов «Өнер адамы», Бекжан Тұрыс «Алдай-ау, алдай, алдай-ау» әндерін әлі күнге дейін орындп жүр. Сөздері сүйектен өтетін, жүрекке жетіп бірақ жығылатын туындылардың авторының шығармашылығын насихаттау – біздің азаматтық парызымыз деп санадық. 

Қойылымды толық дайындап, сахнаға алып шығуға бір жарым ай ғана уақытым болды. Әнші, биші, актерлердің бәрін бір арнаға тоғыстыру, темпоритмді бірге ұстау оңай емес. Үлкен жұмыстар атқарылды. Алайда өз деңгейінде алып шықтық деп ойлаймын, - деді Нұрдәулет Аққұл. 

Иә, «жақсының аты өлмейді». Есенқұл секілді ақындар уақытпен санаспай, сайын даланы отты өлеңдерімен жаңғыртып, әндерімен өзегін өртеп өлең сүйер жүректермен бірге жасай береді. Ал спектакльде арқалы ақынның терең философиялық ойларыжігерлік және суреткерлік қыры ашылған.

Осылайша Түркістанда Әзімхан Қойлыбаев басқаратын облыстық Мәениет басқармасының ұйытқы болуымен тағы бір тамаша іс-шара жүзеге асты. Тағы бір дегенде тарқата түссек, Түркістан – экономикасы мен индустриясы ғана емес, мәдениеті мен өнері де бірыңғай даму жолына түскен тарихи шәр. Ал «Конгресс-Холл» көпсалалы кешені аты айтып тұрғандай түрлі концерттер мен спектакльдер, мәдени іс-шаралар мен байқаулар, ғылыми конференциялар өткізуге арналған копфункционалды нысан. Биыл жылдың басынан бері  аталған кешенде 75 мәдени және ресми іс-шара өтіп, 50 мыңнан астам көрермен жиналған. Ал ақынның шығармашылығын сахналап, көрерменге әсер сыйлауға асыққан Конгресс-холл кешеніндегі «Жаңа леп» атты жас ұжым туралы біз бұған дейін де бірауыз жазған едік. Бұл ұжымның алғашқы спектаклі емес. Былтыр Еслям Нұртазин қойған «Құстар қайтып келеді» мюзиклінде зал лық толған болатын. 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында Фархат Молдағалидің «Көктемдегі кездесу» мюзиклі сахналанды. Аталған мюзиклді «Жаңа леп» шығармашылық ұжымы Түркістаннан бөлек, Шымкент, Алматы қалаларында да көрермен назарына ұсынып қайтты. Ұжымға жер-жерден жиналған шығармашылық жастарын Түркістан мәдениетін көтеру жолында еңбек етіп жүрген қайраткерлер десек те болар. Ал Түркістан – олардың кәсіби шеберліктен күннен-күнге арттыра түсетін мәдени мектебіне, қара шаңырағына айналады деп сенеміз. 

Сезім МЕРГЕНБАЙ

«Әнел»: Қараңғы әлемнің құпиялары
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу