«Әнел»: Қараңғы әлемнің құпиялары
Тәуелсіздік алған соң қазақ өнерінің әр саласында айтарлықтай өзіндік жаңа леп пайда болды. Сол аталған салалардың бірі – кино әлемі. Тәуелсіздіктен кейінгі кино өнеріне жаңашыл, батыл бағыттар ентелеп еніп, бодауынан босаған санамен түсірген фильмдерін паш етіп небір режиссерлер келді.
Солардың бірі, қазақ киносының корифейі атанып үлгерген – Ақан Сатаев. Сатаев өзі түсірген ең алғашқы толықметражды «Рэкетир» фильмімен-ақ көрерменнің ыстық ықыласын иеленіп үлгерді. Ең қызығы режиссердің тұңғыш толықметражы – қазақ кино тарихындағы алғашқы кассалық фильмге айналды. Бұдан соң Сатаев үсті-үстіне фильмдер түсіре бастады. «Рэкетирден» соң бірнеше фильм түсіріп, жұлдызы жанған тарихи туындыларының бірі – «Жаужүрек мың бала» болды. Кейінірек «Анаға апарар жол» атты елдің басынан өткен қасіреттерді таспалаған фильмі арқылы Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанды. 5 жыл бұрын жарық көрген «Томирис» тарихи фильмінен кейін кинорежиссер көп жерде төбе көрсетпеген болатын. Алайда, биылдың соңында режиссер қазақтың кино қоржынын тағы бір фильммен толықтырды. Фильм атауы – «Әнел».
«Әнел» – Сатаевтың хоррор жанрында түсірген алғашқы туындысы. Әбден әуесқой режиссерлердің әуеніне төңкеріліп, әбден арзан әзілге бой үйретіп алған қазақ көрерменінің «әу» дегеннен-ақ пікірі екіге жарылғаны бар. Фильмнің триллерін көре сала әлеуметтік желі қолданушылары америкалық «Аннабель» фильмінің көшірмесі деп тапты. Әрине фильмдердің атауына қандай да бір үндестік бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Оның үстіне, екеуінің жамылған жанры бір. Алайда, режиссердің өзі екі фильмнің үш қайнаса сорпасы қосылмайтынын айтып сендірді.
«Кинодағы кейіпкерлердің есімдерін ұжымдасып отырып шешкен едік. Негізі фильмнің сценарийі осыдан екі жыл бұрын жазылып басталған еді. Кейіпкерлердің есімін ерекше есте қалатындай қазақтың әдемі есімдерімен қойдық. Әнел, Зейнеп, Мәди, Лаура сынды есімдер тілге жеңіл және тез есте қалады. Сол себепті бұл жағынан ұтымды шығуына аса мән бердік. Аннабель деген сияқты шетелдік ағымдағы кинофильмдердің жетегіне еру тіпті ойда болмады», - дейді А.Сатаев.
Фильмнің негізгі сюжеті барлық дерлік хоррорлық фильмдердегідей бір ғана отбасының төңірегінде өрбиді. О баста бәрі жақсы басталып, соңы трагедияға айналады. Біз әрине фильмнің толық оқиғасын баяндап отырмаймыз. Алайда, сәтті не сәтсіз шыққан детальдарға, интерьерге, сөздік қолданысқа, шиеленіске тоқталамыз. Фильм басталысымен экраннан «Нас» сүресін оқимыз. Бұл әрине бір көрген адамды фильм діни философия төңірегінде тәпсірленген дүние екен деген пәлсапаға ұрындырады. Алайда, режиссердің шешімі өзгеше.
«Діни және заманауи тұрғыда, ғылыми тұрғыда екі көзқарас болады. Негізінде бұл киноның идеясы ешқандай бір мистика немесе бір ойдан туған зат емес, өмірде болатын шындық. Менің ойымша, біз тек қорқытып қана қоймай, ішінде мағынасы бар дүние жасаған сияқтымыз. Сондықтан қазір тек комедия ғана түсірмей, осындай жанрлық ауқымды кеңейтіп жатырмыз. Ол – қуантатын жағдай», - дейді режиссер.
Расында, киноиндустрияның тек дарақы күлкіге қызмет етіп кеткені жан ауыртады. Алайда, хоррор жанры қазақ киносы үшін әлі де бөгенайы бөлек, сіңіп кете қоймаған жанр.
Естеріңізде болса, "Рейтинг" газетінде жылдың басында жарық көрген «Дәстүр» фильмі туралы да біз көлемді мақала жазған болатынбыз. Онда дін мен дәстүрдің, одан қалды саясаттың былыққан тұстары туралы сөз қозғадық. Бұл туралы Сатаевтың өзі:
«Комедияға үйреніп қалған халық үшін жаңа жанр таңсық дүние деуге келмейді. Әрине, уайым болды. Десе де, мақсат касса жинау емес. Көрерменге берері бар дүние ұсыну болды. «Дәстүр» фильмінен кейін халық үйреніп те қалған сияқты. Алайда біз бұл сценарийді, жалпы хоррор жанрын түсіруді екі жыл бұрын қолға алдық», – дейді.
Әрине, «Әнел» практикалық тұрғыдан режиссердің дебюті дегенімізбен, көрермен үшін тым таңсық, тым жаңашыл дей алмаймыз. Алайда, елең еткізерлік режиссерлік шешімдер төбе көрсетеді. Мәселен, біздің назарымыз ине мен шаш арқылы жасалған қара дуаға, сабақ үстінде ашылған құмалаққа, үйдің интерьеріне, холлда орналасқан серванттағы мүсіндерге, бесіктегі баланың үстіне шығып алған ешкіге бірден түседі. Және негізгі акцент басты кейіпкер Әнелдің мүшел жасқа толуына қойылған екен.
Үйден бастайық. Іші-сырты толық көк және сұр реңктерге боялған. Тиісінше, кейіпкерлердің бәрі дерлік аталған көк-сұр реңкте киінген. Бұл әдеттегі қорқынышты фильмдердің суық атмосфера қалыптастырып, визуализация құруы үшін қолданатын тәсілі делік. Және психологиялық әсерлер мен эмоциялық контекстерді көрсету амалы. Мұндай көк-сұрқай түстер жәбірленудің, жалғыздықтың, үмітсіздіктің тіпті өлімнің түсі іспетті екені де рас. Одан бөлек, серванттағы мүсіндер менмұндалайды. Жә, мұның бәрі көріп жүрген дүние ғой...
Біздің қызығушылығымыз фильмнің мистикалық тұстары болды. Бәрі күнделікті өмірде көріп, біліп, естіп жүрген дүниелер. Қара магия мен құмалақ ашуға қатысты әңгімеге онсыз да қанықпыз ғой. Тек, әбден ауыздан ауызға тарап жүрген әңгімелерді экраннан көрген кезде, қазақ мистикасының да эфирге шығар уақыты келген екен дейсің іштей. Бізге, әсте, ұнағаны бесіктегі баланың үстіндегі ешкі. Ешкі қазақ мифологиясындағы түрлі қисынды әңгімелердің уызы десек болады. Алайда, фильм соңындағы көрермен күткен дін мен дәстүр шиеленісін ғылыми фактілер көмескілейді. Яғни, орын алған тылсым оқиғалардың бәрі психологиялық бұзылыстардың нәтижесі ғана. Бұл бәлкім режиссердің реалистік көзқарастан айнығысы келмегендігінен болар. Бәлкім режиссердің мұндай шешімге келуі өзінің тылсым оқиғалармен бетпе-бет келіп көрмегендігінен де болар деп топшыладық. Себебі: «Жындарға, тылсым күштердің барына сенемін. Олар, әрине, бар. Алайда Құдай сақтасын, мұндай жағдайларды көзбен көрген емеспін. Өмірде кесе-көлденең жолыққан да емеспін. Діни әдебиеттерде тылсым нәрселер туралы көп жазылған», – деген екен Сатаев бір сұхбатында.
Мәселен, фильмде көрініс тапқан мистикалық детальдің әрқайсысы бір жұмбақ, философиялық мағына жатыр екен деп тапқан өрелі көрерменнің финалына жеткенде көңілі қалуы мүмкін. Дегенмен, фильмнің басында-ақ оқиғаның қалай бітеріне жасалған сілтеме бар. Ол – Әнелдің анасы Лаураның шарап пен шылымға әуестігі. Ал, осы тұста финиш нүктесін санасында қойып қойған көрерменді фильмнің әрі қарай тартып кетуі екіталай екені және бар. Қалай болғанда да, соңғы шешім ретінде философиялық негізге тоқталыпты. Сұлтанмахмұттың «Жақсылық көрсем – өзімнен, жамандық көрсем – өзімнен» деп келетін өлең ойға орала берді осындайда. Ал фильмде бұл туралы басты кейіпкер Әнел: «...Бәрі – өзіңнен. Сен кінәні бәрінен көріп, өзіңді ақтаумен болдың. Шындықты іздеп өлгің келді, бірақ тым кеш...», - дейді.
Бәрін айт та, бірін айт. Фильмнің актерлік құрамы қазақ көрермендеріне жақсы таныс. 14 жастан жоғары көрермендерге арналған фильмде Азамат Сатыбалды, Зарина Кармен, Дариға Күшекбаева, Медина Мәдиқызы және Лаура Мырзахметова ойнайды. 12 жастағы Әнел есімді бас кейіпкердің рөлін ойнаған Медина небәрі 7-сынып оқушысы. Айтуынша, аталған фильм болашақ карьерасына жақсы инвестициялық тәжірибе болған.
«Киноның аурасын сезіну үшін барымды салдым. Шынымен қорыққан кездерім де болды. Жақсы туынды шықты деп ойлаймын. Соңы сіздер ойлағандай болмайды. Оқиға 180 градусқа өзгереді. Өзім үшін де қызық тәжірибе болды. Маған Ақан ағамен жұмыс істеген ұнады. Қалай айтуым керек, қалай қозғалуым керек, барлығын көрсетті», – дейді Мединаның өзі.
Ал Әнелдің әкесі болып ойнаған актер Азамат Сатыбалды хоррор жанрына бұрын соңды түсіп көрмегенін айтады.
«Әрбір отбасында мәселе болады, соны жеңген адам, отбасы ғана бақытқа жетеді. Ал біздің отбасыда, қазір кинода көресіздер, өте қиын жағдайлар болады. Әркім өзінің шындығын іздейді. Әркім өзін ақтап, біреуді кінәлайды. Осы ситуацияда құрылған кино. Өте ерекше жанр. Бұрын-соңды бұндай жанрға түспегем. Сондықтан мен үшін бір қызық болды», – дейді актер.
Хоррор жанрындағы фильмнің қорқынышты болуын қамтамасыз ететін негізгі аспект – дауыстар екенін білеміз. Көрерменді ішінара селт еткізіп, кейде есінен айырылардай халге жеткізу де көбіне музыкалық, дыбыстық эффектілердің тудырар эмоциясы. «Әнел» фильмінде де дыбыстық сүйемелдеулердің әсері бөлек. Алайда, терең бір мотив немесе символикалық мән үстеген дыбыстар бар деп айта алмаймыз.
Сөз соңында, тәуелсіз еліміздің кино тарихына жасындай жарқ етіп қосылған рержиссердің, араға аттай 30 жыл салып әлі эксперименттік қадамдарға барып жүргенін баса айтып өткеніміз жөн. Бұл режиссердің хоррор жанрындағы алғашқы фильмі болғанымен, қазақ кино қоржынындағы алғашқы, не соңғы фильм емес деп ойлаймыз. Алайда, осындай фильмдер арқылы хоррор жанры қазақ кинематографиясында өзіндік орнын табатынына бек сенімдіміз. Биылдың өзінде бұл жанрда жарық көрген фильмдер «Әнел» мен «Дәстүр» ғана емес. «Жезтырнақ», «Кадет» сынды фильмдер де көрермен назарына ұсынылып жатыр. Сәйкесінше, көрермен тарапынан отандық кинотуындыларға қолдау танытып, барып көріп, әсерімен бөлісу сынды әрекеттер күтіледі. Ал біз оқырманнан ықылас болса, аталған тақырыптарға тағы бір соғып, жаза жатармыз...