Суреттер сыр шертеді
Өлім мен үмітсіздік араласқан ауыр аура
1838 жылы салынған австриялық суретші Питер Фендидің «Қаралы хабар» картинасында аты айтып тұрғандай майданнан қаралы хабар жеткен кездегі ауыр эмоциялар бейнеленген. Күйеуінің қаза тапқанын естіп, бетін басып жылап отырған 2 балалы әйелдің алдында құндақтаулы сәбиі жатыр. Ал, қаралы хабарды жеткізген әскери қызметкер, әйелдің жағдайын көріп, іштей марқұмның қазасына өзін кінәлағандай болып әйелге ентелей иіліпті.
Бетін басып жылап отырған жесір өмірлік серігімен бірге, астан-кестеңі шыққан болашағын да жоқтап отыр. Автор картинадағы трагедияны кейіпкерлердің эмоциясынан бөлек, әралуан түстер арқылы да ашық берген. Мысалы, жесір әйел мен алдындағы шақалаққа ақшыл киім кигізген. Себебі, ақ түс – тыныштықтың, бейбітшіліктің, бейкүнәліліктің белгісі. Ал офицер алып келген марқұмның киімдері, өлімнің символы болып табылатын қара түсті.
Суретші балалардың үлкенін де марқұмдікі сияқты қара, қою түстермен киіндірген. Себебі, анасының артында не болғанын түсінбей тұрған ұл бала, өзінің сол сәтте бал-балалық шағына нүкте қойылғанын, отбасының жауапкершілігі, анасы мен қарындасының қауіпсіздігі өз иығына түсерін бейсанасымен сезеді. Тіпті, оған болашақта әкесі сияқты әскерде қызмет етіп, адамдары өлтіруге тура келеді. Бәлкім өзі де солай ажал құшар. Бірақ баланың ол қиындықтарға дайын екенін офицерге қарап, еліктеп тұрғанынан-ақ байқауға болады.
Сосын қанша жерден отағасынан айырылып қан жұтқан отбасының қайғысына ортақтасып, алдында иіліп тұрса да, офицердің тұлғасы тым биік бейнеленген. Басы бөлменің төбесімен бірдей-ақ болып тұр. Бұл сол кездегі адамдардың қарулы күштердің алдында соншалықты әлсіз, соншалықты қорғансыздығының символы десек болады.
Картинадағы оқиға Франциядағы соғыс кезінде орын алған. Суреттегі кейіпкерлер не қойма, не жертөле сынды тар бөлмеде отырғанын байқаймыз. Бұл олардың әрең күн көріп жүргенін білдіреді. Ал отағасының қаза табуы, олардың әлеуметтік жағдайын (күнкөрісін) тіптен ушықтырып жібереді. Сондықтан да картинаны бір көрген адам оның өлім мен үмітсіздік араласқан ауыр аурасын бірден сезеді.
Тұмшаланған махаббат періштесі
Өмірі жайлы дерек қалмаған, голландиялық «Алтын ғасыр» суретшісі Ян Вермеердің бүгінде 40 шақты туындысы сақталған екен. Біз бұл ретте суретшінің шамамен 1657-1659 жылдары майлы бояумен салынған «Терезе алдында хат оқып тұрған бойжеткен» деген картинасының сырына үңілмекпіз. Бұл картинаны бірнеше ғасыр өткен соң адамдар біресе Рембранд, біресе Питер де Хуку салған деп сан-саққа жүгірткен екен. 1880 жылы ғана француз өнертанушысы Теофил Торе-Бюргер картинаны толыққанды зерттеп, голландиялық Ян Вермеердің сирек кездесетін туындыларының бірі екенін анықтаған.
Вермеердің осы аталған даулы картинасында ашық терезенің алдында, хат оқып тұрған сары шашты голландиялық ару бейнеленген. Бір қарағанда ешқандай құпясы жоқ, қарапайым суреттердің бірі ғана сияқты көрінуі мүмкін. Бұл жерде Ян Вермеердің қолтаңбасын бөлме интерьерінен анық көруге болады. Әдетте оның жұмыстарынан қою көк немесе қызыл түсті қалың перделер мен үстелге төселетін қалың дастарханды көп байқаймыз. Ал аталған картинадағы перде мен дастархан – қызыл шарап түстес. Әсіресе шебер салынған өрнекті кілем назарға бірден ілініп, таңдай қақтырады. Картинаның жоғарғы жағында бағанаға ілінген, зәйтүн түсті шымылдық тіптен ерекше. Осы тұста перде мен кілем, шымылдықтардағы жылтыраған алтын реңктерді байқамау мүмкін емес. Бұл «Вермеердің» текстураны шынайы берудегі қайталанбайтын қабілеті деп айтсақ болады. Мұнда алтын түс – басты кейіпкер бойжеткеннің көйлегіне де ерекше әр беріп тұр.
Бойжеткеннің қолындағы хат – өзі үшін аса маңызды екенін, оның хатты мұқият оқып тұрғанынан көруге болады. Айналасында – тұнған тыныштық. Ойында – хаттың мазмұны ғана. Қыздың түйілген алтын түсті шашының, бұйра толқындары иығына төгіліп тұр. Бет ұшына тұнған қызылы, алдындағы айнаның әйнегінен ұшырасады. Ал үстелде аударылып жатқан жеміс-жидектер – Гиллис Гиллисон де Бергтің натюрморттарын еске түсіреді.
Вермеердің картиналарындағы құпия мәндер мен символдар үнемі үстелдегі заттар мен интерьерде жасырынады. Мұнда үстел үсінде шашылған шабдалы мен алмалардың мәнін былай түсіндіріп көрелік: Ежелгі еврейлер мен христиандардың сенімінде алма – Адам мен Хауаны Жұмақтан жерге түсірген, күнәға итермелейтін жеміс саналса, бір жапырақты шабдалы – шындық пен еркіндіктің символы есептелген. Яғни осы символдардың бәрін бір қорытындыға әкелу керек болса, бойжеткен өзін сүйген адамнан ғашықтығын мойындау немесе сағынғаны жайлы хат алды деп тұжырымдауға болады. Алайда қыздың бұған разы немесе разы емес екенін ажырату қиын. Өнертанушы Норберт Шнайдердің сөзіне сенсек, картинаның алдыңғы планында бейнеленген сүйекті шабдалы – шындықтың емес некесіз қарым-қатынастың символы. Ал ашық терезе – бойжеткеннің еркіндікті аңсайтынын көрсетеді.
Кілемнің символикасын ашық болжау қиын. XVІІ ғасырдағы голландиялық картинада мұндай кілемнің бейнеленуі – кейіпкердің ауқатты тұратынын дәлелдеу үшін қызмет етуі мүмкін. Себебі, ол кезеңде сонау Осман империясынан жететін парсы кілемдерін алуға көптің қолы жете бермейтін. XVІІ ғасырда шығыс кілемдері голландықтардың құмарынан шыққан экзотикалық импорттық тауар болатын.
Бұл картинадағы ең қызық әрі ең жұмбақ символика – оң жағын тұтас алып тұрған зәйтүн түсті шымылдықта жатыр. Қызыл шарап түсті кілем мен перде бір-бірімен ғажап үйлеседі. Ал зәйтүн түсті шымылдықтың картинадағы рөлі қандай? Туындыдағы құпиялардың шешімі де сонда жатыр. Картинаны рентгенге түсіргенде, шымылдықтың орнында (жалаңаш) көрерменге тік қарап тұрған махаббат періштесі (Купидон) бейнеленгені анықталған. Кейінірек қандай себеппен екені беймәлім, әлдекім аталған періштені шымылдықпен жауып тастаған. Қалай болғанда да, бұл түзетуді Вермеердің өзі жасамағаны анық.
XVІІІ ғасырда өзгертілген картинаны, бүгінде тек реставрацияның көмегімен түпнұсқасына жақындатуға болады. Бәлкім махаббат періштесін бояп тастаудың мәні, картинаның романтикалық сипатында жатқан болар. Ол дәуір үшін картинадағы жалаңаш періште – табу дүние саналып, сатып алушының тапсырысымен өзгерген болар. Әйтпесе, аталған махаббат періштесі, бойжеткеннің қолындағы ғашықтық хаты екенін тайға таңба басқандай көрсетер еді.
Қалай болғанда да, аталған картина Ян Вермеердің шебер туындыларының бірі. Ал оны өңдеп, картинаның негізгі мағынасын тұмшалап тастау – туындыға деген қызығушылықты арттырмаса, бағасын түсірмейтіні хақ.
Екі ұлы махаббаттың тоғысуы
Келесі картинаға ағылшынның ақын әрі суретшісі «Рафаелитке дейінгі бауырластықтың» негізін салушылардың бірі Габриель Россетти 7 жылын сарп еткен екен. Біз суретшінің «Масайраған Беатрис» («Beata Beatrіx» немесе «Блаженная Беатриче») атты картинасы туралы айтып отырмыз.
Автордың бұл картинаны салуына сүйген жары Элизабет Сиддалдың қаза табуы әсер еткен. Россетидің ол кездегі жан қалауы, қалай да сүйгенімен табысу болған. Алайда Россетти өз сүйгенін, Данте Аллигеридің «Жаңа өмір» деген кітабындағы Беатристің образында бейнелейді. Габриэль Россетти мен Элиза 1852 жылы Миленің шеберханасында танысып, бір-біріне ғашық болады. Уақыт өте келе бірге тұра бастайды. Элизабет – Россетти үшін сүйіктісі ғана емес, музасына айналады. Алайда олардың махаббаттары тағдыр тәлкегінен қашып құтыла алмайды. Оның үстіне Элизабет Сиддал суретшімен таныспай тұрып, туберкулезге шалдыққан болатын.
1860 жылдары Элизаның жағдайы күрт нашарлап кеткен соң, қос ғашық заңды некеге тұрады. 1861 жылы көктемде Элиза өлі бала босанады. Бойын билеген науқасы жанын қинады ма, әлде тумай жатып шетінеген баласының қасіретінен айыға алмады ма, келесі жылы Элиза шамасынан асырып ішкен апиынның кесірінен көз жұмады. Дегенмен апиынды көп ішкенін байқамай қалғаны, әлде саналы түрде өзіне қол жұмсағаны әлі күнге дейін белгісіз. Әйелінің өліміне көндіге алмаған Россетти үйінен көшіп кетеді де, есірткі мен ішімдікке тәуелді бола бастайды. Міне, сондай халде жүріп ол – «Масайраған Беатристі» салып шығады.
«Масайраған Беатрис» – Россетидің танымал картиналарының бірі. Біз Россеттидің прорафаэлиттер толқынының өкілі екенін екенін айттық. Алайда, біз сөз етіп отырған картина құрылым-құрылысы, қолданылған түстері жағынан аталған «бауырластықтың» жұмыстарынан әлдеқайда өзгеше. Қайта символизм стиліне көбірек ұқсайды. Себебі, картинадағы әр детальдің бөлек мәні бар.
Бас кейіпкер Беатристің жантәсілім тапсырып жатқан кезі бейнеленген. Оның жұмылған көзі – діни және сезіми тұрғыда өлім мен өмірдің өларасында қалғанын көрсетеді. Ал ақырын ашылған еріні – соңғы сөзін айтып жатқанын көрсетеді. Сосын тағы бір деталь – сәуле кейіпкерге ұшып келген қызыл: сәулелі көгершін. Бұл Россеттидің ойынша өлім хабаршысы болуы керек. Құстың басындағы періште шеңбері – інжілдегі ақ көгершінге сілтеме жасайды. Россеттидің өз көгершінін қызылмен бояуы – олардың махаббаттарының белгісі болса керек. Көгершіннің тұмсығындағы ақ көкнәр, Беатристің өлімінің себебі. Өйткені, ол көкнәрден алынған апиыннан уланып мерт болды.
Картинада Беатристен бөлек тағы 2 кейіпкер бар. Сол жағындағысы қызыл түсте, оң жағындағысы жасыл түсте киінген. Қызыл фигура – махаббаттың кейіпкері. Оның қолында өртке оранған жүрек бейнеленген. Автор бұл образды да Дантенің «Жаңа өмірінен» алғаны анық.
Ал оң жағындағы кітап ұстаған жасыл кейіпкердің не Данте екені, не Россеттидің өзі екені белгісіз. Әйтеуір ақын екені анық. Россетти қайғыдан қан жұтып жүріп сүйгенінің денесі мен бірге өлеңдерін де өртеген екен. Алайда суретші Беатрис пен оң жағындағы ақынды жасыл реңкте бояған. Бұл Беатрис пен өзінің бір бүтін екенін көрсетеді. Аталған екі кейіпкер – Махаббат пен Ақынды артындағы көпір байланыстырады. Ол көпір – Данте өмір сүрген Флоренциядағы Арно өзенінің бойындағы әйгілі көпірге ұқсайды. Ақынның жанында күн сағаты бейнеленген. Мұқият қарасақ, сағаттың тоғызды көрсетіп тұрғанын байқаймыз. «Тоғыз» саны да Данте үшін символикалық белгілердің бірі болатын. Себебі Данте Беатриспен 9 жасында кездеседі және Бетарис 1290 жылдың 9 маусымында, сағат 9-да қайтыс болады. Сондай-ақ, Дантенің «Құдіретті комедиясындағы» тозақтың 9 шеңбері мен жұмақтың 9 аспанын да еске түсіруге болады. Меніңше аталған картинада, бас кейіпкердің жантәсілім сәті арқылы автор өзі кешіп жүрген эйфориялық сәтін де бейнелеген секілді.
Қалай болғанда да «Масайраған Беатрис» – екі ұлы оқиғаны, екі ұлы махаббатты, екі ұлы қасіретті бір арнаға тоғыстырған қасиетті картина