«Болмаған балалық шақ»: Ақын автобиографиясы - қоғам трагедиясы
«Болмаған балалық шақ» – әуелі повесть болып жазылып, қалың оқырманның жүрегінен орын тауып, «қазіргі қазақ әдебиетінің бестселлеріне» айналды.
Оқырман ықыласына бөленіп жүрген кітап кейіннен бірнеше режиссердің көзіне түсіп, театр сахналарына қойыла бастады. «Болмаған балалық шақ»-тың спектаклін де көрермен ыстық ықыласымен қабылдады. Театр залдарында ине шаншыр орын болмады. Оның бірі Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында Фархат Молдағали қолтаңбасымен қойылған нұсқасы болса, екіншісі елордалық Ә.Мәмбетов атындағы Мемлекеттік комедия және драма театрында жас режиссер Әли Бидахметтің сахналық қойылымы болатын.
Ақын Ақберен Елгезектің бала күнде бастан кешкен қатыгездік пен қасіреті суреттелген автобиографиялық туынды таяуда тағы бір тынысын ашқан болатын. 27 ақпаннан бастап еліміздің барлық кинотеатрларында «Болмаған балалық шақ» фильмінің көрсетілімі басталды. Аталған фильмнің бас продюсері автордың өзі – Ақберен Елгезек. Режиссері – Айдын Сахаман. Сценарий авторы – Ефрат Шәріпов. Фильм прокатқа шықпас бұрын еліміздің 3 мегаполисінде жабық көрсетілімі өтті. Сол жабық көрсетілімдердің өзінде көрермен қарасы тым көп болғандықтан Алматы мен Шымкентте бір емес екі залды ашуға тура келген. Киноға кірген көрерменнің бәрінің дерлік пікірі оң. Олар фильмнің қатты әсер еткенін, көзге жас алуға мәжбүрлегенін, ата-ананың, бауырдың қадірін ұғындырғанын жарыса айтып, жазып жатыр.
Фильм жоғарыда жазғанымыздай бала Ақбереннің ауыр тағдырын бейнелейді. Әкесінен ерте көз жазған бала Ақоштың анасынан тірідей айырылуы, егіз қозыдай бірге өсіп келе жатқан ағасы мен жанашыр әжесінің қаза табуы, жалғыз әпкесінің басқа қалаға оқуға кетуі – бәрі-бәрі бала Ақбереннің жүрегіне жүк түсіре бастайды. Ең сорақысы анасы етегінен ұстаған өгей әкесінің қатыгездігі енді ержетіп келе жатқан баланың сағын сындыра жаздайды.
Жалғыздық жанын мүжіген, өзінің қиял әлемінде өмір сүретін тастанды Ақоштың бала кезін – Шәкәрім Алмасбек, бозбала кезін – Нұртілек Жарылқасын сомдаған. Бала Ақбереннің өз қиялында құрап алған таңғажайыптар – фильмде фантастикалық сахналар арқылы әсерлі, орынды әрі сенімді шыққан деуге болады. Әсіресе балалар мен жасөспірімдер көретін қазақша «TOP-3» фильмге кіретін секілді. Айдын Сахаман бір сұхбатында фильмдегі режиссерлік шешімдер жайлы айтыпты:
«Ақберен ағаның өзінің айтатын ойлары болды. Оны сценарийдің авторымен ақылдаса отырып, қаламгердің ойы мен сценарий авторы Ефрат Шәріпов өзінің ойын қосып, кітаптағы және спектакльде бар дүниелерді біріктіріп, ортақ дүние шығардық. Тек сол кітаппен ғана шектелмейді, шынайы оқиғаға негізделген фильм болғанымен, кино - өнер болғаннан кейін түрлендірдік. Тек қана реализм емес, драматургиялық заңдылықты да сақтау үшін, көрерменге әсерлі қылып жеткізу мақсатында біз өзіміздің ойымызды қостық. Бірақ кітап және идея авторы, бұл фильмнің бас продюсері Ақберен Елгезек шығармашылыққа ешқандай шектеу қойған жоқ. Біз өзіміздің фантазиямызды қосуға тырыстық. Бір жағынан бұл кітаптағы, спектакльдегі әлеуметтік драма болғанымен, біз жас көрерменге лайықты етіп, түрлі жанрлар қостық. Өйткені бұл фильмді тек үлкендер ғана емес, сонымен қатар мектеп оқушылары көретінін ескеріп отырмыз», – дейді фильм режиссері.
Иә, аталған туынды қазақтың бір ақынының автобиографиясы ғой десек те, онда қалың халықтың трагедиясы жатыр. Содан да болар, кітапты оқыған, қойылым мен фильмді көрген жандардың кейбіріне триггер болып, өз балалық шақтарына оралуларына себеп болды. Сонымен қатар онда – Кеңестер одағы ыдырап, егемен Қазақстан енді ғана құрылып жатқан кезі, «Семей полигонының» қалдырып кеткен мәңгілік азабы, кедейлік, әйел мәртебесі, отбасы құндылығы сынды біршама тақырыптар да қамтылған.
Кинокартиналарға сауатты қаламгердің араласуы – қазақ киносының да екінші тынысын ашады, сапалы фильмдердің жарыққа шығуына мұрындық болады деп сенеміз. Ал, біз «Болмаған балалық шақты» жақындарыңызбен бірге көруді ұсынамыз!
КӨРЕРМЕН ПІКІРІ:
Жәудір НАРТАЙ, жазушы:
Дәкәй бейнесі – ең аяулы бейне
Алғаш Ақберен ағамыздың осы туындысы кітап болып жарыққа шыққанда, «Болмаған балалық шақ» деген атауын біртүрлі қабылдай алмай жүрдім. «Қалай адамда балалық шақ болмайды?» деп ойлайтынмын. Барлық адамда бір балалық шақ бар, бақытсыз болса да, бәрібір сол кезеңді бастан кешесің. Себебі дүниеге бала боп келесің, балаша қуанасың, балаша жылайсың, ызаланасың, тіпті бала жүрекпен ғашық боласың. Мұқағали ақын айтқандай: «Бақыт деген – сенің бала күндерің, Бақытсыз-ақ бақытты боп жүргенің».
Әйтеуір, сәулелі, бірақ келте кезең – балалық шақтың «бақытсыздық» деген баянын беріде туған ұрпақтың қабылдай алмай қалатыны бар емес пе?! Әу бастан тағдыр тәләйі тылсыммен байланысқан бала Ақоштың көзімен қарасаң, бауырының қазасы, анасының дөкір кісіге тұрмысқа шығуы, өгей әкесінің бұған зәбір көрсетуі, туыстар арасындағы түнініксіз дүрдараздық – сезімтал, қияли бала үшін өте ауыр трагедиялар еді.
Киносыншы емеспін, дегенмен өз ойымша Дәкәйдің образы фильмде толық ашылмай қалғандай көрінді. Аурушаң баланың бейнесін сәл басқаша елестеткенім өз алдына, мен Дәкәйдің жанарына үлкен планмен көбірек үңілгім келді. Оның салған суреттерінен де мән іздегім келді. Бәлкім, бұл менің ішкі тригерлерімді оятып жібергендіктен болар деп ойлаймын. Фильмдегі Дәкәй бейнесі – ең аяулы бейне, оның есте қалардай бір характері болу керектей көрінді де тұрды. Себебі фильмнің соңында бір кездегі Дәкәйдің бұл өмірде болғанын ұмытып та кетеді екенсің.
Біз өз өміріміздің ауыр кезеңдерін тым тереңге жасырып тастағымыз келеді. Бірақ жасыра алмаймыз. Ол кездер санаңда жасай береді. Кейде 90 жылдың аяғы, 2000 жылдың басында дәп келген балалық шағымды ойласам, өз-өзімнен мұңайып, бір түрлі құлазып қаламын. Кейде ақтарыла жазып, сол естеліктерден бір жола құтылғым келеді. Бірақ соны жазуға қаламым емес, жүрегім дайын еместей көрінеді. Ал Ақберен ағамыз бұл туындысын өз жүрегінде өмір бойы жазғандай көрінді. Бала кезден жазып келе жатқандай, содан да бәлкім бақытты балалықтың дәмін татпаған да болар деп ойладым.
Есбол НҰРАХМЕТ, жазушы:
Сюжетті кітаптан іздеңіздер, киногерлер
Кеңірек айтар болсақ, фильм өте сәтті шығыпты. Сценаристің еңбегі, режиссердің тапқырлығы, актерлердің шеберлегі, әсіресе, бала Ақберенді ойнаған Шәкәрім болашақ үлкен жұлдыз болатын жігіт екен деп түйдім. Осыншама ауыр тағдырды асырып та жібермей, тым күмілжімей, анық, баланың көзімен байыпты жеткізген. Осындай өмір кешкен адамның Тағай секілді жоқ боп жойылып кетуі де мүмкін еді, бірақ бала ғашық Дина мен қойларға артқан кітаптар анау сұрғылт, сұреңсіз өмірден алып шыққанын аңғарасыз. Бала жүрек, үмітшіл, өмірсүйгіш жүрек өзгеге де жарық шашады, сөйтіп өзін де қорғайды. Оны да сол сүреңсіз, махаббатсыз өмір үйретеді. Авторлардың фильмге мистикалық реңк қосып, сыртқы әлем қанша суық болса да, баланың ішкі болмысы шексіздікте өмір сүріп жатқанын анық көрсете алғаны өзіме қатты ұнады. Сол экзистенциялық әлемі оны адам да қылады, ақын да қылады, шын өмір бермеген махаббат, күшті де сол әлемнен алады. «Құдай ағасынан» қуат алады. Басынан соңына дейін шашыратпай жалғыз мақсатты сюжеттік желі еткені, соңында балалық қорқынышын жеңген, жетілген бозбалаға айналуы көрерменді мойын бұрғызбай ұстауға жақсы қызмет етіп тұр. Фильмнің әуелгі мақсаты да бас кейіпкерді мақтау, иә мадақтау болмай, көрерменге сапалы, эмоцияны қозғайтын туынды ұсыну болғаны қуантады. Кейіпкердің өсуі, өзгеруі – меніңше жақсы киноның көрсеткіші.
Бүгінгі таңда бала тағдыры туралы оңған дүние жоқ еді. Ал мынау сол орынды мықтап толықтырған фильм екен. Қазақ экраны тағы бір жақсы фильммен толықты. Қолдап, қуаттауларыңызға татиды.
Фильмнің сәтті шығуының бір себебі, әуелі кітап боп қағазға түсіп, онан соң театрға бейімделіп, сосын барып киноға айналғанынан шығар деп ойлаймын. Сюжетті кітаптан іздеңіздер, киногерлер.
Хамит ЕСАМАН, ақын:
Әкеге деген мәңгілік сағыныш
Адам баласының бәрі де тағдырлы. Дүниеге келу де, кету де, екі аралықта қандай ғұмыр кешсек те, оның бәрі де тағдыр. Фильмде сол тағдырлар бала Ақоштың тағдырымен байланыстырылып көрсетіледі. Сол кездегі халықтың қиын тұрмысы, адамдардың таным-түсінігі, бала Ақбереннің тылсым, тағдыр туралы түсінігінің қалыптасуы жақсы берілген. Кинодағы бала Ақоштың анасының күйеуге шығуы, мұндағы ана мен баланың жан арпалысы, бірін-бірі қимауы да әсерлі екен. Ана-жүрек бәрін сезеді, ол да әдейі істеген жоқ ештеңені, ол да ішінен шыққан перзенттерін қимайды. Бұл ауыр жағдай Нұрша ана бейнесі арқылы сәтті көрсетілген. Екінші бір ауыр хал – бала Ақоштың ағасы Данышпанның өмірден беймезгіл өтуі. Сол кездегі бала Ақбереннің енді шын жалғыз қалғаны, ең жақынынан айырылған ауыр халі баланың сең соққандай халде келе жатқанын сенімді көрсетуімен ерекшеленді. Фильмде бала Ақоштың жалғызсыраған шарасыз халде тұрған кадр бар. Қалаға оқуға кетпекші болған Меруерт әпкесіне деген қимастығы да ерекше. Тағы бір ерекше әсер еткен тұсы – балалармен төбелес. Бұл пәлеқұмарлықпен болған жай төбелес емес, бұл бала жүрегінде әртүрлі жағдайдан жиналған ыза мен кектің жарылған сәті еді. Оған өгей әке Тағайдың да талай себепші болғаны фильм барысынан көрінеді. Сол сияқты, қатал болып көрінетін, бірақ жүрегі елжіреп тұратын, оны білдіргісі келмейтін Омарғали ата, адамның жанын түсінбейтін Тағай, тағы да басқа барлық кейіпкерлердің рөлі сәтті шыққан. Дина қызбен нәзік байланыс та әрбір адамды қайта оралмас сағынышты сәттерге жетелейді. Актерлар құрамы өте жоғары деңгей көрсеткенін айтқан жөн. Әсіресе, балалардың ойынына риза болдық, жүрек елжіреді. Әсіресе, аға Данышпан мен бала Ақоштың арасындағы шағын диалогтар, кейіннен бала Ақбереннің әке бейітіне баруы Елгезек әкеге деген мәңгілік сағыныш, әке рухынан медет іздеген таза бала көңілдің күйін береді.
Ата-ана, бауыр, бала әрбір адам үшін қымбат. Бұл фильм адамдардың қадірін, бардың бағасын білуге шақырады. Мен өзім солай түсіндім. Адам адамның қадірін білмеген жерде бәрі де бекер екеніне тағы бір рет көз жетті. Әжесінің «Құдайдың баласы» деуі, бала Ақбереннің Құдай туралы түсінігі де келісті өрілген. Себебі, ақиқат сол, Құдай – адамның қорғаны!