«Рэкетир. Жаңа кезең»: атышулы фильмнің жалғасы

Oinet.kz 12-03-2025 29

Ақпанда белгілі режиссер Ақан Сатаевтың трилогиясының үшінші бөлімі үлкен прокатқа шыққан болатын. 

Screenshot_10.jpg

Фильмнің алғашқы бөлімі 18 жыл бұрын – 2007 жылы жарық көрсе де, қазақ фильмдері туралы сөз қозғалған жерде, алдымен ойға оралатын туындылардың біріне айналды. Иә, ол атышулы «Рэкетир» болатын. Сол кездің өзінде, «Рэкетир» жеке студия түсірген алғашқы қазақстандық кассалық таспалардың бірі болды. Нәтижесінде 800 мың долларға түсірілген картина 1 миллион доллардан астам қаражат жинады. Сол кезден бастап отандық фильмдерге деген қызығушылық арта бастады десек болады. 

Режиссер 8 жылдан соң 2015 жылы атышулы фильмінің жалғасын түсірді. Дегенмен, алғашқы фильмнің эйфориясынан шыға қоймаған көрерменнің оған көңілі аса толмады. Сәйкесінше жиналған касса сомасы да авторлардың сенімін ақтай алмады.

Алайда, Сатаев мұнымен тоқтамады. Араға тағы да 10 жыл салып, биыл ақпанда аңызға айнала бастаған «Рэкетирдің» үшінші әрі соңғы бөлімін үлкен экранға шығарды. 

Screenshot_11.jpg

Ақан Сатаев алғашқы «Рэкетирге» кіріспес бұрын, өзге бір мистикалық картинаның сценарийін жазған екен. Алдымен касса жиып алмақ болып, өзін ақтар-ақтамасы екі талай экспериментті кейінге қалдырады. Бірақ, бір қызығы, тап осы «Рэкетир» Сатаевтің төлқұжат фильміне айналды.

Фильм сюжетіне қысқаша тоқталсақ, бас кейіпкер – Саян (Саят Исембаев) екінші бөлімнің соңында Жанды (Жан Байжанбаев) өлтіріп, істі болып, мерзімін өтеп шыққан кезінен бастау алады. Түрме сыртында Саянды ескі досы Аман (Сәкен Аминов) күтіп алады. Әрі қарай Сатаевтың дәстүрлі стилі саналатын екі достың жол үстіндегі – «салиқалы» әңгіме өрбіткенін көреміз. Саян өзі түрмеде отырған мерзім ішінде айналасының адам танымастай өзгергенін көреді. Бандиттік өмірдің сарқыншағынан қалған көзі тірі қарақшылардың бүгінде ісін заңдастырып, кәсібін дөңгелетіп отырғанын біледі. 

Досы Аманның да кішігірім шаруа қожалығы бар. Ұлы Арман (Раун Ахмедов) өсіп, әкесіне қолғанат болып қалған. 

Заманның қалай құбылғанын көрген Саян да өз өмірін жаңа парақтан бастамақ болады. Дегенмен, бұрынғы тірліктері алдынан кесе көлденең шыға береді. Фильмдегі басты миссиясы – Саян өлтірген Жанның ержетіп қалған ұлы Абылайдың (Асылхан Төлепов) кегі болатын. Абылай – ата-анасынан қалған холдингтің мұрагері, саяси-іскерлік ортамен байланысы бар ықпалды кейіпкер. Қысқаша айтқанда, Саян Аманның фазендасына барған сәттен бастап оны қанды кектің елесі айналдыра бастайды.

Аталған трилогияның үшінші бөлімінен режиссердің қолтаңбасын жазбай тануға болады. Себебі бұл бөлімнің сценариін Сатаевтің өзі жазған. Сондықтан да болар, трейлерден күткен қанды кектен гөрі, бандиттік өмірдің соңы жақсылыққа апармайтынын түсіндіргісі келген моральдың салмағы басым.

Screenshot_13.jpg

Бұл бөлімді сондай бір сәтті шығыпты деп, көзсіз мақтай алмай отырғанымыз. Себебі, фильмде диалог арасында қайталана беретін «Бәрі бұрынғыдай емес» деген тіркестен өзге нақты ненің өзгергенін терең көрсете алмаған. Иә, 90-жылдардағы «бандиттердің» бүгінде, ісінің арнасын бұрып алып, бір-бір креслода, жауапты қызметтерде отырғанын меңзеген болар... Сосын фильмдегі оқиға бүгінгі заманда орын алып жатса да 90-жылдарға айналып соға береді. Ақыры мораль мен философияның бояуы қалың болатын болса, әркімнің «не ексе, соны оратынын» ымдап қана қоймай, басты назарға алу керек пе еді?

Фильм сондай бір қызықты болып басталып келе жатып, көрермен демін ішке тарта бергенде, картина іш пыстырарлық бірсыдырғы ырғаққа түсіп ала жөнеледі. Бітпейтін диалогтар, келіссөздер... Осы үшін де фильмдегі кей кейіпкерлердің образы толық ашылмайды. Тіпті, о баста негізгі линияны алып келе жатқан кейіпкер, соңында ешкім болмай қалады. Көрермен үшін кейіпкердің қай планда екені маңызды емес пе? Кейіпкер кешкен ішкі-сыртқы алай-дүлей, аласапыран күйін, қайғы-қасіретін бірге кешуі үшін. 

Басты кейіпкер Саянды фильмге оралтудағы негізгі мақсат кек жолы бола тұра, оны екіұдайы күйде қалдырады. Кек жолынан бас тартып, кіріс көзін табуды да ойластырады. Кей актерлер өз рөліне сіңе алмағандай, мінез жетіспегендей көрінді және. Бәлкім, жылы жүзді актерлерді қандықол қарақшыға өзіміз қимаған шығармыз бәлкім. 

Әрине, «Рэкетир, Жаңа кезең» фильмінен атыс-шабыс, экшн, әсіредрама іздеп барған көрерменнің кеңседе, кабинетте, түрме кабинасында, кофеханада, барда, көлікте, телефонда айтылып бітпейтін әңгімелерден күткені зая кеткендей, сенімі ақталмағандай көрінуі мүмкін. Себебі, режиссер көрерменге бандиттік өмірдің қараңғы жақтарын емес, әлі күнге дейін романтизациялап көрсететін бұзақы бандит, рэкеттердің дәуірі өткенін, кек қуалаудың қажеті жоқ екенін тұспалдайды. Сол үшін де болар әлеуметтік желілердегі көрермен рэкеттердің ғана емес, фильмнің көркемдік стилі де ескіргенін айтып жатты.

Screenshot_12.jpg

Алайда, парадокс! «Рэкетир» трилогиясының үшінші бөлімі прокатқа шыға салысымен кассалық табыс жағынан авторлардың артқан үмітін әбден ақтады десек болады. Отандық прокаттың өзінде бірнеше апта ішінде тапқан пайдасы миллиардтың үстіне бір-ақ шықты. Түсірілім тобы фильмді прокатқа шықпас бұрын Бішкек, Ташкент, Мәскеу қалаларында жабық көрсетілімдер өткізіп, шетелдік көрермендердің де назарына ұсынды. Содан соң «Рэкетир-3» Қырғызстанда да прокатқа шығатыны туралы жақсы хабар шыққан болатын. Дегенмен, көп ұзамай қырғызстандық «Синематика» кинотеатрлар желісінің Instagram-дағы парақшасында фильмнің прокаттан алынып тастағаны туралы ақпарат пайда болды. Билет алып қойған азаматтарға қаржысын қайтарып берді. Ал фильмнің прокат куәлігін қайтарып алу туралы шешімді «Кыргыз тасмасы» концерні қабылдаған екен.

Қырғызстанның бұл фильмнен ат-тонын ала қашуын халық әрқалай топшылады. Бұған дейін қырғыздардың депутаты Бактыбек Марипов Жогорку Кенештің құқықтық тәртіп комитетінің отырысында Қырғызстанда бандиттік идеологияны насихаттайтын фильмдердің көрсетілуіне тыйым салуды ұсынған екен. Ол «Черный двор», «Слово пацана», «Бригада» және тағы осыған ұқсас фильмдер жасөспірімдердің психоэмоционалдық күйіне теріс әсер ететінін атап өткен. «Рэкетирдің» прокаттан алынуына сол «бандиттік идеологияны насихаттайтыны» себеп болыпты-мыс. 

Бұл жаңалық шыққан кезде фильм режиссері Ақан Сатаевтің өзі таң қалған екен. Айтуынша, фильм бандитизмді насихаттамайды, керісінше сабақ алуға үндейді.

– Бұл жаңалықты естіп таңғалдық. Себебі фильм не үшін прокаттан алынып тасталғанын біз де білмейміз. Желіде тарап жатқан кейбір қауесеттер бізге де жетіп жатыр. Олардың бірінде біздің фильм бұзақылық, бандитизм, криминалды үгіттеп жатыр делінген. Бірақ, бұл олай емес. Трилогияның бір ғана мақсаты бар, ол – бандитизм мен криминал тек қана тығырыққа тірейді дегенді жеткізгіміз келді, – дейді Сатаев.

Ендігі бір топ фильмнің прокатқа шығуына Қырғызстандағы қылмыстық әлемнің «авторитеті» Камчы Көлбаевтың ұлы Руслан Көлбаевтың кесірі тиді деп топшылады. Оған негіз де бар еді. Түсірілім тобын Қырғызстанда Руслан Көлбаевтың «жылы күтіп» алғаны, қоғамында едәуір резонанс тудырып жіберді. Фильмнің түсірілуіне «Көлбаев ықпал етті», «Көлбаевтың қатысы бар екен» деген күдіктің шеті қылтиды. Әлеуметтік желілерде тараған кадрларда Көлбаевтың түсірілім тобын шекарада күтіп алып, ұлттық мейрамханада қонақ еткені және премьера кезінде қызыл кілеммен бірге жүргені көрінеді. Алайда бірнеше қырғыз басылымы келесі күні Руслан Көлбаевтың «жылы қарсы алуы» туралы материалдарын өшіріп тастаған.

Міне, осындай қауесеттердің желі лап ете қалғанда, фильмнің басты рөлін сомдаған Саян Исембаев жедел оның бәрін жоққа шығарды.

– Сенімді түрде Русланның фильмге еш қатысы жоқ екенін айта аламын. Ол басқа шақырылған қонақтар сияқты жай ғана қатысушы болды. Бізді дистрибьюторлық компания қарсы алды. Қырғызстан билігі біздің жағдайымызға түсіністікпен қарайды деп үміттенемін, – деді актер.

Алайда, Қырғызстан билігі бұған селт ете қоймады. Әрине, бұл жаңалыққа қазақ оқырмандары да бей-жай қарай алмады. Бірі «Рэкетирді» «бізде де көрсетудің қажеті жоқ» деп тапса, енді бірі қырғыз фильмдерін де отандық прокатқа мүлде шығармауды, оның әділетсіздік екенін жазып жатты.

Сезім МЕРГЕНБАЙ

«Болмаған балалық шақ»: Ақын автобиографиясы - қоғам трагедиясы
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу