Қаныш Сәтбаевтың ғылымдағы ғалымдық тұлғасы

Oinet.kz 03-06-2024 698

Әр заманның өз тұлғасы, ғалымы, елі үшін күрескер, дана да  дара азаматы болады. Қазақтың өткен тарихына көз салған адам еліміздің арғы-бергі тарихында көптеген ел басқарған хан-сұлтандар, қол бастаған жаужүрек батырлар және сөз ұстаған ділмәр би-шешендер өткенін байқайды. Ұрпаққа үлгі боларлық сара жолымен ғылым-білімнің дамуына өлшеусіз қосқан тарихты қалыптастырушы  бар екендігін дәлелдейді. 

Screenshot_7.jpg

Бүгінгі күнімізде тарихты қозғаушы батырлар мен ғалымдардың қоғамдағы орны ерекше. Жалпы елімізде, ғалымдар, ғылыми қызметкер күні деген арнайы күн бекітілген. Бұл күн күнтізбекте 12 сәуір – Ғылым академиясының тұңғыш Президенті, көрнекті ғалым-геолог Қаныш Сәтбаевтың дүниеге келген күнімен бекітілді. 

Қаныш Имантайұлы Сәтбаев - Қазақстан геологтары ғылыми мектебінің негізін қалаушы, қазақстандық металлогения ғылымының негізін салушы, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым академиясын ұйымдастырушылардың бірі әрі тұңғыш президенті, КСРО және Қазақстан Ғылым академияларының академигі, Тәжікстан Ғылым академиясының құрметті мүшесі, қоғам қайраткері. 

Шын есімі -  Ғабдул-Ғани. Анасы ұлын еркелетіп Ғани, Ғаныш деп атапты. Артынша баланы барлығы Қаныш деп атай бастаған. Павлодар облысының Баянауыл ауданында туған. Қаныш Сәтбаев ауыл молдасынан білім алады. Ол араб, парсы тілдерінде оқыған. Мұнан кейінгі екі жыл көлемінде Сәтбаев уездегі алғашқы қазақ-орыс мектебінде білім нәрімен сусындайды. Мектеп Аққелін аулында ашылған.

1911 жылы Қаныш Павлодардағы орыс-қазақ училищесіне түседі. Ол үш жыл ішінде төртжылдық бағдарламаны меңгеріп алып, артынша Семейдегі мұғалімдер семинариясына оқуға түскен. Сәтпаевтың денсаулығы сыр бере бастағандықтан, диплом алу үшін емтиханды экстернмен тапсырған.Содан кейін Томск технологиялық институтына түсуге дайындалады.

Мұғалімдер семинариясында Ж.Аймауытов, М.Әуезов сынды көрнекті қайраткерлермен бірге оқыған. Ш.Құдайбердіұлымен тығыз байланыста болып, оның шығармашылығын жоғары бағалаған. «Алаш» қозғалысы қайраткерлерінің іс-әрекетіне қолдау білдірген.

1920-1941 жылдары Баянауылда халық судьясы, «Атбастүстімет» тресі геология бөлімінің, Қарсақтай мыс комбинаты геологиялық барлау бөлімінің бастығы, комбинаттың бас геологы қызметтерін атқарған. 1941-1952 жылдары КСРО Ғылым академиясы Қазақ бөлімшесінің құрамындағы Геология ғылымдары институтының директоры, КСРО Ғылым академиясының Қазақ бөлімшесі Төралқасы төрағасының орынбасары, төрағасы, Қазақстан Ғылым академиясының президенті болған. 1952 жылы әміршілдік жүйенің тарапынан қысымға ұшырап, қызметінен төмендетіліп, Қазақ КСР Геология институтының директоры болып тағайындалған.                     1955 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті болып қайта сайланып, өмірінің соңына дейін осы қызметті атқарған.

Ұзақ уақыт туберкулезбен ауырған ғалым 1964 жылы 31 қаңтарда Мәскеу қаласында дүниеден өтіп, Алматыдағы Орталық зиратта жерленген.

Қаныш Сәтбаевтың марапаттары:

1940-Жезқазған-Ұлытау ауданының жер қойнауын барлауы үшін Ленин орденімен марапатталды.

1942-Геология-минералогия ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алды. «Жезқазған ауданының кен орындары» еңбегі үшін екінші дәрежелі Сталин сыйлығына ие болды.

1943-КСРО Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі. «Қазақ КСР ғылымына еңбегі сіңген қайраткер».

1945-Тыл ресурстарын жұмылдыруға қосқан үлесі үшін екінші Ленин ордені мен ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталды.

1957-Қазақстан ҒА-тың және тыңайған жерлерді игеруге қосқан үлесі үшін үшінші Ленин орденін алды.

1958-Орталық Қазақстанның кешенді металлогеникалық болжамдық карталарын әзірлеуі үшін Ленин сыйлығын жеңіп алды.

1963-Қазақстанның геологиялық ғылымын дамытуға және пайдалы қазбаларды зерттеуге сіңірген еңбегі үшін төртінші Ленин орденімен марапатталды. Қаныш Сәтбаевтың ғылымдағы ғалымдық тұлғасының көрінісі қалдырған тарихи еңбектерінің жемісі. Ғалымның еңбектерінің ізі әр салада сайрап тұр. 

Алгебраны қазақшалаған

Қаныш қазақ мектептеріне арналған алгебра оқулығын жаза бастайды. Кітапты 1924 жылы араб графикасымен жазып шықса, 1929 жылы латын графикасына көшіреді. Бұл бастаманы тарихшылар Алаш зиялыларының қазақтың сауатын ашу мақсатында жұмыла кіріскен жобалардың бірі санайды. Мысалы, Әлихан Бөкейхан география, Мағжан Жұмабай педагогика, Ахмет Байтұрсынұлы бастаған тіл мамандары тіл білімі, Халел Досмұхамедов анатомия, Әлімхан Ермеков математика бойынша оқулықтар дайындаған. Ал eң күрделі пән бойынша оқулық дайындау Қаныш Сәтбаевқа жүктелген екен.

Тау-кен байлығын ашқан

1926 жылы Қарсақбайға келіп, ағылшындардан қалған геологиялық жұмыстар танысады. Сондай-ақ Жезқазғанда жаңа кен орындарын табады. Осылайша Қарсақбай ауданындағы барлау жұмыстарының көлемі артып, мыс қоры көбейе түседі. 1934 жылы Қаныш Сәтбаевтың жұмысының арқасында Үлкен Жезқазған мәселесі КСРО Ғылым академиясының сессиясында көтеріледі. Ал соғыс таяп қалған уақытта Сәтбаевтың он бес жыл жүргізген жұмыстарының нәтижесі  «Жезқазған ауданындағы кен орындары» атты маңызды еңбегі жарық көреді. 

«Ер Едіге»  жырын басып шығарған

Бірде Томскіде оқып жүрген Қаныш Сәтбаевтың қолына «Ер Едіге» жинағы түседі. Жинақта оны алғаш қағазға түсірген Шоқан Уәлихан мен Платон Мелиоранскийдің нұсқасы жарияланған екен. Қаныш жырда кеткен қателерді түзеп, қайта өңдейді. 1927 жылы ғалым Мәскеудегі КСРО халықтары орталық баспасында «Ер Едіге» жырын басып шығарады. 

Қазақ КСР Ғылым академиясының алғашқы президенті

Қаныш Сәтбаев Қазақстанда Ғылым академиясын құру мәселесін                     1944 жылы көтерген болатын. 1946 жылы 1 маусымда Абай атындағы Опера және балет театрында Қазақ КСР Ғылым академиясының тұсауы кесілді. Екі күннен кейін Академияның бірінші жиналысында Қаныш Сәтбаев оның президенті әрі академигі болып тағайындалды. 

Әлкей Марғұлан, Мұхтар Әуезовпен достығы

Қаныш Семейдегі семинарияда Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұланмен қатар оқыған. Кей деректерде Қаныш пен Мұхтар бір бөлмеде тұрғаны айтылады. Қаныш Сәтбаев Ғылым академиясына басшылық еткен жылдары Мұхтар мен Әлкейді сонда шақырып, ғылыммен айналысуларына мүмкіндік береді. Әлкей Марғұланға археологиямен айналысуға кеңес берген де Қаныш болатын. Үшеуі тек сыйлас емес, сырлас дос болған деседі. 

Домбыраның құлағында ойнаған

Қайрат Байбосынов «Бүркітбай» әнін өзінің ұстазы Жүсіпбек Елебековтен үйренгенін айтады. Ал Жүсіпбек бұл әнді алғаш Қаныш Сәтбаевтың орындауында естіген екен. Қаныш домбырада жақсы ойнап қана қоймай, көптеген ескі әндердің тарихын жақсы білген. Ғалым Александр Затаевичке 25 шақты қазақ әндерін жазып берген деген дерек бар. Күйеу баласы Қайнекей Жармағамбетов «Қаныш Имантайұлы халық әндерін сүйіп тыңдайтын. 

Сәтбаев планетасы

1979 жылы 31 шілдеде Қырым астрофизикалық обсерваториясында астроном Николай Черных кіші планетаны ашады. Қызылжұлдыз бен Есекқырған орбиталарының арасында Күнді айнала қозғалатын ғаламшар Халықаралық планета орталығының каталогына 2402 нөмірлі «Satpayev астероиды» деп енгізілген. Кіші планетаға ғалым Қаныш Сәтбаевтың есімі берілгені жайлы диплом Ұлттық ғылым академиясының Геология институтында сақталған. Сондай-ақ Қаныш Имантайұлының есімі Қарағанды облысына қарасты қалаға (Сәтбаев қаласы), минеролог-геолог Екатерина Анкинович ашқан минералға (Satpaevite), Жоңғар Алатауының сол жақ жотасындағы мұздыққа (Сәтбаев мұздығы), Кекек өсімдігінің жаңа түріне (Oxitropis satpaevii) және гладиолус гүліне (Академик Сәтбаев) берілген. Сонымен қатар Алматы қаласында орналасқан Қазақ ұлттық техникалық университеті де ұлы ғалымның атымен аталады.

Қ.И.Сәтбаев - 641 еңбектің авторы, оның 534-і орыс тілінде, 98-і қазақ, қалғаны басқа тілдерде жарық көрді. Ғылыми еңбектерінің басым көпшілігі Қазақстанның минералдық қоры, мыс рудалары, түсті металдары, көмір, мұнай, газ, басқа да шикізат ресурстары жайында болды.

Қ.И.Сәтбаевтың ғылыми зерттеулері Маңғыстау қоры, Ембі мұнайы, Ақтөбе даласындағы газдың мол қоры жатқандығын анықтады. Қазақстанның таяу арада газ, мұнай өндіру жөнінен алдыңғы қатарға шықты.

Қазақтың ғылыми арнасының жоғары деңгейге көтерілуіне, одан әрі дамуына зор үлесін қосқан ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың                          125 жылдығына орай Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен Түркістан қалалық №12 Қ.Сәтбаев мектебінде - «Қаныш Сәтбаевтың ғылымдағы ғалымдық тұлғасы» атты ғылыми танымдық шарасы өтті.     Шараға тарих ғылымдарының кандидаты, Түркістан қаласының «Құрметті азаматы» – Баян Адырбек және                                ҚР Журналистер одағының мүшесі – Роза Нарымбетова спикер болып, тыңдарманға тұлғатаным ақпаратын жеткізді. Оқушылар Сәтбаевтануға арнаған өздерінің ғылыми-зерттеу жобаларын қорғап, ғалымның өнегесі  мен тұлғасына арнаған жүрек жарды өлеңдерін оқыды. Академик, геолог және қоғам қайраткердің есімі мен еңбегін ұлықтау жолындағы бірден-бір ғылыми танымдық шарасы деп білеміз. Жас Сәтбаевтанушылар кітапхана негізінде құрылған «Жас ғалымдар» оқырмандар клубының белсенді де білімді ғылыми зерттеушілері атануына сенімдіміз. Ғалымның жолын қуған жас танушылардың қатары арта берсін деген мақсатта насихаттаймыз, жеткіземіз, қызмет етеміз. 

Таженова Дана Қыдырбекқызы,

Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы,

«Ғылыми-зерттеу» бөлімінің кітапханашысы

Білім биігінен көрінгендерге құрмет көрсетілді
Әлкей Марғұланның ғылымдағы ғалымдық тұлғасы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу