Шымкент қаласында «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығы ашылды
Шымкент қаласында цифрландыру аясында қолға алынған жобалар аз емес. Әсіресе туризм саласы мен әлеуметтік желі қолданыушылардың интернет пен мобильді байланыс желісінің мүмкіндігін арттыруға басымдық берілуде.
Жақында Шымкент қаласы туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасы «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығының ұйымдастыруымен мегополистің мүмкіндіктерін таныту бойынша жиын өткен болатын. «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығының басшысы Ерлан Умаровтың айтуынша, оған 50-ге жуық шетелдік және отандық travel-блогерлер, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысқан екен. Өзбекстан, Қырғыз, Әзірбайжан, Үндістан, Германиядан келген қонақтар А.Пушкин атындағы қалалық әмбебап кітапханасында басқосып, оларға үшінші мегаполистің туристік әлеуеті туралы ақпарат беріліп, имидждік бейнеролик көрсетілген болатын.
Олар шаһардағы Цитадель, «Ибрагим ата» кесенесі, «Қызыр» мұнарасын тамашалады. Сондай-ақ Сайрам тұрғын алабындағы жаңа «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығының ашылу салтанатына қатысты.
– Сайрам тұрғын алабында қаншама сакралды орындар бар. Мұндағы тарихы терең, мән-мағынасы жоғары қасиетті орындарды көруге келетін туристердің саны артып келеді. Сондықтан оларға ақпараттық көмек керек. Осы мақсатта тұрғын алаптан «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығын аштық. Енді кез келген турист және қала тұрғындары орталықтан ақпарат алып, гидпен бірге экскурсияға шығуына болады, – деді Ерлан Умаров.
«Бұл біздің Шымкентке бірінші келуіміз емес», - дейді ақпараттық турға қатысқан германиялық Аксель Монзе. «Шымкент – тарихы терең, мәдени жағынан алда келе жатқан көне қалалардың бірі. Қаладағы қай мейрамханаға кірсең де, дәмді астарымен күтіп алады. Ұлттық тағамдары ұнайды. Адамдары өте жылы шырайлы, құшақ жая қарсы алады. Еуропада күн бұлтты болғандықтан, осы жердің күн шуағы маған ұнады. Қазақстан, оның ішінде Шымкент жайлы көптеген ақпараттарға қанықтық», – деді Аксель Монзе.