Медицинаның проблемасы толық шешімін табады
Түлкібас ауданының Шұқырбұлақ, Келтемашат, Тұрар және Ақбиік ауылдарындағы соңғы жылдары өзекті мәселенің бірі болып келген медициналық көмек көрсететін тіректердің мәселесі биыл жыл соңына дейін толығымен шешімін табатын болады.
Қазір аталған ауылдарда заманауи фельшерлік-акушерлік тіректердің құрылысы қолға алынып отыр.
Аудан әкімі Нұрлан Байғұт жауапты мамандармен бірге құрылысы іске асып жатқан нысандардың басында арнайы барып, құрылыс қарқының бақылап қайтты.
Өткен айдың екінші жартысында бастау алған төрт бірдей құрылыс нысанының үшеуінде бүгінгі таңда котлаван қазу, іргетасын қалау, қабырғасын көтеру жұмыстары іске асуда. Нысандар ағымдағы жылдың желтоқсан айында аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Нұрлан Мархабатұлы жауапты мердігерге нысандардың құрылысы бекітілген кестеден кешікпеуін және сапалы болуын ескертіп, тиісті бөлім басшысына тапсырыс беруші облыстық салалық басқармаға айтылған мәселелерді қатаң бақылауда ұстау мақсатында хат жолдауды тапсырды.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауында да дәл осы ауылдардағы әлеуметтік мәселелерді шешу, әсіресе медициналық тірек ашу міндетін Үкіметтің алдына қойған еді. Қазақстан бойынша медициналық тірегі жоқ 650 ауылдың мәселесі шешілетіндігін айтқан болатын.
Міне Түлкібас ауданында Жолдауда айтылған мәселе көп ұзамай өз шешімін тауып жатыр.
Түлкібас ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі