Ұстазым, саған мың алғыс!
Ордабасы ауданындағы Мәдениет үйінде ұстаздардың мерекесі кең көлемде аталып өтілді. Бұл туралы Ордабасы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Аталған шараға аудан әкімі Нұрбек Бадырақов қатысып, ұлы мамандық иелерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.
- Ұстаз, мұғалім - мәртебелі мамандық. Бұл мамандыққа халқымыздың құрметі қашанда ерекше. Өйткені Сіздер шәкірт тәрбиелеп, оларды білім нәрімен сусындатып, бойларына жақсы қасиеттерді дарытуда аянбай еңбек етіп келесіздер. Сіздердің білім саласына сіңіріп жатқан қажырлы еңбектеріңізді бағалаймын және істеріңізге деген сүйіспеншіліктеріңіз және адалдықтарыңыз үшін алғысымды жеткізгім келеді, - деді аудан басшысы.
Салтанатты шарада аудан әкімі білім саласында еңбегі сіңген, табыстарға қол жеткізіп жүрген бірқатар ұстаздарды алғыс хаттармен марапаттап, еңбектеріне табыс тіледі.
Ұстаздар күніне арналған іс-шараға Түркістан облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Ғалымжан Алматов, аудандық маслихат хатшысы Әбдіхалық Қасымбай, сонымен қатар ауданның барлық білім беру ордаларының басшылары мен мұғалімдері қатысты.
Шара соңы концерттік бағдарламаға ұласып, ұстаздардың құрметіне мерекелік көңіл күй сыйлады.
Қазіргі таңда, Ордабасы ауданында 6 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Олардың 4-еуі (Қараспан, Аққойлы, Дербес, Төрткүл елді-мекендерінде) жылдың соңына қарай пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Қалған екі мектеп ( Шұбар мен Қызылжар) 2023 жылға өтпелі.
Жалпы, Ордабасы ауданында 68 мектеп бар болса, онда 4,5 мыңнан астам мұғалім еңбек етуде.