Қарттар күнінде қайырымдылық шаралары өтті
1 қазан - Халықаралық қарттар күні мерекесі Мақтаарал ауданында кең көлемде атап өтілуде.
Ең алдымен, "Тәжі" мейрамханасында аудан әкімі Бақыт Асановтың ақ дастарханы жайылып, қазыналы қарттарға құрмет көрсетілді. Сондай-ақ, "Мақтаарал" мәдениет үйінде мерекеге арналған салтанатты кеш өтті.
Қарттар күніне байланысты аудан басшысының тікелей тапсырмасымен аудан аумағындағы барша кенттер мен округтерде де түрлі қайырымдылық іс-шаралары өтуде.
Мәселен, А.Қалыбеков ауылдық округі әкімдігінің ұйымдастыруымен бір топ қариялар облысымыздың киелі жерлеріне саяхат жасады. Сондай-ақ, Атакент кенті және Еңбекші ауылдық округі әкімдіктерінің ұйымдастыруымен жасы жүзден асқан қарттарға арнайы себет дайындалып, сыйлық жасалды.
Мырзакент кенті мен Жамбыл ауылдық округтері әкімдіктері қарияларға арнап дастархан жайып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Мақтаарал ауылдық округінің әкімі Е.Тұрғанбаев жалғызілікті қарттардың үйлеріне барып, азық-түлік жағынан көмек көрсетті.
Айта кетейік, мұндай қайырымдылық іс-шаралары барлық кенттер мен окрутерде жалғасын табуда.
Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі