Әлеуметтік желі - халық пен әкімді байланыстыратын көпір
Бүгінде ғаламтордың дамыған шағында әлеуметтік желі ерекше көңіл бөлуді қажет етеді. Бұл мәселені Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевта Үкіметтің кеңейтілген отырысына көтеріп, барлық мемлекеттік органдарға халықпен әлеуметтік желіде кері байланысты нығайту бойынша нақты тапсырмалар жүктеген болатын.
Осы орайда, бүгін Түлкібас ауданының әкімі Нұрлан Байғұттың тапсырмасымен аудан әкімдігіне қарасты дербес бөлімдер мен ауылдық округ, кент әкімдіктерінің жауапты мамандарының қатысуымен «Әлеуметтік желіде халықпен кері байланыс орнату» тақырыбында семинар өтті.
Семинарда аудан әкімі аппаратының бас инспекторы-баспасөз хатшысы Бақытжан Иманбаев тұрғындар тарапынан өтініш-ұсыныстардың басым бөлігі жарияланатын Facebook және Instagram желісін қолдану тәртібі мен артықшылықтарын түсіндіріп өтті. Қатысушылар тарапынан қойылған сауалдарға жауап беріп, әлеуметтік желідегі көтерілген әр мәселенің назардан тыс қалмау керектігі айтылды. "Халықтың қызметінде жүрген барлық деңгейдегі басшылардың қоғаммен, азаматтармен тығыз байланыста жұмыс істеуі, көпшіліктің, сондай-ақ жекелеген тұрғындардың мұң-мұқтажына, мәселелеріне қаншалықты деңгейде мән беретіні олардың өз лауазымы құзыретінде атқарып жатқан еңбегінің бір өлшемі іспеттес. Бүгінде халықпен байланысудың бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі тетіктерінің барлық тарапқа ыңғайлы әрі уақыттың ұтымды баламасы саналатын интернет ресурстары, оның ішінде әлеуметтік желілердің түр-түрі қолданысқа енгізілген қазіргі кезде атқарушы билік өкілдерінің халықпен қарым-қатынасының деңгейі олардың аталған желілерді өз қызметінде қолдану белсенділігімен өлшенетін кезеңге қадам бастық. Билік өкілдері өз құзыреттеріне қатысты мәселелерді шешуде, оны қоғаммен талқылауда, азаматтардың қоғамдық түйткілдердің әсерінен туындап жататын жекелеген талап-тілектерін тыңдауда және басқа да қажетті істерде аталған құралдарды тиімді әрі ұдайы пайдалануы тиіс. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халық тілегімен үндесіп жатқан талабының өзегі де осы.",- деді жиында Б.Иманбаев.
Бүгінгі таңда Түлкібас ауданы әкімдігіне қарасты 15 ауылдық округ, кенттер мен барлық дербес бөлімде Facebook әлеуметтік желісі ашылып, жауапты мамандар бекітілген.