Мейірімге толы кеш өтті
Мүмкіндігі шектеулі жандарға мемлекет тарапынан көптеген көмектер көрсетіліп келеді. Тағдыр тауқіметімен жарымжан болған жандарға Мемлекет басшысы да айрықша көңіл бөліп, олардың қоғаммен тең өмір сүруіне жағдай жасауда. Осы ретте
Сауран ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен өткен талантты жастарды қолдау және мүмкіндігі шектеулі жастарды ынталандыру, тең қоғам терезесін қалыптастыру мақсатында «Бәріміз бірдейміз, кемсітуді білмейміз!» атты жастарға арналған шығармашылық іс-шара өтті.
Шараны Сауран ауданы әкімі Ғ.Рысбеков ашып, «Сiздердiң шыдамдылықтарыңыз бен қажыр-қайраттарыңызға, жасап отырған еңбектерiңiзге шексiз алғыс айтқым келедi», - деп жүрек жарды ыстық лебізін білдірді.
Бүгінде осындай жандар арасынан, Сауран ауданының, Оранғай ауылдық округінің ерекше дарын иесі-қалалық, облыстық көркемсөз оқу шеберлерінің байқауларында жүлделі орындар алған - Сүйініш Еркінов, Пара пауэрлифтинг спорт түрінен тірек-қимыл аппараты және көру мүшелері зақымданған спортшылар арасындағы ҚР-ның чемпионатында 56 кг салмақ дәрежесінде 1-орын алған Шорнақ ауылдық округінің тумасы - Нарзулла Фахриддин де болды.
Шарада көрерменнің ыстық ықыласына бөленген Шаға ауылдық округінің бүлдіршіні Розахмет Валиев «Мейірім керек» атты жеке авторлық әнін жоғары деңгейде орындап, шырқады.
Сауран ауданы әкімінің орынбасары, жастар жанашыры С.Сәдібаев өз сөзінде «Бәріміздің дәрежеміз тең. Қазіргі таңда мүмкіндігі шектеулі жастар арасында өнерлі, талантты жандар көп. Біз қоғамды белгілі санатқа бөлгенді жөн көрмейміз. Бәріміз Қазақстанның азаматымыз. Біз олардың өз өнерін көрсетуіне әрқашан мүмкіндік береміз», - деп шараға қатысушы ерекше қабілетті жастарға ыстық ықыласын білдірді.
Сауран аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшысы Айгерім Ералықызы мүмкіндігі шектеулі жандарға аялы алақанын тосып, жүрек жылуын ұсыну, сауабы мол іске атсалысу әрбір адамның-азаматтық парызы екендігін айта отырып, іс-шараға қолдап келген ата-аналарға алғысын білдірді.Біз олардың өмірге деген сенімдерін арттыруға жәрдем беруіміз керек! Жүректеріңізден мейірім, жүздеріңізден жылулық кетпесін!