«Ресурсты әйел» қандай болуы керек?
Сауран аудандық мәдениет үйінде аудан әкімдігі мен облыстық іскер әйелдер қауымдастығының қолдауымен «Дара Ұрпақ» қоғамдық қорының бастамасымен «Ресурсты әйел» атты тақырыпта семинар - тренинг болып өтті.
Семинар - тренингке ауылдардағы көп балалы аналар, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы И.Намазбаева, аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Н.Жұманова, «Дара Ұрпақ» қоғамдық қорының директоры, эксперт Р.Қалдарбек, кәсіби психолог, ментор Ж.Ермаханбетқызы қатысты.
Семинар - тренингті Сауран ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі М.Қалеке ашып, семинар тренингтің облыста, оның ішінде ауданда алғаш рет өткізіліп отырғандығын және отбасында ата-ананың жауапкершілігін арттыруға, бала тәрбиелеуде септігін тигізетінін айтты.
Тренинг барысында Р.Қалдарбек пен Ж.Ермаханбетқызы «Ресурсты әйел» жобасы қолға алынғанын айтып, отбасында бала тәрбиелеу, психологиялық күйзелістен шығу, қиындықтарды жеңе білу, отбасында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жөнінде ойларымен бөлісіп, аналарға өмірге деген құлшынысына жігер сыйлады.
Қазақ халқының дана сөзі бар: «Әйел адамға рухы әлсіз ер адам ғана қол көтереді». Бұны халық жазылмаған заң деп санап осы уақытқа дейін сақтап келеді, алайда өкінішке орай кейбір ер адамдар ұмытып кеткен сыңайлы.
«Ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» - демекші балаға отбасы тәрбиесінің әсері мол. Тәрбиеге әсер беретін өскен орта, ата-ананың тәрбиесі дұрыс болмаса, жаман әсерлер адамды азғырып, түрлі жаман мінезді жұқтырады.
«Ана – сая болар бағың болса, Әке – асқар тауың» дейді қазақта. Бір күн бар жылатар күн, жұбатар күн. Бір күн бар қуантар күн мұңайтар күн. «Жақсыдан жаман туады, бір аяқ асқа алғысыз, Жаманнан жақсы туады, адам айтса нанысыз» дейді халқымыз.
Отбасындағы ата-ананың мінез құлқы – баланың көз алдындағы үлгі, өнеге алатын, оған қарап өсетін нысаны. Нашақорлық, темекіге, ішімдікке үйірлік бұзықтық жолға түсіп зорлық-зомбылық жасауға мүмкіндік туғызады, еңбек етуге, қоғамға, денсаулыққа, ұрпаққа, отбасына зиянын тигізеді
Айта кетейік, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі отырысында "Әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық маңызды әлеуметтік проблема. Жыл сайын елімізде әйелдерге қарсы 2,5 мыңнан аса қылмыс тіркеледі. Оның ішінде өліммен аяқталғаны бар. Зорлық-зомбылық салдары әйелдердің қоғамға араласуына және отбасы институтына теріс әсер етеді. Бұл өзекті мәселені мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар бірлесіп қана шешуге болады", - дей келе тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны күшейтуді тапсырған болатын.