Сауранда тындырымды тірлік көп

Oinet.kz 20-09-2022 367

image.png

Сауран ауданы әкімдігі аппаратының мәжіліс залында аудандық мәслихаттың бірлескен тұрақты комиссиясының отырысы болып өтті. Жиынды Сауран аудандық мәслихатының хатшысы М.Күнпейісов ашып жүргізіп отырды. Жиналысқа Сауран ауданының әкімі Ғ.Рысбеков, аудандық мәслихат депутаттары, аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері қатысты.

Жиналыстың күн тәртібіне сәйкес, Сауран ауданының әкімі Ғ.Рысбеков ағымдағы жылдың 8 айында атқарған жұмыстары туралы есеп берді. Сауран ауданы 12 ауылдық округтен тұрады. Атап айтатын болсақ, Шаға, Жаңа Иқан, Ескі Иқан, Үшқайық, Иассы, Оранғай, Қарашық, Жүйнек, Бабайқорған, Шорнақ, Жібек жолы, Майдантал ауылдық округтері.  12 ауылдық округте жалпы саны - 35 елді мекен бар. Ал, аудан орталығы – Шорнақ елді мекені. Сауран ауданының жалпы аумағы - 721745 шаршы метрді,  халық саны - 106,462 адамды құрайды.

2022 жылғы аудан бюджетінің жалпы көлемі - 8 579 402 мың теңге болса, ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіне дейін жергілікті бюджетке 4 116 920,8 мың теңге қаржы түсіп, жоспар 105,6 пайызға немесе 219 489,8 мың теңгеге артығымен орындалды. Оның ішінде трансферттер - 2 932 004,0 мың теңге, өзіндік кірістер  - 1 184 916,8 мың теңгені құраған. Бюджеттің шығыс бөлігі - 3 945 421,7 мың теңгені құрап, жоспар 99,4 пайызға игерілген.

Ауыл шаруашылығы саласы бойынша баяндаған аудан әкімі Сауран ауданының басты перспективасы – ауыл шаруашылығы саласы екенін, басты міндеттерінің бірі Түркістан мен Кентау қаласын азық-түлікпен қамтамасыз етуді көздейтінін жеткізді. Аудан бойынша ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы дақылдары - 42137,4 гектарға орналастырылып, өткен жылмен салыстырғанда - 1179,4 гектарға артып, 102,5 пайызды құраған.

Кәсіпкерлік саласы бойынша 2022 жылдың 8 айының қорытындысымен 4 миллиард 388,9 миллион теңгенiң өнімі өндіріліп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өсім 80,2 пайызды  құраған. Өнеркәсіптің басымды саласы өндеу өнеркәсібінде 2 миллиард 825,6 миллион теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 70,6 пайызға пайызға жеткен. Жалпы, ауданда 33 кәсіпорын жұмыс атқарады. Ауданның экономикалық даму көрсеткіштерінің бірі – сауда-саттық қызметі. Мәселен, есепті мерзімде бөлшек сауда көрсеткіші 542,9 миллион теңгені құрап, 100,3 пайызға орындалған. 

Бұдан бөлек, аудан әкімі өз есебінде шағын және орта бизнес, туризм, ауыз су, абаттандыру, жол, құрылыс, әлеуметтік салаларға жан жақты кеңінен тоқталып, атқарылып жатқан және алдағы атқарылар жұмыстарды атап өтті. Аудан әкіміне депутатттар тарапынан ауданның дамуы бойынша көптеген сұрақтар қойылып, оған нақты жауаптар берілді.

Мәжілістің күн тәртібіне сәйкес, Сауран ауданы әкімдігі жанындағы  жазаларды және өзге де қылмыстық ықпал ету шараларын орындайтын мекемелер мен органдардың қызметіне жәрдемдесу, сондай-ақ, қылмыстық жазаларын өтеген адамдарға әлеуметтік және өзге де көмекті ұйымдастыру  жөніндегі консультативтік-кеңесші органның есебін аудан әкімінің орынбасары  Е.Жанғазиев,  Шорнақ ауылының егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы және  топографиялық түсірілімен бірлескен бас жоспарын бекіту туралы аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы С.Исмаилов, ауданның адами әлеуетті дамыту бөлімінің білім беру жүйесін цифрландыру  бойынша атқарған жұмастары туралы бөлім басшысының міндетін уақытша атқарушы Т.Шегенбаев, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары саласын дамыту жұмыстарының барысы туралы бөлім басшысының міндетін уақытша атқарушы А.Әбдіғаппаров, жер қатынастары саласын дамыту жұмыстарының барысы туралы аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Ш.Алиханов, ауыл шаруашылығы саласын дамыту жұмыстарының барысы туралы бөлім басшысының міндетін уақытша атқарушы Н.Молдабаев баяндама жасады. Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша тиісті ұсыныстар айтылып, баяндамашыларға депутаттар тарапынан сұрақтар қойылып, оған жауаптар берілді. 

Құқық бұзушылықтың алдын алған жөн
«Ресурсты әйел» қандай болуы керек?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу