Тұрғындарды жер мәселесі алаңдатады
Арыс қаласы әкімдігінің кіші залында қала әкімі Гүлжан Құрманбекованың азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдауы өтті. Дербес бөлім басшылары мен сала мамандары қатысқан жиынға алдын ала жазылу бойынша 4 адам келді.
Көкжиде ауылының тұрғыны Нұрғали Егеубаев пен қала тұрғыны Тамара Қошқарова жер алу мәселесін көтерді. Сонымен қатар, Тамара Наятұллақызы ауызша келісім негізінде сатып алған қора-жайын заңдастыру үшін әкімдік өкілдерінен көмек сұрай келген. Жер конкурс арқылы саудаға шығарылатынын түсіндірген Гүлжан Мамытқызы ауызша келісім арқылы сатып алынған мүлік сот шешімімен ғана заңдастырылатынын айтты. Сондай-ақ, Арыс қалалық тіркеу және жер кадастр бөлімінің басшысы Әли Абпазовқа азаматтардың мәселесін заң аясында жедел шешуді тапсырды.
Сонымен қатар, Ақжар көшесіндегі 3-үйдің тұрғыны Абай Әкімұлы өзі тұратын көшеге асфальт салып, жарық қою мен көше атауы жазылған тақтайшалар орнатып беруді сұрады. Бұл мәселеге қатысты қала әкімі тиісті сала мамандарына нақты тапсырмалар жүктеді.
Сонымен қатар, денсаулық жағдайына байланысты інісі Рамазанның жағдайын айтқан Анна Джабироваға қала әкімі аурухананың жауапты мамандарына шұғыл көмек ұйымдастыру керектігін міндеттеді. Одан бөлек, денсаулығын тексертіп, әлеуметтік көмек беру қажеттігін ескерті.
Айта кетейік, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 7 наурызда "Әкімдердің халықпен кездесулер өткізуі туралы" жарлыққа қол қойған болатын. Онда "Барлық деңгейдегі әкімдер жыл бойы халықпен кездесулер өткізсін, олардың барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттары туралы хабардар етсін және проблемалық мәселелерді шешудің жолдары мен мерзімдерін түсіндірсін" делінген.
Жаңа құжат бойынша, облыс әкімі жарты жылда бір рет "әр ауданда және облыстық маңызы бар әр қалада кемінде бір көшпелі кездесу", республикалық маңызы бар қала, астана әкімі "қаланың әр ауданында тоқсан сайын кемінде бір көшпелі кездесу", аудан әкімі "әр ауылда, кентте, ауылдық округте, аудандық маңызы бар қалада тоқсан сайын кемінде бір көшпелі кездесу" өткізуі және азаматтарды жеке қабылдауы тиіс.