IPO туралы ақпарат түсіндірілді
Арыс қаласы әкімдігінің үлкен залында жергілікті тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыру мен инвестициялық мәдениетін қалыптастыру мақсатында және ірі ұлттық компаниялардың алдағы IPO-сы туралы хабардар ету мақсатында арнайы кездесу ұйымдастырылды.
Жиында «KazTransOil», «KEGOK», «KAZATOMPROM» және «ҚазМұнайГаз» сынды алпауыт компаниялардың IPO-сын сатып алу арқылы ел экономкасына әр азаматтың үлес қосу тетіктері түсіндірілді. Сондай-ақ, ұлттық компаниялардың акцияларына иелік ету арқылы азаматтардың табыс тауып, тұрмысын түзеу жайы айтылды.
Ал басқосуға «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ мен «Қазмұнайгаз» ҰК» АҚ, «Қазпошта» АҚ, «Қазақстан қор биржасы» мен брокерлік компания өкілдері және қаржы-экономика саласы бойынша сарапшы мамандар спикер ретінде қатысып, өздерінің мақсат-міндеттері жайлы баяндады. Сонымен қатар, көрермендер сұрағына жауап берді.
Айта кетейік, бұл шара президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған ел экономикасына мемлекеттің қатысуын барынша азайту жөніндегі тапсырмасына және 2021-2025 жылдарға арналған жекешелендіру жоспарын іске асыру мақсатында ұйымдастырылды.
Жолдауда Президент: «Бұған дейін айтылғандай, мемлекет өзінің экономикаға араласуын біртіндеп азайта береді. «Самұрық-Қазына» қоры экономиканың басты салаларына бақылау жасауға ғана мүмкіндік беретін мажоритарлы үлесі бар инвесторға айналады. Қордың басқа активтері мен акцияларын жекешелендіру керек. Оны жүзеге асыруға «Халықтық ІРО» тәсілін де қолдануға болады»,– деп атап өткен болатын.