М.Әзілханов Мақтаарал ауданының активімен кездесті
Қазақстанның жетістікке жетуінің кепілі – ауызбіршілік пен қоғамдық келісім және сол арқылы қамтамасыз етілетін ұлттық сенім мен ішкі саяси тұрақтылық. Айта-айта, әбден құлақ сіңісті, бой үйреністі болып, мәні кете бастағанымен, шынында әлемдік алпауыттар билік еткен қазіргі заманда аз ғана халқы бар Қазақстанның күш-қуаты – ырысты ынтымағында. Сол арқылы еліміз бұдан да биік белестерді бағындыра бермек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының «Ел бірлігі – жаңарған Қазақстанның тірегі» атты XXXI сессиясының жұмысында "Қазақстан халқы Ассамблеясы жаңа жағдайда біздің бейбітшілік пен келісім жөніндегі саясатымыздың берік әрі институционалды тірегі қызметін атқаратынына сенімдімін. «Біз әртүрліміз – біз теңбіз» қағидаты саяси жаңғырудың іргелі компоненті деген пікірді ұстанамыз",- деген болатын.
Осы ретте Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары М.Әзілханов Түркістан облысына жұмыс сапары аясында Мақтаарал ауданының активімен кездесу өткізді. Жиын барысында қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету және этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік және қоғамдық құрылымдар жұмысының тиімділігін арттыру мәселелері талқыланды. Одан әрі «Тәжіктердің республикалық этномәдени орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен іс-шараларға қатысты. Өңірдің қоғамдық өмірінде әлеуметтік белсенділік танытқан тәжік этносының өкілдері қатарынан ақсақалдармен, басшылармен және қоғам қайраткерлерімен кездесті. Әңгімелесу барысында қатысушылар атқарып жатқан жұмыстары туралы баяндап, алдағы жоспарларымен де бөлісті. Өз кезегінде ұйымдастырылған «Қазақ еліне мың алғыс» және «Достық дастарханы» акциялар осы өңірде бірлік пен келісімде өмір сүріп жатқан этностардың ынтымағы мен қазақстандық патриотизмнің жоғары деңгейін көрсете білді.