Түлкібаста 3 мың гектардан астам жерге алма бауы егілген
Түлкібастың алмасы Алматының апорттан кем емес. Тіпті көлемін былай қойғанда дәмі жағынан да асып түседі. Өйткені жаздың күнгі ыстық пен түнгі салқын өнімнің бойына шырынды көп жинауына әсер етеді, дейді бағбандар. Биыл ауа-райының қолайлы болуынан өнім көп. Жеміс ағаштары алманы көтер алмай бұтақтары сынып жатыр.
Жекеменшік серіктестік 2015 жылы 40 гектар жерге алма отырғызған екен. Онда ред делишес және голден делишес деген екі түрі бар. Ал, 2020 жылы 20 гектар жегре өрік егіпті. Бағбандар бар жоғы 7 жылда еселеп өнім алып жатыр екен. Биылғы көктемде ауа-райы қолайлы болып, жеміс ағаштары жаппай гүлдепті. Бағбандар тіпті кейбір бұтақтарды жұлып тастауына мәжбүр болған. Соның өзінде ағаштар өнімін көтере алмай бұтақтары сынып жатыр.
2007 жылдан бастап елімізде бау-бақша өнімдерін еккен шаруаларға мемлекет тарапынан көп қолдау көрсетіліп келеді. Соның нәтижесінде Түлкібас ауданында 2 мың гектар жерге түрлі жеміс ағаштары отырғызылған. Оның 700 гектары қарқынды бау. Артықшылығы тамшылатып суарылады. Сондықтан өнімді тез береді, бойы аласа теріп алу оңай. Кемістігі өміршеңдігі 15-20 жыл. Ауданда баудың көлемі күні бүгін 3 мың гектардан асып жығылады.
Жалпы Түлкібас ауданы алманың отаны десе де болады. Өйткені кез-келген үйдің ауласында бауы самсап тұр. Оған қоса тұмса табиғаты бар тау бөктерінде де жабайы алма түрі көптеп кездеседі. Жазғы аптапты ыстық пен түнгі салқын алманың бойына шырынды көп жинауына мүмкіндік береді. Дәмі мен түрінің өзгеше балғын болатыны да сондықтан, дейді бағбандар. Былтыр құрғақшылыққа қарамастан аудан шаруалары 25 мың тонна өнім алған. Биыл 30 мыңнан асып түседі деген болжам бар.