Департамент басшысы тұрғындарды жеке қабылдады
«AMANAT» партиясы Сарыағаш аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Руслан Тұңғышбаев тұрғындарды жеке қабылдады.
Қабылдауға аудандық партия филиалының Атқарушы хатшысы, фракция жетекшісі Қ.Қыстаубаев, аудандық мәслихат депутаты Д.Тұңғышбекұлы, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Б.Ырысалықызы, орталық аурухана жанындағы емхана бөлімінің меңгерушісі С.Сапарбекұлы, №8 МӘС бөлімінің басшысы М.Мамырханұлы, «Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпарациясы» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалы әлеуметтік қамтамасыз ету бойынша Сарыағаш ауданының бөлім басшысы С.Нуриддинұлы, БАҚ өкілдері қатысты.
Өз мәселесін жеткізуге ауданға қарасты ауылдық округ тұрғындары келді. Басым бөлігі мүгедектікті анықтайтын құжатқа қол жеткізе алмай жүргендігін айтып шағымданды. Жауапты сала мамандары құжат рәсімдеудің жолдарын егжей-тегжейлі түсіндіріп, кеңестерін берді. Ең алдымен денсаулық мекемелерінде толық ем қабылдауы қажет. Дәрігерлердің нұсқаулығымен берілген жолдама комиссия құрамымен қаралып, тиісті шешім жасалады.
Қызылжар елді мекенінің тұрғыны Р.Авалбеков Өзбекстан Республикасынан қоныс аударған. Зейнет жасына толуына байланысты құжаттарын жауапты мекемеге бірнеше рет тапсырса да мәселе шешілмегенін айтты. Руслан Кәрібайұлы мамандардан мән - жайды анықтай отырып, көрші елге сұраныс хат жолдап шешілу жолдарын қарастыруды тапсырды.
Ал, Құркелес ауыл округі Жанарық елді мекенінің тұрғыны Г.Анарқұлова:
- Мезгілсіз сырқаттанатын кездер болады. Жедел жәрдемге хабарлассақ, кеш жетеді. Дәрігерлердің жұмысқа деген жауапкершілігіне мән берсеңіздер деген сұранысым бар. Оған қоса, қарт анама дәрі-дәрмек те уақытылы берілмейді,-дейді.
Азаматшаның айтқан шағымы бойынша Орталық аурухана жанындағы емхана бөлімнің меңгерушісі С.Сапарбекұлы мәселені зерделеу жұмыстарын жүргізіп, өтініш иесіне хабарлайды. Сонымен қатар, қабылдауға келген Э.Шерғазиева әлеуметтік жағдайына байланысты демеушілерден көмек сұрай келген. Аудандағы жауапты сала маманы Б.Ырысалықызы демеушілер тарапынан жәрдем берілетіндігін және әлеуметтік көмекші де қарастырылатынын жеткізді.
«AMANAT» партиясы Сарыағаш аудандық филиалы мен аталған Департаменттің ұйымдастыруымен өткен қоғамдық қабылдауға келген тұрғындар мәселелері оңтайлы шешілгені үшін өз алғыстарын білдірді.