Жол картасы негізінде бизнес жобалар іске асуда
«Жаңа экономикалық бағдарымыздың басты басымдықтары мыналар: жеке кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыру, бәсекелестікті дамыту». Бұл ел Президенті Қ.К.Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында жаңа экономикалық саясат бағдары бойынша жасаған үндеуі. Осы ретте «AMANAT» партиясының Түркістан облысы бойынша сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасы аясында өңірдегі инвестициялық жобалар жүзеге асып, шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі артуда.
Мәселен, жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың аймақтық бағдарламасы аясында 1200 жобаны іске асыру жоспарланған. Оның 240-ы жыл соңына дейін ашылуға тиіс. Жаңа жобалардың негізінде 500 адам жұмыспен қамтылады.
Сонымен қатар Жол картасының негізінде индустриалды аймақтардан өңірде 58 серпінді инвестициялық жобаны іске асыру көзделіп, 311 жаңа жұмыс орыны ашылмақ. Оның ішінде биыл құны 4,1 млрд. теңгені құрайтын 6 зауыт және фабрика ашу жоспарланған. Солардың бірі асфальт және тауарлы бетон өндіретін «Баянды құрылыс» ЖШС наурыз айында іске қосылды. Жобаның құны - 593 миллион теңгені құрайды. Қазіргі таңда аталған зауытта 28 адам еңбек етуде. Оған қоса, жыл аяқталғанға дейін газобетон өндіретін қос жоба («Euroblock Production» ЖШС және «Оспан» ЖК) іске қосылмақ. Мақта талшықтарын қайта өңдейтін «Zhanassyl» ЖШС 150 адамды жұмыспен қамтамасыз етеді деп жоспарлануда. Кәсіпкердің жеке қаржысы есебінен салынып жатқан жобаның құны - 2 500 миллион теңгені құрайды.
Сондай-ақ «Қарапайым заттарды үнемдеу» бағдарламасы бойынша тұтыну тауарларын өндіретін ең кемі 15 кәсіпорынды қолдау мақсатында жұмыстар жүргізілді. Бағдарлама аясында осы жылдың 5 айының қорытындысы бойынша 4 кәсіпорынға 400 млн. теңге көлемінде қолдау жасалды. Ал, шағын және орта бизнес нысандарына бүгінге дейін 32 634 сервистік қолдау қызметі көрсетілді. Жол картасы аясында өңірлік жалпы өнімдегі шағын және орта кәсіпкерліктің үлесін 24%-ға дейін арттыру көзделген еді. Бұл көрсеткіш өткен жылдың 9 айының қорытындысы бойынша 25%-ға дейін жеткен.