Балалар ертегі әлеміне саяхат жасады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялаған болатын. Осыған орай Мәдениет және спорт министрлігінің былтырғы бастамасы – «Балалар әдебиеті жылы» биыл да жалғасын тауып отыр.
Қазығұрт аудандық балалар кітапханасының оқу залында 2022 жыл Балалар жылына орай «Кітап патшалығына саяхат» атты тақырыпта саяхат сағаты өтті. Саяхатқа Т.Рысқұлов атындағы мектеп-лицейінің 1 «д» сынып оқушылары мен мұғалімі М.Дарақова қатысты. Мақсаты: Балаларды кітапханамен таныстыру. Білімнің кітап арқылы берілетіндігін ұғындыру. Балаларға кітапқа деген қызығушылықтарын ояту, кітапты күтіп ұстауға, қадірлеуге үйрету. Кітапханашылар балаларға сахналық қойылым қойып, кітап әлемімен таныстырды. Балалар «Ертегілер әлемі» атты тақырыптағы кітап көрмемен, балаларға арналған журналдармен танысып, танымдық ойын ойнап, жұмбақтар шешіп, кітап жайлы тақпақтар айтты. Кітапханашы Ж.Байтұрсынова кітапханадағы кітап көрмелерге шолу жасап, кітапхана әдіскері Д.Сағынтаева жас оқырмандарға кітапхананың ережелерімен таныстырып, кітаппен дос болуға шақырды.
"Адам баласының ең жақыны да, ең жақсы көретіні де – бала. Тіпті өмірдің сәні мен мәні де осы балада. Қазақта «Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар», «Бала – адамның бауыр еті» дегендей мақал-мәтелдер өте көп. Адам болып дүниеге келген соң, мейлі еркек, мейлі әйел болсын, меніңше бір ғана мұратпен өмір сүретін шығар, ол – өмірге ұрпақ әкелу, артыңа ұрпақ қалдыру. Жалпы, Президентіміздің осы жылды «Балалар жылы» деп атауы тегіннен-тегін емес. Халқымыз «Ел болам десең, бесігіңді түзе» дейді. Бесік деген – мемлекет. Соның саясаты. Соның идеологиясы. Сондықтан балаға бір жылды ғана арнап, шаруаны бітіріп тастадық деп шіренуге болмас. Бұл тақырып – Президенттің де, Парламенттің де, әрбір ата-ананың да күн тәртібінде мәңгілік тұруы шарт"деген АБК меңгерушісі А.Тасполтаева іс –шараны қорытындылап, балаларды кітапқа деген қызығушылығын арттырып, кітап оқуға кеңес берді. Кітапханаға алғаш келген оқырмандарға естелікке сый-сияпат жасалынды.
Айта кетерлігі, кітапхана ұжымы ұйымдастыратын шаралардың көбі жастарды кітап оқуға тарту мақсатында атқарылады. Нәтиже жоқ емес. Күн сайын оқырмандар санының артып келе жатқаны қуантады.