Жұмыссыздықпен күрес – ел дамуына үлес
«Нағыз жаза – жұмысқа салу емес, нағыз жаза – жұмыссыз қалу шығар» дейді Қадыр ақын. Өйткені, жұмыссыздық жайы, «екі қолға бір күректің» табылмауы, «табақтай» дипломы бола тұра қызмет таппай сенделу – күн тәртібіндегі мәселе. Жұмыссыздық – құбылыс, жұмысқа қабілетті адамдардың тұрақты немесе уақытша жұмыс істемейтін бөлігі. Жұмыссыздықпен күрес бүгінде мемлекет тарапынан қарқынды жүргізілуде. Ел саясатының негізгі ұстанымы да осы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Үкімет жұмыссыздық деңгейін азайтып, халықты қызметпен қамтуда түрлі шаралар қабылдауда.
Осы ретте «Шардара ауданы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен, аудандық мәдениет үйінде жұмыссыздарға, мүгедектігі бар адамдарға және пробация қызметі есебінде тұрған азаматтарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілді.
Жәрмеңкеде 11 жұмыс беруші мекемеден 64 бос жұмыс орны ұсынылып, 59 жұмыссыз азамат қатысты. Жәрмеңке нәтижесі бойынша 41 азамат жұмысқа орналасты. Оның ішінде 22 азамат (1 азамат пробация қызметі есебінде тұрады) тұрақты жұмысқа, 13 азамат қоғамдық жұмысқа, 5 жас маман жастар практикасына, 1 азамат күміс жас жобасы бойынша жұмысқа жолданды. Қалған 18 азаматтың 13-і «Бастау Бизнес» жобасына, 5 азамат қысқа мерзімді курсқа қатысуға ниет білдірді.
Жалпы жұмыссыздықпен күрес – ел дамуына үлес екені даусыз. Осыны жіті түсінген сала мамандары күнделікті өтініш білдірушілер мен жастарға екі қолға бір күрек тауып беруге тырысуда.