Өтініш айтылды және орындалды
Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов ауылдарға іс-сапары барысында Құсшы-ата елді мекенінің тұрғындарымен кездесу өткізген болатын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Әкімдердің халықпен кездесуі" туралы Жарлығы аясында өткен кездесу барысында тұрғындар тарапынан бірқатар мәселелер қозғалып, бақылауға алуға бойынша өтініштер айтылған.
Сондай өтініштердің бірі жол құрылысының жөндеу жұмыстары. Қазіргі таңда тұрғындар өтінішіне сәйкес елді мекенде «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында мердігерлер тарапынан орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Салаға жауапты мамандардың айтуынша жыл басынан бері қаладағы 12.7 шақырымды құрайтын 29 көшеге ағымдағы жөндеуден өткізу жұмыстары атқарылса, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 5,5 шақырымды құрайтын 10 көше орташа жөндеу жұмыстарынан өтті.
Еске сала кетейік,ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаевтың 2019 жылғы 27 ақпандағы «Nur Otan» партиясының XVIII съезінде сөйлеген сөзінде еліміздегі 7,5 миллион ауыл тұрғынының әл-ауқатын жақсарту мақсатында перспективалы ауылдарды іріктеп, сол ауылдарда әлеуметтік саланы дамытуды, тұрғын үйлер мен жолдар салып, коммуникациялар жүргізуді қарастыратын «Ауыл – Ел бесігі» жобасын іске асыруды тапсырған болатын. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2019 жылы 15 қазанда өткен жиналыста осы мәселе бойынша нақты жұмысты ұйымдастыру керектігін атап өткен болатын.
«Ауыл – Ел бесігі» жобасының басты мақсаты – ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту, ауылдарды тұрақты дамыту. Қазіргі таңда ауылдық жерлерде шешімін табуды талап ететін бірқатар мәселелер бар. Мәселен, еліміздегі ауылдардың жартысынан астамында көшелер, білім беру және денсаулық сақтау нысандары жөндеу жұмыстарын жүргізуді қажет етеді, инженерлік желілері тым тозған. Осы мақсатта бірінші кезекте қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалар мен «Ауыл – Ел бесігі» жобасы есебінен ауыл инфрақұрылымын жаңғырту жүргізілетін болады, сонымен бірге Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, «Бизнестің жол картасы - 2020», «Еңбек» және басқа да қолданыстағы бағдарлама шеңберінде кәсіпкерлікті қолдау жүзеге асырылады. Жоба шеңберінде 2025 жылға дейін елімізде 5,5 миллионнан астам адам тұратын 1,8 мың ауылдық елді мекен жаңғыртылатын болады.