Жетісайдың қауынына сұраныс жоғары
Биыл Жетісай ауданында 79,3 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Дегенмен Жетісай десе, ең әуелі тәттілігі тіл үйірер қауынның еске түсері сөзсіз. Мұндағы диқандардың басым бөлігі ерте көктемде қауын-қарбыз егіп, ішкі нарықты қамтамасыз етуде. Өнімдер одан өзге, Ресей, Польша, Беларусь мемлекеттеріне де экспортталуда.
Бұл Жетісай ауданына қарасы Қазыбек би ауылдық округі. Мұндағы тұрғындардың негізгі күнкөрісі диқаншылық. Бүгінде мұнда 1000-ға жуық шаруа қожалық бар. Олардың басым бөлігі мақта, бақша дақылдарын егеді.
"Округ бойынша 5215 гектар жерге мақта, 1434 гектарға бақша егілген. Оның ішінде 246 гектар кленка астындағы 60 гектар қарбыз бар. 434 гектарға көкөністер егілген. 646 гектар жүгеріміз бар. 22 гектардай күріш бар. Жалпы егілген дақылдар осы",- дейді Қазыбек би ауылдық округінің жер инспекторы Нұрболсын Оразбаев.
Жетісай ауданы бойынша 79 мыңнан астам егістік алқабына ауыл шаруашылық дақылы егілді. Оның басым бөлігіне алқапты мақта өнім берген. Қазыбек билік шаруалар қауынның қорабын 1700 теңгеден өткізеді. Өнімдер ішкі нарықты толықтай қамтамасыз етуге қауқарлы. Одан өзге, көршілес Ресей, Беларусь, Польша мемлекеттеріне экспортталып жатыр.
"Өзіміз диқанбыз. Құдай қаласа шілде айының бірінші несін бастап, қауын әкеліп тапсырып жатыр. Қауынның бір қорабын 1700 ден сатып жатырмыз. Күніне 1 фура жібереміз. Әр фурада 1400-1450 қораптан атқарамыз. Қырғызстанның жігіттері қабылдап жатыр. Біз соларға өткіземіз. Құдай қаласа биыл өнім жаман емес",- дейді диқан Набидолла Көлікбаев.
Жалпы аудан бойынша, 453 мың тонна бақша дақылдары жиналған. Одан өзге, 80 мың тоннаға жуық көкөніс өнім берген.