«Мес-ата» туристік кешені абаттандырылды
«Біз, қазақ халқы, ұлы тарихи тұлғалардың ізбасар ұрпағы екенімізді ешқашан ұмытпауымыз қажет. Ата-бабаларымыздың рухын туризмнің озық үлгілері арқылы дәріптеуіміз керек. Біз салалық мемлекеттік бағдарлама қабылдадық. Ол толыққанды жүзеге асатын болса, туризмнің Ішкі жалпы өнімдегі үлесі 8% жетеді. Сырттан келетін туристер саны 9 млн ал, ішкі туристер саны 8 млн адам болады. Ал туризм саласында жұмыспен қамтылғандар санын 650 мың адамға жеткізу керек". Осылай деген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев туризмді дамыту тетіктерін атап, сала мамандарына нақты тапсырма берген болатын.
Мемлекет басшысының тапсырмасы Түркістан облысында сәтті жүзеге асырылып келеді. Таяуда өңірдегі туристік орындардың қатары артты. Сауран ауданында,ы ел аузында "Мес-Ата" аталып кеткен киелі бұлаққа зиярат ету үшін барлық жағдай жасалуда. Аңызға айналған бұл жер Кеңес Одағы кезінде ұмыт қалған. Сол жылдары жан-жағы қоқысқа толып, қараусыз қалған. Енді жергілікті тұрғындар күш біріктіріп, осы жерге туристерді тартпақ ниетте екен.
Аңызға сенсек, осы өңірде ерлі зайыпты Құрышхан ата мен Шаш ана өмір сүріпті. Бірақ, балалары болмаған. Алладан жалбарынып сұрағанда, Шаша ана құрсақ көтереді. Бірақ, баланың орнына мес туылған екен. Кейін, ол мес жерге түскен сәтте бала шығыпты. Бірақ, ата-аналарына бұйырмаған. Тіпті, қырқына шыдап, қырық біріне шыдамады деген сөз де осыдан шықты деседі. Ал, сол местің туған жері бұлаққа айналған. Кеңес одағы кезінде бұл жерде Игілік колхозы құрылды. Бірақ, Мес-атаға халық ашық тағзым ете алмады. Тек енді ғана сол олқылықтың орны толғандай. Бүгін күш біріктірген жергілікті тұрғындар ас беріп, Құран оқытты. Тағы да сол аңызға сенсек, бұлақ суы ешқашан тартылмаған, тасымаған да. Оның үстіне, қыста да қатпайды екен.
Түркістан жерінде тағы бір киелі мекен. Мес-ата бұлағының құдыреті сонша, емдемейтін ауруы жоқ көрінеді. Ал жергілікті тұрғындар өздері көрген тылсым жайлы айтып тауыса алар емес. "Бұл жерде қанша халық бар еді. 100 үйден астам ел бар еді. Кешегі өлі заман дейміз ғой 90-ы жылдар қараусыз қалған болатын. Ал енді бұл жерде 30 шақты үй бар. Келешегі үлкен жер. Бұл жердің жері құнарлы, суы құнарлы. Мінекей басшылар күш жинап, мына жерді ретке келтіріп, абаттандырды",- дейді Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Өскенбай Құлатайұлы.
Бабай-Қорған ауылдық округіндегі бұл елді-мекеннің ресми атауы Игілік болса да, халық оны Мес-ата деп атайды. Ауыл тұрғындары бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, бұлаққа барар жол жасаған. Оған кеткен қаржы лезде жиналған көрінеді. "Мес-атаның көзін ашып, қалпына келтіруге тырыстық. Туристер келуге жағдай жасап, ашылу салтанаты болды. Енді келем деушілерге бүкіл уақытта жол ашық, мүмкіндік бар. Жол кіріп, тәу етіп, Құран оқып, суын ішіп қайтуына толық болады",- дейді түркістан қаласының құрметті азаматы Базарбай Әміров.
Жергілікті тұрғындар бұл киелі жердің туристік әлеуетін көтеру үшін әкімдікке жүгінген. Жергілікті атқарушы органдар да жобалық-сметалық құжат әзірлеп, сараптамаға жасапты. Оның үстіне, жоғары жылдамдықты мобильді ғаламтор желісі де жеткізілмек.
"Бабай-Қорған мен Игілік ауылдарының арасы 9 шақырым саналады. Осы 9 шақырым жерге осыдан екі ай бұрын аудан әкімі Ғани Рысбеков келіп, бірге барып халықпен кездесу жасағанда, жобалық-сметалық құжаты жасалып, жұмыс жүргізіліп жатыр.
Жергілікті тұрғындар наным сенім бойынша бұрындары құрсақ көтеруді аңсаған аналар осында жиі келгенін айтады. Енді инфрақұрылымы жөнге келсе олардың қатары артары анық дейді.