Ауылда ауызсу мәселесі шешілуде
Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығын іске асыру аясында Сарыағаш ауданының әкімі М.Отаршиев Жібек жолы ауылдық округі тұрғындарымен кездесіп, өзекті мәселелері мен ұсыныстарын тыңдады.
Аудан басшысы кездесу барысында алдымен Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттары туралы тоқталып, одан соң Сарыағаш ауданында атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады.
Жиын барысында тұрғындардың басым бөлігі жолға асфальт төсеу, ауыз су және табиғи газбен қамтамасыз ету, электр жарығы, мәдениет үйін салып беру, жер мәселесі туралы өтініштері мен пікірлерін айтты.
Өз кезегінде аудан басшысы тұрғындарға аудан аумағында инфрақұрылым деңгейін арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндап, ағымдағы жылы Жібек жолы ауылдық округіне қарасты Өркен, Әжібеков, Ынтымақ, Абай көшелерінің жол жамылғысына асфальт төселетінін жеткізді.
Сонымен қатар, Жібек жолы ауылдық округі, Жаңатұрмыс елді мекенінің ауыл биі Жүнісов Орынхан ауылға ауыз су берілгеніне өз ризашылығын білдіріп, алғыс білдірді. Жаңа тұрмыс елді мекенінің тұрғындары бүгінгі таңға дейін ауыз суды тасымалдау арқылы және құдық суынан пайдаланып келген. 2021 жылдан орталықтандырылған су құбыры тартылып, бүгінгі таңда мердігер мекеме «Корпорация Силур» ЖШС-і таза ауыз суды үйді-үйлеріне кіргізу жұмыстарын бастап кеткен. Мердігер мекеме бұл жұмыстарды мерзімінен бұрын бітіруді жоспарлап отыр.
Кездесуден кейін аудан басшысы ауылдық округ тұрғындарын жеке өтініштері бойынша да арнайы қабылдады. Қабылдауға келген ауыл тұрғындарының жайылым жер беру, дәрігерлік емхана салу, ағын су, жолаушыларды заңсыз тасымалдау мәселелері бойынша өтініштерін тыңдап, заң аясында жауап берді.
Аудан басшысы тұрғындарды қабылдау барысында, ауылдық округ әкімі мен тиісті мекеме басшыларына өтінішті назарға алып, заңға сәйкес оң шешуді тапсырды.