Сарыағашта 112 шақырым жол жөнделеді
Сарыағаш ауданының әкімі Мұхит Отаршиев Жібек жолы ауылдық округіне арнайы барып, «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасы аясында жүргізіліп жатқан 1,1 шақырымды құрайтын Өркен көшесіне асфальт төсеу жұмыстарының барысымен танысып қайтты.
Сонымен қатар, биылғы жылы Жібек жолы ауылдық округінде Әжібеков, Ынтымақ, Абай және Кемпіреков көшелеріне асфальт жамылғысын төсеу жұмыстары жүргізілуде. Қарқынды жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары тамыз айының соңына дейін толығымен пайдалануға берілуі жоспарлануда.
Нысан құрылысымен танысқан аудан басшысы құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер мекемеге және тиісті бөлім басшыларына мемлекет тарапынан бөлінген қаржының уақтылы игерілуін, әлеуметтік нысандарда жасалып жатқан жұмыстардың сапалы болуын және белгіленген уақытта халық игілігіне берілуін тапсырды.
Айта кетсек, ағымдағы жылы аудан бойынша жалпы 96 көшенің 112 шақырымы жөнделетін болса, оның ішінде 69 шақырымына асфальт төсеу жұмыстары, ал 43 шақырымына тас төсеу жұмыстары жүргізілетін болады. Атап айтқанда, «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасы аясында Қызылжар және Жібек жолы ауылдық округтерінде жалпы 16 көшенің 17,6 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ал облыстық бюджет есебінен 20 көшенің 11,8 шақырымына және жергілікті бюджет есебінен 60 көшенің 83 шақырымына орташа және ағымдағы жөндеу (тас төсеу) жұмыстары жүргізілуде.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде елді мекендердегі ішкі көшелердің жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі өткен жылмен салыстырғанда 7,3% артып, ағымдағы жылы 60,3% -ға артатын болады.